Советтік Қазақстанда Азаттық еске салған Наурыз мерекесі

Наурыз мейрамы кезінде алтыбақан теуіп жүрген жастар. Қарағанды қаласы, 1988 жыл. Фото авторы - В. Петухов.

Сталин тұсында тыйым салынған Наурыз мерекесі Совет одағы ыдырар алдында жаппай тойлана бастады. Азаттық радиосының 55 жыл бұрынғы және 35 жыл бұрынғы хабарларында Наурызға қалай тыйым салынып, кейін қалай жанданғаны айтылады. Ұлыстың ұлы күні жайлы сол хабарларда назар аударатын тұстар бар. Бұл туралы Наурыз мерекесін зерттеуші Серік Ерғалимен әңгімелестік.

Your browser doesn’t support HTML5

Ұлыстың ұлы күні демократия лебімен жанданды

Азаттық радиосының Қазақ бөлімі әзірлеген Наурыз мерекесі туралы хабарлардың жазбаша нұсқасы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға өткізілген Хасен Оралтайдың жеке қорында сақталған. Олардың арасында 1969 жылы эфирден берілген хабардың жазбасы да бар.

НАУРЫЗДЫҢ АТЫН АТАМАЙ, "АМАЛ" ДЕП АМАЛДАҒАН

55 жыл бұрын Түркістан редакциясы құрамындағы Азаттық радиосының эфиріне арналып жазылған комментарий "Бүгін – Ұлыстың ұлы күні" деп аталады. Оны 1969 жылғы 21 наурызда Хасен Оралтай әзірлеп, оқыған екен. Аудионұсқасы әзірге табылмаған осы хабардың жазбаша нұсқасына үңілдік.

"Халқымыздың жыл басы болып саналатын "Ұлыстың ұлы күні" мерекесіне Сталиннің жеке басына табыну дәуірінде коммунистер жағынан тыйым салынды. Бұл жағдай Өзбекстан мен Әзербайжанда өзгергендігі бұл елдердің баспасөзінен аңғарылуда. Бірақ бұл жөнінде Қазақстан баспасөзінде ешқандай мәлімет берілмеуде. Керісінше, біздің елдегі коммунистік баспасөз органдарында Наурыз мерекесі кінәлануда. Әрине, бұл біздің еліміздегі отаршылдардың халқымызды түбегейлі ассимиляция ету саясатының барысы. Әйтпегенде, дүние жүзінің бүкіл мемлекеттерінің Негізгі заңында жазылғандай Совет одағының Негізгі заңының 24-тармағында әдет-ғұрып пен дінге еркіндік берілген" деген Азаттық радиосы осы хабарында.

Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Наурыз мейрамы" туралы жарлығы. "Социалистік Қазақстан" газеті, 15 наурыз, 1991 жыл.

Азаттық Совет одағы БҰҰ-ның адам құқықтары декларациясына қол қойғанына қарамастан діни наным-сенім бостандығына қарсы әрекет етіп отырғанын сынайды.

Бұл – өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғындағы ахуал. Совет одағында Никита Хрущев "жылымығынан" кейінгі Леонид Брежнев билігінің тұсы.

Ал советтік Қазақстанда Наурыз мейрамына 1926 жылдан бастап, "ескілік сарқыншағы" деген желеумен діни мерекелер қатарында тыйым салынған. Алайда Азаттық 1960-жылдары Өзбекстан мен Әзербайжанда Наурыз тойланып жатқанын айтады. Бұл кезде Қазақстандағы ахуал қандай еді? Бұл сұрақты Наурыз мерекесін зерттеуші Серік Ерғалиға қойдым.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мұсылман коммунистер. "Тұрар Түркі республикасын құрып тәуелсіздігін алуға дәс қалды..."

Оқи отырыңыз: Мұсылман коммунистер. "Тұрар Түркі республикасын құрып тәуелсіздігін алуға дәс қалды..."

