"Азат" қозғалысы. Сәбетқазы Ақатайдың Назарбаевқа сенуінің сыры неде?

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы бойынша қоғамдық тексеру жүргізуді және сотталған азаматтарды түрмеден босатуды талап етіп, Қазақ ССР жоғарғы кеңесі алдында пикетте тұрған белсенділер. Алматы, 1990-жылдар. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.

Қазақстандағы Алашордадан кейінгі ұлттық-демократиялық бағыттағы ірі саяси ұйым аталған "Азат" азаматтық қозғалысының негізін қалағандардың бірі Сәбетқазы Ақатай қозғалыстың ыдырауына да өзі себепші болды ма? Ол оппозицияда жүріп билікті неге қолдады? Азаттық радиосы қорындағы дауыстар және Ұлттық академиялық кітапханада сақтаулы тұрған Хасен Оралтайдың жеке қорындағы деректер неден хабар береді?

Your browser doesn’t support HTML5

Сәбетқазы Ақатай – Назарбаевқа сенімнің құрбаны

Биыл 11 қазанда қоғам қайраткері, тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы оппозициялық саясаткерлердің бірі, ғалым Сәбетқазы Ақатайдың туғанына 85 жыл толды. Ол 1990 жылы Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануына атсалысқан. Ұлтшыл-демократтық бағыттағы саясаткер Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін биліктегі Нұрсұлтан Назарбаев режимімен ымырашыл саясат ұстанды. Өзінің қоғамдық-саяси белсенділігін совет уақытында студент шағында Мәскеуде құрылған "Жас тұлпар" ұйымынан бастаған ол кейін "Азат" қозғалысын құрушылардың бірі болды. Биыл саясаткердің қайтыс болғанына 20 жыл толды.

Сәбетқазы Ақатайдың саяси қыры туралы шолуда Азаттық архивіндегі дауыстар, Ұлттық академиялық кітапханада сақтаулы тұрған Хасен Оралтайдың жеке қорындағы деректер және кейіннен туындаған сұрақтарға берілген комментарийлер пайдаланылды.

БІРІНШІ КЕЗДЕСУДЕН КЕЙІН

"Азат" азаматтық қозғалысы Қазақстан тәуелсіздігін жариялар қарсаңда, 1990 жылы жазда құрылды. Оның жеті тең төрағасы болды. Соның ішінде бұрынғы сыртқы істер министрі Михаил Есенәлиев, Алматы қалалық партия комитетінің бұрынғы хатшысы Марат Шорманов және ғалым Сәбетқазы Ақатай белсенділігімен көбірек көзге түсті.

"Азат" азаматтық қозғалысын ұйымдастырушылар. Бірінші қатарда сол жақтан екінші тұрған – Сәбетқазы Ақатай. Алматы, 1990 жыл. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.

Азаттық радиосы 1991 жылғы 26 ақпанда Сәбетқазы Ақатайдың Қазақ ССР президенті әрі республика компартиясының басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінен кейін саясаткерден сұхбат алған. Бұл – Сәбетқазы Ақатайдың президент Назарбаевпен алғашқы кездесуі болатын.

Қазақстан әлі тәуелсіздік алмаған, алайда әне-міне деген әртүрлі сөздер айтылып жатқан кез. Қоғамдық ұйымдар мен оппозиция билікті тәуелсіздік жариялауға үндеп жатқан елең-алаң күндер еді. Ақатай сол кездегі президент Назарбаевтан коммунист бейнесін көргенін айтады.

Ол Назарбаевпен кездесуінде өз талаптарын да білдірген.

Президент қабылдауынан шыққан Сәбетқазы Ақатайдың сөзіне қарағанда, бұл кездесу саясаткерге жақсы әсер қалдырған сияқты. Ол жиын бас-аяғы екі жарым сағатқа созылды дейді.

ЕКІНШІ КЕЗДЕСУДЕН СОҢ

Арада бір жылдан аса уақыт өткенде, 1992 жылдың мамырында Нұрсұлтан Назарбаев Сәбетқазы Ақатайды екінші рет қабылдаған. Бұл саясаткер мен президенттің тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы жүздесуі болатын. Және тура содан алты ай бұрын алғашқы жалпыхалықтық президент сайлауы өткен.

Азаттық радиосы кездесуден шыққан саясаткерді тағы да сөзге тартқан.

Азаттық радиосы Қазақ қызметінің директоры Хасен Оралтай (ортада тұр) Қазақстанға алғашқы сапары кезінде қоғам белсенділерімен бірге түскен сурет. Фотода Сәбетқазы Ақатай сол жақтан бірінші отыр. Алматы, 1991 жылғы маусым айы. Хасен Оралтайдың жеке қорындағы фото.

