Үкімет Covid дертінен айыққандардың оңалту еміне көмектесе ме?

"Адал ниет Астана" медицина орталығындағы оңалту процедурасы.

Қазақстанда ресми статистика бойынша, қарашаға дейінгі уақытта 970 мыңнан аса адам Covid пен "коронавирус пневмониясынан" жазылып шықты. Дәрігерлер коронавирус кейбір адамдардың ағзасына ұзақ уақыт кері әсерін тигізетінін, Covid дертінен айыққандарға оңалту ем-домы жасалуы керегін айтады. Қазақстан үкіметі бұл дерттен жазылғандарға оңалту бағдарламасын жасағанымен, реабилитациядан тегін өтудің өз шарты бар.

Нұр-Сұлтан қаласының 41 жастағы тұрғыны Гүлжан Бұқарова былтыр шілдеде коронавирус пневмониясымен ауырып, өкпесі 90 пайыз қабынған. Жансақтау бөлімінде, жасанды тыныс алу аппаратында жатып шыққан тұрғын әлі күнге дейін коронавирустың зардабын тартып жүргенін айтады.

Гүлжан Бұқарова

– Коронавирустың әсері әлі де бар. Терлей беремін. Мұрным бітеліп қала береді. Ауруханадан шыққан соң екі ай ішесің деп дәрі-дәрумен жазып берді. Оларды былтыр ішіп болдым. Дәрілерді ішіп болған соң емханаға барғанмын. Ренгтенге түскім келді. Бірақ сақтандыруың жоқ деп мені қарамады. Қаралу үшін [мемлекеттік медсақтандыруға] айына 2 мың теңгеден астам ақшаны екі жылға төле деді. Ал менің ондай ақшам жоқ, – дейді ол.

Гүлжан Бұқарованың сөзінше, ауруханадан шыққан соң да, емханаға барғанда да коронавирустан кейінгі оңалту жайлы ешкім айтпаған.

Нұр-Сұлтанның және бір тұрғыны Әлия күйеуі екеуі былтыр жазда коронавируспен ауырып шыққан. Олар денсаулығын түзеу үшін өз бетінше ем-дом жасап, күтініп жүр. Әлеуметтік медициналық сақтандыруға табысының белгілі бір бөлігін аударып отырғанына қарамастан, оңалту шараларына өз қалтасынан ақша төлеген.

– Күйеуімнің өкпесі 47 пайыз қабынды. Үйде емделдік. Шілде айында [індет] қатты өршіп жатты ғой. Инфекционист дәрігер анализ нәтижелерін қарап, телефон арқылы ем жазып берді. Оңалтуды да солай өттік. Жазда Түркияға барып келдік. Қазір 2-3 ай сайын анализ тапсырып тұрамыз. Көп әдетіміз өзгерді, тамақтануға басқаша қарайтын болдық Дәрігерлермен ақылдаса отырып, оңалтудан өзіміз өттік. Қаражаттың бәрін өзіміз төледік, ешқайда барған жоқпыз. Мемлекетке емес, өзімізге сеніп үйренгенбіз, – дейді ол.

ОҢАЛТУДАН КІМДЕР ТЕГІН ӨТЕ АЛАДЫ?

Қазақстан үкіметі қабылдаған ережеге сай, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне ақша аударғандар ғана реабилитациядан өтуге мүмкіндігі бар. Бірақ коронавирустан айыққандардың барлығы оңалту шарасына өте алмайды. Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 7 қазандағы №116/2020 бұйрығына сай, Covid дертінен жазылғандардың ішінде мына адамдар ғана оңалтудан өтуге өтініш бере алады:

  • Коронавирус жұқтырғанда сатурация 95 пайызда төмен болғандар,
  • Өкпенің зақымдануы 50 пайыздан жоғары болған науқас,
  • Созылмалы аурулары бар әрі өкпе 25 пайыз қабынған науқас,
  • Борг шкаласы бойынша ентігуі нормадан жоғары болғандар,
  • Жансақтау бөліміне және қарқынды терапия бөліміне түскендер.

