Ресейден саяси баспана сұраушылар көп пе?

Ресейдің федералдық миграциялық қызметі. Мәскеу, 16 шілде 2013 жыл

АҚШ-тың бұрынғы құпия қызметкері Эдвард Сноуден Ресейден уақытша баспана сұрап, әуежайды паналап отыр. Азаттық Ресейден баспана алу процедурасын зерттеп көрді.
Баспана түрлері қандай?

Ресейде оның үш түрі бар: саяси баспана, босқындарға берілетін баспана және уақытша баспана. Саяси баспана мәселесіне тоқталсақ.

Ресейде баспана сұраудың ең сирек кездесетін түрі – саяси баспана мәртебесі президенттің бұйрығымен беріледі, оны берер алдында әртүрлі факторлар, соның ішінде Ресейдің саяси мүддесіне қатысты жағы ескеріледі. Бұл процесті үкіметтің арнайы қаулысы реттейді, «Босқындар туралы заң» оны реттей алмайды. Мұндай баспана «өз елінде қудалаудан қашқан немесе қудалау құрбандығы болу қаупі төнген, әлеуметтік-саяси көзқарасы, не сенімі үшін айыпталған, халықаралық қауымдастық пен халықаралық заң нормаларының демократиялық ұстанымдарына қайшы келмейтін әрекет жасаған азаматқа» беріледі.
Соңғы 5 жылда Ресейден 14 адам ғана саяси баспана сұраған.

Соңғы 5 жылда Ресейден 14 адам ғана саяси баспана сұраған екен, бірақ федералдық миграциялық қызметтің сайтында өтініштің мақұлданғаны туралы дерек жоқ. Саяси баспананың сирек берілетіні соншалық, ондай мәртебесі бар адамның қандай құқыққа ие болатыны анық емес.

Босқын мәртебесінің жайы қандай?

Босқын мәртебесін сұрайтындар салыстырмалы түрде көбірек кездеседі. Ондай мәртебе беру туралы шешімді Ресейдің босқындар туралы заңына сәйкес федералдық миграциялық қызмет қабылдайды. Ресейлік заң бойынша ондай мәртебені «ресейлік емес, өз елінен тыс өмір сүретін, нәсілі, діні, азаматтығы, ұлты мен әлдебір әлеуметтік топқа мүше болғаны үшін немесе саяси сенімі үшін қудаланған азамат» ала алады. Тәжірибе көрсеткендей, бұл процесс те сәтті бола бермейді, соңғы бес жылда өтініш білдіргендердің тек 7 пайызы ғана рұқсат алған.

Ресейде жүрген өзбек мигранты. Көрнекі сурет


Босқын мәртебесі үш жылға беріледі, бірақ әр жыл сайын тексеріледі. Босқындар жедел жәрдем көмегін алуға, уақытша баспанада тұруға, рұқсатсыз жұмыс істеуге құқылы және олардың балалары паналаған елден білім ала алады. Олар ресейлік азаматтарға тән құқықтардың бәріне ие, тек сайлауда дауыс бере алмайды. Олар мынадай құжат ұстап жүреді – http://www.fms.gov.ru/upload/iblock/udostov.pdf

Сонымен Сноуден қандай баспана сұрады?

Сноуден уақытша баспана сұрады. Бұл Еуропаның «гуманитарлық баспана» мәртебесімен бірдей. Яғни, баспана сұраушы босқын мәртебесіне толық лайық деуге келмейді, бірақ «гуманитарлық» себептерге байланысты өз еліне қайтарылмайды, солайша уақытша өзі таңдаған елді паналауға құқылы. Гуманитарлық себептердің түрі көп, мысалы: өз елінде адамгершілікке сай келмейтін әрекеттермен бетпе-бет келген адамның жағдайы, т.б.
2008 жылдан бастап 2013 жылдың наурыз айына дейін 8952 адам Ресейден уақытша баспана сұраған. 2007-2012 жыл аралығында 5728 адам уақытша баспанаға ие болған.

АҚШ-тың бұрынғы құпия қызметкері Эдвард Сноуден (ортада) Шереметьево әуежайында баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Мәскеу, 12 шілде 2013 жыл


Бұл мәртебені алған адам Ресей ішінде емін-еркін жүріп-тұрады, дегенмен, мекен-тұрағына қатысты аздаған шектеулер бар. Өтініш беруші баспана сұраған кезде көрсеткен аймақта тұруға тиіс. Сноуден Мәскеу федералдық миграциялық қызметіне өтініш бергендіктен, Мәскеуде тұруға мәжбүр. Уақытша баспана сұраушы Ресейде жұмыс істей алады, бұл Сноуден үшін жақсы жаңалық. Оның қорғаушысы Анатолий Кучерена (егер өз дәлеліне басқаларды сендіре алса) Сноуденнің жұмыс істеу үшін орыс тілін үйренуге ынталы екенін айтты. Ол негізгі мемлекеттік сақтандыруға да ие болар еді.

Уақытша баспана мәртебесі 1 жыл жарамды. Егер заң бұзушылық болмаса, өтініш иесі 1 ай бұрын мәртебесін создыру туралы өтініш бере алады.

Ресейден кімдер баспана сұрайды? Олардың мүмкіндігі қандай?

