Өкілеттігін беріп, жеке меншікті қорғау

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеу айтып отыр. Астана, 25 қаңтар 2017 жыл. (Видеодан скриншот.)

Нұрсұлтан Назарбаевтың президент, парламент пен үкімет арасында билікті қайта бөлу жайлы бастамасына қатысты батыс баспасөзіндегі комментарийлерден біршама пессимистік сарын байқалады.

ҚАЙТА БӨЛУ

Германиялық Deutsche Welle сайты "Қазақстан президенті Назарбаев өкілеттігінің кейбірін парламентке бермек" деген мақаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың конституцияға өзгерістер енгізу жобасы туралы қаңтардың 25-і жасаған үндеуіне назар аударған. Оның ұсынуынша, президент "стратегиялық, сыртқы саясат және ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады және билік тармақтарына "жоғарғы төреші" рөлін атқарады. Мысалы, парламентке экономикалық өкілеттіктер беру, сондай-ақ премьер-министрді тағайындар алдында оның кандидатурасын парламенттің мақұлдауы тәрізді жайттар қарастырылған.

Ұлыбританияның Financial Times газеті Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуіне қатысты комментарийінде Қазақстан президенті әлгі өзгерістерді шынымен "билікті қайта бөлу мен саяси жүйені демократияландыру" деп атаған. Бірақ сыншылар оны "негізінен сырт жағы ғана боялған" әрі "саяси институттарды оның мұрасын басқара алатындай дәрежеде күшейтуді" көздейтін қадам деп бағалайды.

Егер президент ықпалды аймақ басшылары – әкімдерді тағайындау өкілеттігінен бас тартып, қазір биліктің барлық тармағын ешқандай мықты оппозициясыз бақылауында ұстап отырған "Нұр Отан" партиясын таратса, соның өзі-ақ сенім туғызатын саяси өзгеріс нышаны болар еді делінген мақалада.

Бұған қоса бақылаушылар конституцияға енгізу ұсынылған өзгерістер ішіндегі "ең қызық бап - жеке меншікке қол сұқпаушылық туралы ереже" деп атаған. "Жоғары лауазымды шенеуніктер мен инвесторлардың көбі, сыншылардың пікірінше, 1990 жылдары ашық емес әрі коррупциялық қитұрқылықпен жекешелендіру арқылы алған мүліктердің иесі" деп жазады Financial Times.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің зиратына гүл қоюға бара жатыр. Самарқан, 12 қыркүйек 2016 жыл.

Америкалық Stratfor сараптама агенттігі сайтында жарияланған "Қазақстан: президент өкілеттігінің біразын беруге дайындалып жатыр" деген мақаласында "Назарбаев [парламент өкілеттігін] нығайту, елдегі билікті қайта бөлудегі теңгерімді қамтамасыз ету арқылы билік тепе-теңдігі үшін қатерге айналуы мүмкін мықты лидердің пайда болуына жол бермеуден, қазір көрші Өзбекстанда болып жатқан билікті берудің бейберекет процесін қайталамаудан үміттенеді" деп жазған.

Мақалада бұл өзгерістер экономикалық дағдарыс пен ел қауіпсіздігі саласындағы қауіп күшейген тұста болып жатқанына назар аударған. "Назарбаев парламентке экономикалық билікті беру арқылы оған әлсіз экономика үшін жауапкершілікті де қоса жүктеуге тырысуы мүмкін. Президент өкілеттіктері парламентке біртіндеп берілетін сыңайлы, мұны Назарбаевтың сыртқы және қорғаныс саясатын өз құзырында қалдырмақ ниеті растайды. Назарбаевтың көзі тірісінде әрі әзірше билікте отырғанда Қазақстандағы биліктің көбі оның қолында бола береді. Бірақ ол қызметінен кеткен кезде билікті өзге органдарға беру процесі тезірек әрі қарқындырақ жүруі мүмкін" деп жазады Stratfor.

АСТАНАДАҒЫ СИРИЯ КЕЛІССӨЗІ

Америкалық WBoc телеарнасы сайты жариялаған Associated Press агенттігінің "Сирия жөніндегі келіссөз жанжалдың өрбуіндегі өзгерістерді көрсетуі мүмкін" атты мақаласында Сириядағы алты жыл бойы жалғасып келе жатқан жанжалды реттеу бойынша Астанада нәтижесіз өткен келіссөзді сипаттаған: "Конференцияның оқ атуды тоқтатуға күш салатыны туралы уәдесі азамат соғысын тоқтатудың саяси шешімдеріне апаратын жол [қалыптастырар] деген үмітін оятты" делінген мақалада.

Келіссөз Сирия президенті Башар Асадтың жақтастары – Ресей мен Иранның және оппозицияны қолдайтын Түркияның арағайындығымен өтті. Шолушылар Дональд Трамп АҚШ президенті қызметіне кіріскеннен кейін іле-шала өткен келіссөз АҚШ тарапынан онша еленбегенін айтады. АҚШ атынан келіссөзге АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол ғана қатысқан.

Сириялық көтерілісшілер өкілі Яхия әл-Ариди журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 24 қаңтар 2017 жыл.

Eurasia Group сараптама ұйымының Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдері бойынша директоры Айхам Камел Астана келіссөзі Кремльдің саяси шешімнің бас архитекторы ретіндегі рөлін нығайтады, бірақ қысқа мерзімді серпін бола ма, жоқ па - ол жағы әлі белгісіз болып қалады деп санайды. Негізі, Путин Асад билігін құлатуды көздейтін кез-келген келіссөзге жол бермеуге барын салады. Бірақ Мәскеу билікті исламшыл емес оппозиция өкілдерінің қатысуымен бөліске салу келісіміне келуді талап ететін болады деп жазады WBoc.

Осы аптаның соңында Путин Сирия дағдарысын реттеуге қатысты келіссөз өткізуге жағдай жасағаны үшін Назарбаевқа алғыс білдірген. Ал Назарбаев бұл процесті реттеуге әлі де жан-жақты көмектесуге әзір екенін айтқан.

Сирия дағдарысын реттеу үшін БҰҰ өз келіссөздерін жүргізеді, БҰҰ форматындағы келіссөздер әдетте Женевада өтеді.