Ал бұл санатқа кірмейтіндер, яғни Covid дертін жеңіл өткендер оңалтудан өтемін десе өз қалтасынан қаржы шығаруы тиіс.

Covid-тен айыққандардың арасында кімге тегін оңалту емі қажет екенін реабилитолог дәрігер шешеді.

Қазақстанда оңалту үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең коронавирус жұқтырып, емделген сәттен басталады. Инфекциялық ауруханадан шыққан адам өзі тіркелген емханаға барып, дәрігерден реабилитологқа жолдама алады. Ал реабилитолог дәрігер анализдер тапсыртып, соның нәтижесіне қарай оңалту қажет я қажет емесін шешеді. Егер реабилитолог пациентке оңалту емі қажет деп шешсе, бұл шара, яғни оңалтудың екінші кезеңі өзіңіз тіркелген емхананың бақылауымен жүреді.

"Адал ниет Астана" медицина орталығындағы оңалту процедурасы.

Оңалтудың үшінші кезеңі амбулаторияда, күндізгі стационарда немесе санаторийде жалғасады. Қай пациентке оңалтудың үшінші кезеңі қажетін реабилитолог я мультидисциплинарлық топ шешеді. Егер олар пациент санаторийде емделуі керек деп тапса, шипажайға емделуге учаскелік дәрігер Емдеуге жатқызу бюросының порталы арқылы кезекке қояды.

Санаторийге барар алдында пациент коронавирус тестін тапсыруы тиіс. Тестен коронавирус табылса, оңалтудан өтуге мүмкіндік жоқ.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оңалту шарасы 14 күнге жалғасып, бағдарламаға тыныс алу гимнастикалары, прон–позиция, виброакустикалық массаж, физио ем-дом, психологияпен жұмыс кіреді.

Ақмола облысындағы Щучинск қаласының тұрғыны Антонина Павлованың 79 жастағы әкесі коронавирустан айыққан соң оңалтудан өткен. Павлованың сөзінше, әкесінің өкпесі 25 пайыз қабынған соң дәрігерлер оңалтудан өту керек деген.

– Маусымда қалада туристер көп болып, коронавирус ушығып кетті. Қала ауруханасында орын болмай, әкемді Көкшетауға апарды. Сол жақта Ақмола облыстық физиология және пульмонология орталығына жатқызды. Ауруханадан шыққан соң оңалтуға да сол жерге барды. Біріншісінде 10 күнге барған. Қазір тағы құжат дайындап жатырмыз. Дәрігерлер арасына 2-3 ай үзіліс жасап оңалтудың үш курсынан өту қажет деп айтты, – дейді Антонина Павлова.

Антонинаның әкесі оңалтуды медициналық сақтандыру қоры есебінен өткен. Зейнеткерлер мен балаларға міндетті әлеуметтік медсақтандыруға бюджеттен ақша салынады.

– Оңалту шарасы туралы көп адам білсе екен дейміз. Көбі оңалтудан өтуге болатынын білмейді екен. Тіпті тегін өтуге болатынына сенбейтіндер де бар, – дейді ол.

Коронавирустан соң өз қаржысына оңалтудан өткісі келетіндер орталықты я емхананы өзі іздестіруі тиіс. Себебі елде орталықтардың кейбірі оңалтуды тек МӘМС арқылы өткізеді.

- Пациенттер портал арқылы келеді. Олардың ақшасын МӘМС төлейді. Міндетті түрде емханаға тіркелген, мемлекеттік медсақтандыруы бар болуы керек. Орталықта сақтандыруы жоқ адамдарға ақылы негізде оңалту қызметі көрсетілмейді. Коронавирустан кейінгі оңалту жүргізетінімізге бір жылдай болды. Жыл басынан бері 200-ден астам адам коронавирустан кейін оңалтудан өтті. Диагнозын жазып, емханадан жібереді. Оңалту бағдарламасын әр адамға лайықтап, өзіміз жасаймыз. Орталықта ем-шара кабинеті, физиошаралар, санаторий-курорттық емге жататын процедуралардың бәрі бар. Тыныс алу гимнастикасын жасатамыз, - дейді "Адал ниет Астана" медицина орталығының реабилитолог дәрігері, физиотерапевт Ақмаржан Қамысбай.