Ауғанстан, Сирия, Орталық Азия мен Грузияның азаматтары Ресейден баспана сұраушылардың басым бөлігін құрайды. 1997 мен 2007 жылдың шілдесі аралығында 25931 өтініш иесінің 8693-і (33 пайызы) босқын мәртебесін алған. 2001 мен 2007 жылдың шілдесі аралығында 5637 уақытша баспана сұраған адамның 2446-сының (43 пайызы) тілегі қанағаттандырылған. ФМҚ статистикасында саяси баспана алғандар туралы дерек жоқ.

Егер ФМҚ статистикасына сенсек, босқын мәртебесін алу қиындау сияқты. 2007 жылдан 2012 жылдың сәуіріне дейін баспана сұраған 12 500 азаматтың тек 961 ғана Ресейді паналаған. Бұл көрсеткіш 7 пайызды құрайды.

Сонымен Сноуден жиі сұралатын баспана түріне өтініш берді. Енді не болмақ?

Басында біраз түсінбеушіліктер болды. Алдымен ФМҚ шілденің 24-інде Сноуденнің уақытша баспана туралы өтінішін ресми түрде қарайтыны туралы құжат берді деді. Кейін оның жалған екені анықталды. Сол күні Сноуденмен сөйлескен соң адвокаты Анатолий Кучерена былай деді: «Федералды миграциялық қызмет маған бүгін Сноуденнің құжаттары қаралып жатқанын айтты. Олармен отырып талқылайтын бірнеше мәселе бар. Эдвард оны түсінеді, сондықтан баспанадан бас тартқан жоқ, тек процесс әжептәуір созылатын болды».

Эдвард Сноуденді қолдаушы германиялықтар оның плакатын көтеріп тұр. Берлин, 27 шілде 2013 жыл.


Сноуден уақытша баспана сұраған бетте құжат берілуге тиіс еді. Тәжірибе жүзінде, бастапқы процестің қаншаға созылатыны белгісіз. «Азаматтық көмек» комитетінің «Орталық Азиядағы саяси босқындарға көмек» бағдарламасының директоры Елена Рябининаның пікірі бойынша, Мәскеудегі ФМҚ бұндай куәлікті әдетте 2 аптада береді.


Осы құжатты қолына алған бетте Сноуден әуежайдан шыға алады ма?

Иә. Осы айдың басында АҚШ Сноуденнің төлқұжатын жарамсыз деп таныды, соған қарамастан ол Ресей Федерациясы аумағында заңды өмір сүре алады. Аталған құжат төлқұжаттың орнына жүреді. Оған босқындарға арналған арнайы тұрғын үй берілмейді, Ресейде ондай қарастырылмаған. «Уақытша баспана сұрайтындарға арналған орталық бар, бірақ онда тұратындардың саны шектеулі» дейді Рябинина.

Сноуден құжатты алған жағдайда не болады?

Мәскеудегі ФМҚ 3 айы бойы уақытша баспана беру мәселесін қарастырады. Рябининаның сөзіне сенсек, істің оң шешілгені жайлы ол алдағы 3 айда біле алады. Бірақ ол Сноуденнің жағдайына қатысты болжам жасай алмайтынын айтады. «Оның уақытша баспана алатын, алмайтынын болжауға тырыспаймын. Рұқсат берсе, 3 ай күткізбей-ақ, ерте айтуы да мүмкін» дейді ол.
Егер Сноуденге баспана берілмесе, ол шешімді сотқа беруге немесе ФМҚ-ға шағымдануға құқылы. Бұл үдеріс бір жылға созылуы мүмкін.

Ресей әуежайының транзиттік аймағында баспана сұрау жиі бола ма?

Мүлдем олай емес. Сноуденнің жағдайы бұл тұрғыда алғанда – тосын құбылыс. Баспана сұраушылардың көбі Ресейдің ішінде тұрып, өтініш береді. Яғни, олар алдымен Ресейге саяхаттауға арналған құжатымен немесе заңсыз жолмен өтіп алады.

Рябининаның айтуы бойынша, әдетте, транзиттік аймақта тұрып өтініш бергендердің жолы болмайды. Олардың өтініші елеусіз қалады, не қабылданбайды. Мысалы, бір ай бұрын Домодедово әуежайында болған өзбек азаматы босқын мәртебесін алса да, Ресейге ене алмады. «Оның құжаттары тіпті миграция қызметінен алынбаған, осының бәрі заң бұзушылық» дейді ол.

Сонымен Сноуденнің тағдыры қалай шешілуі мүмкін?

Айту қиын. Адвокаттың сөзінше, уақытша баспана беру әдетте, саясатқа қатыссыз, техникалық әрекет саналса да, Ресейде бәрін шешетін – саясат. Рябинина: «Бұл көпшілік көз тіккен жағдай болғандықтан, процесс барынша «заңды» жүреді. Ресейлік билік өкілдері оқиғаға қызығушылық танытып отыр, бірақ одан Сноуденнің ұтарын, не ұтыларын білмеймін. Мүмкін қателесетін шығармын, бірақ Сноуден әдейі немесе аңдаусызда, үлкен геосаяси ойында пешка рөлін ойнап отыр».

Том Балмфордтың мақаласын аударған – Динара Әлімжан