– Наурыз мерекесі 1926 жылдан кейін ресми түрде атап өтілмеген. 1920 жылы Түркістан автономиясының халық комиссары болып тұрғанда Тұрар Рысқұловтың бұйрығымен "көктем мерекесі" ретінде тойланған. Бұл автономия Орталық Азияға қоса Қазақстанның оңтүстігін қамтығаны белгілі, – дейді Серік Ерғали.

Зерттеуші Наурызға тыйым салу туралы ресми құжат жоғын айтады. Ол тыйым салу шарасы астыртын жүргізілген болуы мүмкін деген ойға жетелейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Рысқұловтың бұйрығы мен Назарбаевтың жарлығы

– Соның бәріне қарамастан Қазақстанның оңтүстігі мен батысында Наурыз мерекесі тоқтаған емес. Батыста 14 наурыздан бастап, "Амал келді – жыл келді" деп Наурызды тойлайтын болған, – дейді Серік Ерғали.

Оның пайымдауынша, ел Наурыз мерекесінің атын атамай "Амал келді – жыл келді" деген сөзбен астарлап, Ұлыстың ұлы күнін атап өткен. "Орталықта Наурыз ұмытылғанымен, шалғай ауылдарда бұл мереке тоқтаған емес", – дейді Серік Ерғали.

– Бірақ сол кездегі идеология мұны мереке ретінде көрсетпеуге тырысты. Ал Әзербайжанда ашық тойлану себебі, онда ұлттық құндылықтар біздегідей науқаншылдықпен аяқасты етілген жоқ. Онда тіпті мемлекеттік тілінің өзі әзербайжан тілі болды ғой, – дейді Серік Ерғали Азаттыққа.

Совет көсемі Владимир Лениннің ескерткіші тұрған орталық алаңдағы Наурыз мерекесі. Байқоңыр, Қызылорда облысы, 25 наурыз, 2006 жыл.

ӘДЕТ-ҒҰРЫПҚА ҚАРСЫ НАУҚАН

"Совет одағы БҰҰ ережесіне опасыздық етуде" деген 1969 жылғы 21 наурыздағы Азаттық эфиріне әзірленген мақала былай жалғасқан.

"Коммунистік отаршылдардың өктемдігі астындағы бүкіл халықтарға, сондай-ақ біздің Түркістан халқына өз ұлттық әдет-ғұрыптарына және дініне құрмет еркіндігі берілмеуде. Олар біздің елде отаршылдық орнатқаннан бері халқымыздың ұлттық әдет-ғұрпына, дініне қарсы науқан жүргізілуде. Олардың негізсіз науқандары әлі де қызу ұласуда. Мұндай науқан Қазақстанда шығатын баспасөзде де кездеседі", – делінген Азаттық хабарында.

Бұл тұста Азаттық радиосы "Қазақстан коммунисі" журналында жарияланған "Жастар арасындағы атеистік тәрбие" деген мақаладан мынандай дәйексөз келтірген:

"Жастар арасында әлі де болса қарт ата-ананың жетегімен дінге сенетіндер де, аракідік діни салт-сананы қолданып жүргендер де кездеседі. Сырттай қарағанда Совет үкіметі тұсында туып-өскен кейінгі жастардың санасы діни сенімдерден таза болуға тиісті. Бірақ кейбір жастар Айт, Наурыз секілді ескі діни мейрамдарды халықтың ұлттық дәстүрі деп теріс түсінеді. Мысалы, комсомол мүшесі – студенттің өзі: "Мен құдайға сенбеймін. Бірақ діни мейрамдар маған қатты ұнайды. Егер ата-анамызбен бірге ондай мерекелерде сауық-сайран құрсақ, көңіл көтерсек, оның не сөкеттігі бар. Басқа халықтар да ондай мейрамдарды өткізіп жатыр ғой" дейді кейіс білдіре".