ОҢАЛТУДАН ӨТКЕНДЕ НЕНІ ЕСКЕРУ КЕРЕК?

Невролог-реабилитолог Мейірбек Бердібек коронавирустан кейінгі асқыну әр адамда әртүрлі болатынын, оңалту бағдарламасы соған қарай жасалатынын айтады.

Невролог-реабилитолог Мейірбек Бердібек

- Коронавируспен ауыр түрде ауырып шыққандарда көбіне қорқыныш, үрей пайда болады. Оны посковидті синдром дейді. Кейбір кісілер өздері тыныс ала алмай, аппаратта жатады. Соған байланысты қорқыныш болады. Сондай-ақ өкпенің ауа сыйымдылығы азаяды да, адамдарда ауа жетпей, ентігу, демігу болып жатады. Пациенттер бірден қалпына келе қоймайды. Кейде бір-екі ай, кейде екі жылға дейін әртүрлі симптомдар сақталуы мүмкін, - дейді дәрігер.

Невролог-реабилитологтің сөзінше, коронавирустан кейін тромб эмболиясы жиі болады. Бұл жағдайда тромб өкпе артериясын жауып тастайды.

- Бұл өте қауіпті, кей адамдар өліп кетуі мүмкін. Бұл ұзақ оңалтуды қажет етеді. Қосымша ауруы бар адамдарды да ескерту керек. Қан қысымы, қант диабеті бар, қалқанша безі ауруы немесе онкологияға шалдыққан адамдарда коронавирус тіпті өте ауыр өтеді. Коронавиурсты орта немесе ауыр дәрежеде өткергендер оңалтуды міндетті түрде дәрігер бекітіп берген бағдарламамен өтуі керек, - дейді маман.

Мейірбек Бердібек әр пациентке реабилитациялық бағдарлама құрылуы тиіс деп санайды.

- Мысалы, өте ауыр түрде ауырып шыққандарға физикалық жаттығу жасауға болмайды. Бұл өкпенің одан сайын қабынуына алып келеді. Бұл жерде бағдарламаны реабилитолог қана емес, психолог, кардиолог, қосымша ауруына байланысты басқа дәрігерлермен бірге жасайды. Мұндай жағдайда өз бетімен оңалту шараларын жасау қауіпті. Коронавирус орта және ауыр түрде өтсе, реабилитация дәрігер кеңесімен жүргізілгені дұрыс, - дейді ол.

Дәрігердің сөзінше, жеңіл ауырып шыққан адамдарға тыныс алу жаттығуларын жасауға болады. Сондай-ақ таңертең және кешке серуендеп, физикалық жаттығу жасап, ақуыз бен көмірсуға бай тағамдар жеп, шар үрлегені жөн.

Ал Primary Health Care ұлттық қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының профессоры Төлебай Рақымбеков Қазақстанда коронавируспен ауырған адамдарды қалай оңалту керек екенін дәрігерлердің көбі білмейді дейді.

– Оңалтудың үш кезеңі бар. [Пациентті] мұның қайсына жіберетінін дәрігер өзі шешеді. Алайда денсаулық сақтау министрлігінің ақша бөліп, оңалтудан өткізетін дәрігерлерді, емханадағы отбасылық дәрігерлерді, мейірбикелерді үйретіп жатқаны шамалы. Оңалту – бөлек бағыт. Бізде ДЦП-дан, жарақаттан, инсульттан кейінгі оңалтуға маманданған дәрігерлер бар. Оның бәрі – қалыптасқан жүйе. Ал коронавирус жаңа шығып жатыр, мұның проблемасы – осы, – дейді ол.

Төлебай Рақымбеков коронавируспен ауырып шыққандар тым көп болғандықтан, денсаулық сақтау және әлеуметтік сақтандыру жүйесінің оңалтуға шамасы жетпейтінін, бұл дерттің салдарымен күресуге әр адам өз бетімен кірісуі керегін айтады.