Сұхбатты Азаттық радиосының Қазақстандағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалин жүргізді. Ол президенттің оппозициялық қозғалыс жетекшісімен кездесуіне себеп болуы мүмкін мынадай детальді атап, соның мән-жайын Сәбетқазы Ақатайдан сұраған екен. Осы кездесудің алдында Семейде шығатын "Алашорда" газетінің үшінші санында саясаткердің бір мақаласы жарияланған. Сол мақала Назарбаевтың Сәбетқазы Ақатайды қабылдауына себеп болғаны айтылады.

– Бұл мақала Азаттық радиосы мен Қазақстан телерадиокомпаниясы бірігіп өткізген халықаралық конференцияда сөйлеген сөзімнен тұратын еді. Тек қосымшалар енгізгем. Мақаланың басы тәтті, аяғы қатқылдау болған. Президенттің қазіргі іс-әрекеті сөз болады. Президенттің билікке келгеніне алты ай толды. Осы уақытта президент ілкімді не тындырды, алдағы алты айдағы бағыт-бағдары қалай болады? Бұл сұрақ бәрімізді алаңдатады. Алты айда жүретін ізі, сөйлейтін сөзі, бағдары, саяси беті белгіленбеген президенттің болашағы не болады? Белгіленбесе, болашақта не істейді? Мақала осы сыңайда жазылған еді. Соны оқыған президент ертесінде мені шақырған екен. Неге шақырғанын сезіп, мен де дайындалып бардым. 21 сұрақпен бардым. Оның ішінде екеу-үшеуі ұсақ шаруалар болды да, қалғаны Қазақстанның қамы, қазақ ұлтының орны туралы болды. Президент маған деген ықтияттықпен, сый-сияпат көрсеткен сезіммен қабылдады. Бұл саяси партия өкілі ретінде мені іштей қанағаттандырып отырды. Қуанып отырдым, – деп суреттейді ол президентпен болған кездесу атмосферасын.

Сәбетқазы Ақатайдың Назарбаевпен екінші кездесуінен кейінгі сұхбатта Азаттық тілшісі оның кейінгі кездері президентті мақтауының себебін сұрайды. Оған саясаткер "мен оны қарызға мақтап жүрмін" деп жауап берген. Бұл туралы "Азаттық радиосына 70 жыл подкасының" 15 шілде күнгі "Оппозицияны бөлшектеу "қарызға мақтаудан" басталған" деп аталатын эпизодында кеңірек айтылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Билікті "қарызға мақтаған" алғашқы оппозиция қалай бөлшектенді?

Осы сұхбатында Сәбетқазы Ақатай президент сайлауына өздері кандидат ұсынбау себебін Назарбаевқа түсіндіргенін айтады.

"Азат" қозғалысының төрағасы мемлекет басшысымен екінші кездесуінен кейінгі Азаттыққа берген сұхбатында оны қолдау себебін де баяндаған. Оның сөзінше, "Назарбаевты сынап жүрген кезде оның өзіне зар болып қаламыз ба" деген қауіп болған.

КЕЗДЕСУГЕ ДЕЙІНГІ КЕЗЕҢ

Азаттық радиосының қорында оппозициялық саясаткер Сәбетқазы Ақатайдың бірнеше сұхбаты сақталған. Мәселен, 1991 жылғы 31 қаңтарда берген сұхбатында ол Назарбаевтың егемендік туралы айтып, бірақ әрекет етпей жатқанын сынайды. Бұл – әлі саясаткердің президент қабылдауында болмаған кезі.

Сұхбат тәуелсіздік, егемендік жайлы айтылғанымен Қазақстан әлі өз тәуелсіздігін ресми жарияламаған кезде алынған болатын. Алайда 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация ұлттық-демократиялық бағыттағы саяси күштерге дем бергендей болған еді. Қоғамда елдің дербестігі жайлы мәселелер жиі көтеріле бастаған.

Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның мәтіні. "Лениншіл жас" газеті, 30 қазан, 1990 жыл

"Азат" қозғалысының төрағасы Сәбетқазы Ақатай жастарды тәрбиелеуді өздерінің күрес жолы ретінде көрсетеді.

1990 жылдардың басында жастарды шетелге оқуға жіберуде де "Азат" азаматтық қозғалысы жиі аталатын. Осы ұйымның себеп болуымен Түркияда білім алғандар баршылық.

Сол кезде "Азат" белсенді жұмыс жасаған сияқты. Қазақстанның барлық дерлік аймағында кездесулер ұйымдастырып, бөлімшелерін ашты. Түрлі акциялар ұйымдастырды.