35 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ОҚИҒА. ДІННЕН АЛАСТАТЫЛҒАН НАУРЫЗ

Азаттық радиосы осы хабардан 20 жыл өткен соң Наурыз мерекесі туралы мынандай шолу берген. 1989 жылғы 6 сәуірдегі эфирге әзірленген мақалаға үңіліп көрсек.

Азаттық радиосы эфирінен 1989 жылы берілген Наурыз мерекесі туралы дөңгелек үстел хабарының жазбаша нұсқасы. Хасен Оралтайдың жеке қорынан.

"Қазақстанда Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының белгіленбей келгендігіне 62 жыл өткеннен кейін, өткен жылдың наурызынан тартып қайтадан мерекелене бастады", – делінген бұл хабарда.

Оның қайта құру, жариялылық пен демократияны көздеген жаңа саясат аясында мүмкін болғаны айтылған комментариидің авторы – Талғат Көкбұлақ. Осы хабарда Азаттық радиосы кейінгі 10 жылдан астам уақыт ішінде жыл сайын Наурыз мерекесі туралы хабар таратып келе жатқаны айтылады.

"Жыл сайын 22 наурыз қарсаңындағы хабарларымызда Наурыз мейрамының бұрын қалай белгіленетіндігі және 1920 жылдардың екінші жартысынан тартып, оған салынған коммунистік тыйымның себептері жайында тоқталып, еш болмағанда бұл күнді сіздердің естеріңізге сала кетуді өз алдымызға міндет етіп қойған едік. Орта Азия аймағындағы және Қытайдың қол астындағы сонау Шығыс Түркістан өлкесіндегі, сонымен қатар Пәкістан, Ауғанстан, Иран, Ирак және Түркия секілді басқа кейбір мұсылман елдерінің де ұлттық мерекелеріне айналған Наурыз айты қазақ халқының да ұлттық мерекесіне айналып, ғасырлар бойы Ұлыстың ұлы күні ретінде белгіленіп келген-ді. Бұл мереке 1917 жылы іс жүзіне асырылған Октябрь төңкерісінен кейінгі бір декадаға таяу уақыттың ішінде бұрынғысынша белгіленіп отырса да, 1926 жылдан бастап Наурыздың мерекеленуіне тыйым салынды" делінген Азаттық хабарында.

Осы хабарда "Лениншіл жас", "Қазақ әдебиеті", "Социалистік Қазақстан" және "Қазақстан мұғалімі" газеттерінде 1988, 1989 жылдары жарияланған мақалалар да аталады.

"Қазақ совет баспасөзі қазіргі қайта құру мен жариялылық кезеңінің өмірге келуінен алдын, Наурыз мейрамы туралы ләм-мим демейтін-ді. Бұның солай болып келгендігін "Лениншіл жас" газетінің 22 наурыз күнгі санының бірінші бетінде басылып шыққан "Мереке айға созылады" деген мақалада бүкпесіз түрде мойындалған", – дейді Азаттық.

Бұдан әрі осы мақала авторы советтік Қазақстанда кейінгі жылдары Наурыз мерекесі қайта жаңғырып жатқанына тоқталған.

"Өткен жылғы Наурыз мерекесі тек Алматы қаласының бір-екі ауданында және басқа бірен-саран жерлерде ғана белгіленіп өтілген болса, биыл ол бүкіл Қазақстан бойынша құттықталып өтіле бастаған. Тіпті биылғы Наурыз мерекесі 22 наурыздан көкектің 23-іне дейін бір айға созылатын көрінеді", – дейді Азаттық радиосы 1989 жылғы 6 сәуір күнгі хабарында.

Наурыз Қазақстанға қалай оралды?

