Мобильді аударымдар және салық. Өкіметтің дегені іске аса ма?

Қазақстандықтар қағаз ақша ұстаудан қалған. Бірақ 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ескі әдетке көшіп жатқандар бар.

"Кәсіпкерлік қызмет арқылы кіріс кіргізу белгілері байқалды" – осы тұжырымды желеу етіп, қазақстандықтарды салық органдарына шақыруы мүмкін. Азаматтарға бұдан былай салық органдарына телефон нөмірі арқылы кім қашан және не үшін ақша жібергенін, кірісін жасыру пиғылының болған-болмағанын түсіндіруге тура келеді. Мемлекетке мобильді аударымдарды бақылаудың не қажеті бар, үкімет ашықтығы деген ұғымның өзі нені білдіруі мүмкін?

"САЛЫҚ ҚОЛДЫ БОЛАТЫН БОЛСА, ОНЫ ТӨЛЕУДІҢ НЕ ҚАЖЕТІ БАР?!"

Мобильді аударымдарды бақылау – мемлекеттің салық түсімдерін арттыра отырып, бюджеттің жыртығын жабуға, ең болмаса жамауға талпынысы. Қазақстан үкіметі бірнеше жылдан бері бюджет тапшылығын сезініп келеді. Тек 2024 жылдың өзінде бюджет тапшылығы 3,5 триллион теңге көлемінде болады деген болжам бар. Бұл дегеніміз – елдегі ЖІӨ-нің 2,6 пайызы. Қаржы министрлігінің болжауынша, 2026 жылы бюджет тапшылығы 3,9 триллион теңге болуы мүмкін.

Қазақстандықтар үкімет жаңалығына аса қуана қоймады. Тауарлар мен қызмет ақысын мобильді аударымдар, QR-төлемдер мен Apple Pay арқылы төлеу тәжірибесі орныққан елімізде сатушылардың аяқасты қолма-қол ақша талап ете бастағандықбан ба, 2024 жыл біраз әуре-сарсаңмен басталды. Қазір қолма-қол ақша тұрмақ, банк картасын өзімен бірге алып жүретін қазақстандықтар кемде-кем.

Бірақ үкімет тек жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдарға ғана қатысты мәселе көтеріп отыр, өйткені сатушылар мен қызмет көрсетушілер кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірісін жасыруы мүмкін деп күдіктенеді.

Арман Бейсембаев.

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев "қоғамдық келісімшарттың" бұзылуы халықтың наразылығын тудырды деп есептейді. Айтуынша, билік "ештеңе көрмегендей сыңай танытып", халық "сізге ақша қайдан түсіп жатыр" деген сұрай қоймағандықтан, мемлекет пен халық арасындағы үнсіз келісім бүгінге дейін жалғасып келген.

– Салықты әділ үкіметке төлейді. Мемлекетке сенбейді. Біздің салығымыздың қайда кетіп жатқанын бәрі біліп отыр. Жол құрылысына ма? Әрине, жоқ, өтірік. Ол әлдебір шенеуніктің он үшінші көлігіне немесе кейбірінің ұлының Дубайдағы оқуына кетеді. Бәрі осыған наразы: ақыр соңында қолды болып жатса, мен не себепті салық төлеуім керек, өйткені мемлекет маған есеп беріп отырған жоқ. Мен адамдарды түсінемін, – дейді сарапшы.

"БӘРІБІР ҚАЛТАҒА САЛМАҚ ТҮСІРЕДІ"

Қазақстандықтардың мобильді аударымдары туралы деректер мемлекеттік кіріс комитетіне 2023 жылдан бері түсіп отыр, алайда салық қызметіне 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қана оларға тексеріс жүргізу құқы берілді. Бірақ үш ай қатарынан әртүрлі тұлғалардан жүз және одан көп аударым түскендерді ғана тексеретін болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Балаларға ақша аудару, декларация, 85 мың теңге жалақы. 2024 жылы қазақстандықтарды не күтіп тұр?

Сөйтіп, үш ай ішінде жеке банк картасына 300 ақшалай аударым түскен жандар ғана салық тексерісінен өтеді. Өз кезегінде тұлғаның кәсіпкер ретінде тіркелген-тіркелмегені, кірісі мен мүлкін көрсеткен-көрсетпегені камералық бақылау арқылы анықталуы тиіс.

Егер сіз қайырымдылыққа, кейде әріптесіңіздің туған күніне немесе әлдебіреуінің жерлеу рәсіміне ақша жинасаңыз, онда тіпті салық қызметіне шақырған жағдайда сіз тек кімнен не үшін ақша алғаныңыз жайлы түсініктеме ғана жазып берсеңіз, жетіп жатыр.

Семей тұрғыны, жеке кәсіпкер Сәния Әлімова қаңтар басталғалы-ақ өзгерісті сезгенін айтады.

– Мен 4-қаңтарда жұмысқа шығып, Kaspi Pay-ді (QR-код арқылы төлеуге болады. – Ред.) қостым. Kaspi Pay-де банк әр төлемнен 0,95 пайыз ұстайды. Ай сайын төлейтін 1950 теңге абоненттік төлемі қоса бар. Мен бағаны өзгертпедім, тауар қымбаттамады. Бірақ қазір адамдар былтырғы естігені бойынша қолма-қол ақша беріп жүр. Шамамен 20-30 пайыздайы жиі қолма-қол төлем жасайды. Маған да әрине қолма-қол алған жақсы, өйткені банк пайыз ұстайды, бәрібір қалтаға салмақ түсіреді, әйткенмен ақшасыз есеп айырысуға үйреніп те қалған едік, – дейді кәсіпкер.