Азаттыққа берген осы сұхбатында Сәбетқазы Ақатай қозғалыстың ауқымы жайын да сөз қылған. Ол Қазақстанның барлық облыстарында бөлімшелерін ашқан қозғалыстың енді шет елдерде де өкілдіктері ашылуы мүмкін екенін айтады. Солардың қатарында Еуропа елдері мен Қытай аталады.

Қоғам қайраткері, ғалым Сәбетқазы Ақатай туралы кештен түсірілген видеодан скриншот

"Азат" қозғалысының төрағасы Сәбетқазы Ақатай сол кезде Орталық Азия аймағында көрініс берген саяси оқиғаларға да реакция білдіріп отырған. Мәселен, 1990 жылы жазда ұлтаралық қақтығыс болып, қан төгілген Ош оқиғасын реттеу үлкен түйткілге айналған. Жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған адам тұрып жатқан мекенін тастап босып кетуге мәжбүр болған.

Сол кезде Сәбетқазы Ақатай оқиғаға Мәскеудің араласқанына меңзеп, Ош оқиғасын сырттан таңылған қастық деп бағалады. Ол екі жаққа басу айтып, үндеу жариялады.

Сәбетқазы Ақатайдың "Азат" азаматтық қозғалысын құру кезіндегі мына бір әрекеті де назар аудартады. Журналист Марат Тоқашбаев 2021 жылғы 25 қазанда Азаттыққа берген сұхбатында Сәбетқазы Ақатайдың әуелде Тәуелсіздік аталатын партия құру жобасын әзірлегенімен, кейіннен оның "Азат" азаматтық қозғалысы болып шыққанын айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақтың арманын көрсеткен құжат". Егемендік декларациясы қалай қабылданды?

Көпшілік ортада Сәбетқазы Ақатайды ықыласпен қабылдағанымен, әріптестер, үзеңгілестері арасында оны сынайтындар да кездеседі. "Азат" қозғалысына іріткі салды, ыдыратты деп айыптайтындар да бар.

Сәбетқазы Ақатайдың өзі 1991 жылғы қазан айындағы жағдай туралы Азаттық радиосына қозғалыстың "партократиялық бағыттағы басшыларының бірі Мұхтар Шаханов пен Олжас Сүлейменовтің атын жамылып, Халық конгрессі партиясын құрмақ болып отыр" деген. Бұл партия "Азат" қозғалысының негізінде құрылмақ, "біз осыған қарсымыз" дейді Сәбетқазы Ақатай.

– Ішіміздегі партократиялық бағытта ойлайтын қазақ азаматтары іріткі салып отыр. Мен мұны қауіп көріп отырмын. Әлі де балаң ұлттық сана-сезім мен әлеуметтік сана үшін бұл үлкен соққы болмақ, – дейді ол.

"ДИКТАТУРАНЫ ЖАҚТАДЫ"

Осылай деген Сәбетқазы Ақатайды "Азат" қозғалысын өзі құрып, өзі оны ыдыратуға себепші болды деп сынайтындар да бар.

Советтік Қазақстанның диссиденті, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы, композитор Хасен Қожахмет. Алматы, қазан, 1992 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.

Бұл туралы бір кездері осы қозғалыста басшылық қызметте болған, "Желтоқсан" ұлттық-демократиялық партиясының жетекшісі Хасен Қожахмет кезінде газетке мақала жазғанын айтып, Азаттыққа тартына сөйледі.

Ол Сәбетқазы Ақатай диктатураны жақтады деп есептейді.

– Ол "Азатты" екіге бөліп, оппозицияшылар бір жақта қалды да, назарбаевшыларын ертіп Республикалық партия құрды. 1992 жылдың жазында "Азаттың" быт-шытын шығарып жіберді. Екіұдай мәнде сөйлейтін. "Назарбаевтың бірі ісі бар – қолында өлгің келеді, бір ісі бар – жолында өлгің келеді" дейтін. Оны Шыңғысханға, Ақсақ Темірге де теңеп жүрді. Мен осындай сөздер арқылы дұрыс басшының өзін бұзасың, қой деп айтқан едім, – дейді Хасен Қожахмет Азаттыққа.

"ЕҢБЕГІ ДАЛАҒА КЕТТІ"

Сәбетқазы Ақатайдың жақын серіктерінің бірі болған, журналист, белсенді Жұмаш Кенебай оның жас кезінде "Жас тұлпар" ұйымын құрғанын еске алып, кейінгі қозғалыс ішіндегі әрекеттерге де тоқталды.

Ол Сәбетқазы Ақатайдың президент Назарбаевқа сенгені жөнсіз болғанын айтады.