Азаттық радиосы осы хабарында Қазақстан баспасөзіндегі мақалаларға сүйене отырып, Наурыз діни сипатқа ие болмаса да, ондағы тілек-батаға орай ислам діні қағидаларымен астасып жатқан мереке екенін айтады. Алайда 62 жылдан кейін Наурыз ресми ортаға қайтып оралғанда Қазақстанда оны діннен бөліп, алалап көрсету басым екені баяндалады. Ал тыйым салатын кезде керісінше, Наурыздың діни сипатына мән берілген. Осындай қайшылық жайлы айта келе, Азаттық мақаласы былай жалғасқан:

"Егер ол расында да дінмен байланысты болмай, тек тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы болғанда, еңбекші қауымды былай да молырақ жұмыс істетуге жұмылдырып келген коммунистік әкімшіліктің оны шаруашылық жағынан мейлінше пайдаланып қалуға ұмтылмауы әсте мүмкін емес-ті. Сондықтан қазақтың Наурызын діннен аластауға, оны бейне бір шаруашылық, тұрмыстық мейрам ретінде көрсетуге ұрынбау керек", – деп аяқталады Азаттықтың Талғат Көкбұлақ әзірлеген хабары.

Наурыз мерекесі мен діннің арақатынасы қалай болған? Зерттеуші Серік Ерғали коммунистік билік ол екеуінің арасын алшақтатуға тырысты дейді.

– Наурыз мерекесін кейін діни мереке емес деп, күн мен түннің теңелумен байланыстыруға тырысты. Этнографиялық жағына баса мән берілді. Бұрын Наурыз кезінде иіс шығарып, оған әруақтар келеді деген түсінік болған. Яғни, тәңірілік болсын, ислам болсын, діннен аса алшақ кетпеген әрекеттің көрінісі. Алайда кейін Наурызды діннен алшақ етіп көрсетуге тырысқаны рас, – деді ол Азаттыққа.

НАУРЫЗҒА ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДА ДА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

Азаттық радиосы 1989 жылы Наурыз мерекесі қарсаңында Ұлыстың ұлы күні туралы дөңгелек үстел өткізген. Оған Нұркамал Пынар, Талғат Көкбұлақ, Хасен Оралтай және Мұқабай Енгін тәрізді радио қызметкерлері қатысып, Наурыз туралы деректерді бөліскен. Осы жиында Талғат Көкбұлақ Наурыз туралы алғашқы деректердің Зороастризм дінінің "Авеста" кітабында кездесетінін айтады.

"Наурыз" (жаңа күн) сөзінің парсы тілінен бастау алатынына меңзеген ол бұл мерекенің кейін шығыстың басқа да халықтарына таралғанын айтады. Ол парсы тіліндегі әдебиеттер мен ирандық зерттеуші Сеид Нәфисидің сөзіне сүйеніп, Наурыздың түріктер ортасына ғана емес, араб елдеріне де парсы-тәжік әдебиеті таралғанын атап өтеді.

Your browser doesn’t support HTML5

1989 жылы Наурыз қалай тойланды?

Хасен Оралтай болса, Наурыз мерекесі сияқты көктемде тойланатын рәсімдердің басқа халықтар арасында да барын еске салады. Ал Мұқабай Енгін түріктектес халықтардың бәрі де Наурызды мерекелейтінін, татарлар ортасында Наурыз "Нардуған" деп аталатынын айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Халықтық күнтізбені жаңғырту қажет пе?

Хасен Оралтай Наурыздың қазақ ортасында 12 жылдық мүшел есебі бойынша қалыптасқанына тоқталған. Ол – бала кезінде Шығыс Түркістанннан қоныс аударарда Наурыздың қалай тойланғанын көрген адам. Хасен Оралтайдың айтуынша, әрбір үй Наурыз кезіндегі ерекше ас – Наурыз көже әзірлейтін болған. "Қыста сойған соғымның Наурыз мерекесіне арналып сақталған сүр еті және жаңа сойылған малдың басы (көбіне сиыр) Наурыз күні қадірлі қариялардың алдына тартылушы еді, – дейді ол. – Бұл қариялар "малыңның басы өссін, ағың мол болсын" деген дәстүрлі батасын беруші еді". Бұған қоса Хасен Оралтай Наурыз мерекесі ислам дінінен бұрын пайда болуы мүмкін дейді.