Your browser doesn’t support HTML5

Кімнің мүлкі құпия? Жалпыға ортақ декларация жыры

Сәния Әлімованың дүңгіршегі тұрған базарда жаңалық көшіне әлі іліге алмағандар да бар: әлдебіреуі наурызға дейін күтуді ұйғарып, әзірге банк картасы арқылы төлем қабылдаса, енді біреулері төлемді тек қолма-қол ақша арқылы қабылдап жүр.

Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген бір кәсіпкер ай сайын салық қызметіндегілерге нақты бір пайданы көрсету үшін төлемнің бәрін түгел өткізбей жүргенін тілге тиек етті. Оған салық пен жалдау ақысын төлеудің қиынға соғып отыр, өйткені ол ай сайын 55 мың теңге салық төлейді, оған қоса, дүңгіршекті жалдау ақысы тағы бар.

– Азық-түлік пен дәрі-дәрмек қымбат, мемлекеттік емханаға бармаймыз, өйткені ондағы дәрігерге қаралу үшін бір апта күтуің керек, бір аптада адамның өліп те кетуі мүмкін, сондықтан тек жеке емханаға баруға тура келеді, ондай болса, маған бұл салықтың не керегі бар?! – дейді ашынған ер кісі.

"САЛЫҚТАН ЖАЛТАРА АЛМАЙСЫҢ"

Салық кеңесшілері кәсіпкерлер банк комиссиясы жоғары болғандықтан, төлемді QR немесе POS-терминалдар арқылы қабылдағысы келмейді деп түсіндіреді. Олар әр төлемнен 1 пайыздан 3 пайызға дейін ұстайды.

– Көптеген кәсіпкер кірісін салық айналымына қоспау үшін аталған аударымдарды теріс пайдаланатыны жасырын емес. Яғни аударым жеке картадан жеке картаға жасалынады, тұтынушыға ақшасының кассаға түсіп, тиісті салық төленетіні туралы ешкім кепілдік бермейді, – дейді Масатбаев. – Салық төлегісі келмегеннен бөлек, кәсіпкер POS-терминалды қолданған кезде қомақты үлес, яғни 3 пайызға дейінгі комиссия банкке түседі деп те қынжылатын болуы керек. Көптеген кәсіпкер мұндай көлемдегі сыйақы төлеуді әділетсіз деп санайды. Әзірге менен қолма-қол төлем жасауды талап етпеді, бұл ұсақ дүкендер мен барахолка базарына әсер етуі мүмкін.

Шымкент орталық базарында сүт өнімдерін сатып тұрған адамдар. Шымкент, 23 қазан 2021 жыл.

Салық бойынша кеңесші Дмитрий Казанцев қолма-қол төлемге көшіп, сол арқылы салық қызметінен кірісін жасыруды ұйғарған кәсіпкерлер қателеседі дейді.

– Ерте ме, кеш пе, қолма-қол ақша бәрібір әшкере болады, өйткені адамдар мұның кәсіпкерге, оның жұбайына берілетін декларацияға сәйкес келмейтінін түсінеді. Салық қызметі осы декларациялық есептің арқасында біздің қанша ақша жұмсағанымызды есептей алады. Барлығын қолма-қол сатып ала алмайсыз, бұл ақшаның бәрібір көрініп қалады, – деген сенімде ол.

Сарапшы банк комиссиясы кәсіпкердің қалтасына ауыр тиеді дегенге күмәнмен қарайды:

– Бәрі зейнетақының, жалақының, балабақшаның, мектептің талапқа сай болғанын қалайды, біз салықтан жалтарсақ, олар оған ақшаны қайдан алады? Бірақ адамдар салықтың қайда кететінін түсінбейді. Сенімнің жоқтығына кәсіпкерлер емес, мемлекет кінәлі, – дейді Казанцев.

– Салықтың керек жерге жетпейтіні – салық салу жүйесіне қатысты емес. Салықтың қалай жұмсалатыны – қоғамның бақылауындағы мәселе. Шағымданбай, мемлекеттен жауабын талап етуіміз керек, – деген қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев та оның пікірін құптайды.

Сарапшы салықтан ешкімнің жалтара алмайтынын айрықша атап өтті.

– Енді бұрынғыдай емес, салықтан жалтарғандар қатаң жазаланады, – деп ескертті ол. – Мемлекет бәрін мықтап қолға алып, әшкерелемекші, әсіресе қыңырлық танытқандарға төленбеген салық сомасының 200 пайызы көлемінде айыппұл салу сияқты қатаң жаза қолданады.

Сонымен қатар 2023 жылдың 31 желтоқсанында Қазақстанда шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеру мораторийінің мерзімі аяқталды, ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей табыс декларациясы күшіне енеді. Биылдан бастап барлық деңгейдегі кәсіпкерлер мен олардың отбасы декларация тапсыра бастайды.