– Қозғалысты ыдыратып жіберген адамдардың атын айтқым келмей отыр... Көбі қайтыс болып кетті. Отбасыларымен араласып тұрамын. Сәбетқазы Ақатай Республикалық партияны құратын кезде олар бір-бірін аяқтан шалып, "Азаттың" тас-талқанын шығарды. Ағамыздың қайран еңбегі далаға кетті. Неге екенін білмеймін, ол Назарбаевқа сенді, – дейді Жұмаш Кенебай Азаттыққа.

Казактардың Ресей империясына қызмет еткеніне 400 толуына байланысты шара өткізуіне қарсы шыққан "Азат" қозғалысының мүшелері. Оң жақтан екінші – Жұмаш Кенебай. Орал қаласы, 1991 жылғы қыркүйек.

"БИЛІК ОНЫ МАЗАҚ ҚЫЛДЫ"

Сәбетқазы Ақатайдың серіктері мен сынаушылары "Азат" қозғалысының ішінен Республикалық партияның құрылуын әртүрлі бағалайды. Бұл шынымен үй ішінен үй тігу болды ма? Осы партия құрылғанда Сәбетқазы Ақатайдың орынбасары болған Серік Ерғали жағдайды былай түсіндірді. Оның сөзінше, сол кездегі заң бойынша қоғамдық ұйымдар парламент сайлауына қатыса алмаған, сол себепті саяси партия құру қажет болған. Серік Ерғали билік Республикалық партияны тіркемеу себебі анық айтпады дейді.

– Қозғалыспен жүріп, саясатпен араласа алмайтын болған соң, партия құру керек болды. Халық конгрессі партиясы мен Республикалық партия бір мезгілде құрылтай өткізді. Қозғалыстың кейбір мүшелері солай қарай ығысты. Қозғалыстың кейбір мүшелері оларды сол құрылтайға кіргізбей ығы-жығы жағдай болды. Соңынан билік Республикалық партияны тіркемей қойды. Билікпен келіспейтін ұлтшыл бағыттағы партия болған соң тіркемеген сияқты. Арада бір жыл өтті. Сәбең де шаршай бастады. Соңынан "Алаш" партиясын құрмақ болды. Билік оны тіркелмеген "Алаш" партиясы атынан сайлауға қатыстырып, үстіне шапан жауып мазақ қылды... Қалай болғанда да тәуелсіздік алар қарсаңдағы ағамыздың еңбегі зор болды. Қазақстанды жаяу аралап жүріп, сол кездегі бүкіл саяси күштерге дем берді. Ол кісі сол кезде Ганди сияқты еді. Қарапайым халық солай қабылдайтын. Мен оның "Алаш" партиясын құруын қолдамадым. Бір рет тарихта болған "Алаштың" атын жамылып керегі не деп айтқан едім. "Алашордадан" кейін Қазақстанның ХХ ғасырдағы тарихында із қалдырған осы "Азат" қозғалысы еді ғой, – дейді Серік Ерғали Азаттыққа.

"Қазақстандағы демократия". Карикатура Ұлттық академиялық кітапхандағы Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.

"АЗАТ" ҚОЗҒАЛЫСЫ ҮЛКЕН КҮШ БОЛДЫ"

"Азат" қозғалысына кейіннен қосылған адамдар да болған. Солардың бірі – Дос Көшім. Ол Азаттыққа өзінің Социал-демократиялық партияның төрағасы болып жүріп, "Азат" қозғалысына қалай келгенін әңгімелеп берді. Дос Көшім бұл қозғалыс құрылғаннан кейін оған төрағаның орынбасары болып келген.

– "Азат" қозғалысының жарғысын жазған Сәбетқазы Ақатай екен. Бұл өте ауқымды да күрделі жұмыс. Бірақ қозғалысты тіркеуден өткізерде мен оның кейбір тұстарын түзедім. Оның бәрі қозғалысты тіркеуден өткізу қамынан туындаған еді. Ақыры, үш ай жүгіріп жүріп қозғалысты тіркеуден өткіздік. Сәкең бір жыл бойы ел аралады. Ел "Азат" қозғалысы басшыларынан тек оны ғана жақсы танитын. Ол тоқтамаған үй жоқ, ол кездеспеген адам жоқ сияқты еді, – деп еске алады Дос Көшім.

Ол "Азат" қозғалысының ішінде билікпен қатынасқа орай екіұдай көзқарас болғанын жоққа шығармайды. Сайып келгенде, сөз тағы да Сәбетқазы Ақатайға тіреледі.

"Азат" тәуелсіз газетінің 1990 жылғы 1 қазандағы нөмірі.