"Өйткені бұл күні ислам дініне қатысты ешқандай ғибадат өтелмейді. Осымен қатар қазақтар арасында Наурыз мейрамының түп төркінінің иран-парсылардан келіп шыққандығы және солардан таралғандығы турасында әрқандай бір сезім, яки әсер байқалмайды", – дейді Хасен Оралтай.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Наурыз үнді-иран мифологиясынан басталған"

Азаттықтың осы дөңгелек үстелінде Наурыз мерекесінің Шығыс Түркістанда 1950-жылдардың басына дейін тойланғаны, кейін арада үзіліс болып, сексенінші жылдары қайта жанданғаны айтылады.

ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІН НАУРЫЗ ҮЛКЕН СЕРПІЛІС ӘКЕЛДІ

Аталған дөңгелек үстел басында Мұқабай Енгін совет билігі Наурызды атап өтуге тыйым салғаннан кейін болған жағдайға тоқталады.

"Бұл жерде назар аударарлық жайт, "Еңбекші қазақ" газеті және басқа да қазақ совет бұлақтары Наурыз мейрамы жөніндегі түсініктемелерін 1926 жылға дейін әкеліп тірейді де, онан кейін не болғаны туралы үн қатпайды", – дейді ол.

Наурыздағы бәйге. Алматы облысы Нарынқол ауданы, 1988 жыл. Қазақстан орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивіндегі фото.

Мұқабай Енгін совет өкіметі тұсында Қазақстанда өзге діни мейрамдармен бірге Наурыз мерекесіне де тыйым салынғанын, ол тыйым 1988 жылға дейін созылғанын айтқан. Ал 1988 жылғы 19-20 наурызда Алматы қаласы мен Ұзынағашта Наурыз мерекесі тойланғанын еске салады. Оны ұйымдастырғандар қатарында Алматы облысына қарасты Жамбыл, Балқаш және Күрті аудандық атқару комитеттері мен осы облыстың кәсіподақтар советі аталады.

"Алайда қазақ газеттері одан бұрын да Наурыз жайында аздап тоқталып, ол турасында қазақ ақындарының өлеңдерін жариялай бастаған-ды", – деген Мұқабай Енгін Қазақстанда ресми түрде рұқсат етілместен бұрын Наурызға жыр арнаған ақынның бірі ретінде Жарасқан Әбдірашевті атайды.

Ал Наурызды зерттеуші Серік Ерғали Ұлыстың ұлы күні 1988 жылы ресми ортаға қалай оралғанын еске алады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәуелсіздіктен соң биліктен шеттетілген Өзбекәлі Жәнібеков

– 1988 жылы Орталық комитет хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков этнограф Өмірзақ Тоқтасын бастатқан ғалымдарды тартып, Наурызды негіздейді. Сол кездегі советтік Қазақстан басшысы Геннадий Колбиннің рұқсатын алып, Наурыз мерекесін алғаш қазақтың көш-керуені түрінде шеру ғылып ұйымдастырған. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін адамдар қудаланып, қоғам қысымға ұшыраған тұста бұл әрекет үлкен серпіліс әкелді. Кейін, 1991 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен наурыздың 22-сі Наурыз мерекесі ретінде жарияланды, – дейді Серік Ерғали Азаттыққа.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Желтоқсан-1986. Совет билігі қанға бөктірген бейбіт шеру

Совет кезіндегі Наурыз, мерекеге тыйым салу мен оны ақтаудың сипаты, Ұлыстың ұлы күні қалай жанданып, қалай жаңғырғаны жөнінде Азаттық радиосының 1969 жылдан бергі кейбір хабарларына шол жасадық. Бұл туралы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодында кеңірек баяндадық.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бостандық радиосынан" – Совет Одағы құлағанға дейін