Дос Көшімнің айтуынша, Назарбаевты қолдағаны үшін Ақатай біраз сынға қалған.

– Бірақ ол "Жаман атқа жабу жауып, құлынын ал" дегенді жиі айтатын. Біз коммунистік партияның басшысы Қазақстанды ешқашан да көгертпейді деген көзқараста болдық. "Азат" қозғалысы ішінен Республикалық партия құрылған соң Сәкең сәл-пәл бөлектене бастады. Бұл "Азат" қозғалысы арасындағы бөліністің бір себебі болды-ау деймін. Мен ол кісіні қатты сыйлаймын. Өйткені істі бірінші бастаған адамдарды, ешкім әлі бас көтере алмаған уақытта атқа мінген адамдарды жақсы көремін. Бірақ ол кісінің бір кемшілігі – билікпен ымырашыл болды. Республикалық партияны тіркете алмаған соң Көкшетауда "Алаш" партиясын құрмақ болды. Бұлар үлкен күш болды. "Алаш" деген университет те ашты. Бірақ партияны тіркете алмады, – дейді Дос Көшім Азаттыққа.

"АЗАТ" ҰСЫНҒАН ЕГЕМЕНДІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫ

Билік Сәбетқазы Ақатайдың бастамасымен құрылған партияларды тіркемесе де бұл әрекеттер Қазақстанның жаңа тарихындағы ерекше оқиғалар еді. Саясаттанушылар Ақатай бастаған әрекетті ұлттық-демократиялық бағыттағы қозғалыс ретінде бағалады. Бұл бағытта идеологиялық бағдары, әрекет ету формасы және әдіс-тәсілдері жағынан бірнеше топ болды. "Азат" азаматтық қозғалысы соның ішінде салиқалы ұлтшыл демократтар ретінде танылды.

Мамандығы – философ, 500-ге тарта ғылыми мақала мен монографияның авторы, профессор, ғылым докторы Сәбетқазы Ақатай дамудың ұлттық моделін жақтады.

"Азат" азаматтық қозғалысы әзірлеген "Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы декларациясы" жобасы "Азат" тәуелсіз газетінің 1990 жылғы 1 қазандағы нөмірінде жарияланған. Журналист Марат Тоқашбаевтың жеке архивіндегі сурет.

Ол басшылық еткен "Азат" қозғалысы 1990 жылғы 25 қазанда "Қазақ ССР-нің егемендігі туралы декларация" қабылданардан үш ай бұрын осы құжаттың балама нұсқасын ұсынды. Сол жылы "Горизонт" газетінің 21 шілдедегі санында "Егемендік декларациясының" жобасы жарияланды. Бұл жоба "Азат" газетінің алғашқы санына да шықты.

Сәбетқазы Ақатайдың негізгі ғылыми еңбегі "Қазақ халқының синкреттік дүниетанымы" деп аталады. Ол қайтыс болған соң бірнеше жыл өткенде ғылыми еңбектерінің жеті томдық жинағы жарық көрді.

Бұл қозғалыстың көп алдында жиі көрініп, жұртқа танылған акцияларының бірі – 1990 жылғы қыркүйектегі "Орал оқиғасы" болса, екіншісі 1991 жылы Мәскеудегі әйгілі "Тамыз оқиғасынан" кейін "Невада-Семей" қозғалысымен бірігіп өткізген, бір аптаға созылған Семей полигонына қарсы шеруі болды.

Орал оқиғаcы туралы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының 30 қыркүйектегі "Атаманның ақыры. Орал оқиғасы ұмытылды ма?" деп аталатын эпизодынан тыңдауға болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Белсенділерге жүгінген билік Орал оқиғасын тез ұмытты. Себебі неде?

"Азат" азаматтық қозғалысы Қазақстан тәуелсіздігі жолындағы мемлекеттік институттарды қалыптастырып, дамытуды, ұлттық-демократиялық мемлекет құруды және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына әділ баға беріп, жазықсыз жандарды жазалағандарды жауапқа тартуды ұсынды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ «Азат» қозғалысының орындалмаған мұраты

Бүгінгі подкаста Азаттық радиосының қоры мен Астанадағы ұлттық академиялық кітапханада сақтаулы тұрған Хасен Оралтайдың жеке қорындағы деректер және кейіннен алынған комментарийлер негізінде Сәбетқазы Ақатайдың саяси тұлғасы туралы шолу жасалды. Бұл мақалада қысқаша мазмұндалған тақырыпты подкаст нұсқасынан толығырақ тыңдай аласыз.

"Азаттық радиосына 70 жыл" аудиоподкасының барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.