Полициядан қорлық көргенін айтушылар көбейді

Полицияның зорлығына қарсы шеру. Қазан, 15 наурыз 2012 жыл.

Татарстанның Қазан қаласында бір адам полицияның азаптауынан кейін көз жұмды. Сол оқиғадан соң ғана полицейлерден зәбір көргенін айтушылар көбейе бастады.

Қазан қаласындағы базарда жеміс-жидек сататын Альберт Загитов өзін полиция ұстап алып ұрып-соққанын, зорлайтындарын айтып қорқытқанын – тек біраз «айып» төлеген соң ғана босатқанын айтады.

Полицейлер Татарстан астанасында «ұрлық жасады» деген күдікпен ұсталған Әлия Садықованы да «зорлаймыз» деп қорқытып, жасамаған қылмысын мойындауын талап еткен.

Полицияның соққысынан ауруханаға түскен Станислав Ким соңынан іздеп келген екі полицейдің «шағым жазатын болсаң, тағы да жақсылық күтпе» деп доқ көрсеткенін айтты.

СЕРГЕЙ НАЗАРОВТЫҢ ӨЛІМІ

Жоғарыда сөз болған үш адам полицейлерден көрген жәбірлерін жуықта ғана, Қазан қаласында бір адамды азаптап өлтірген бес полицей тұтқындалған соң ғана айтты.

Полицейлерден жапа шеккен бірнеше адамның бастан кешкен азапты сәттерін

Шерушілердің ішкі істер министрлігі алдына қойып кеткен наразылық белгілері. Қазан, 15 наурыз 2012 жыл.

айтуына түрткі болған оқиға – 52 жастағы Сергей Назаровтың өлімі еді.

Наурыздың 9-ында «бұзақылық жасады» деген күдікпен қамалған Сергей Назаров тергеу кезінде тік ішегі жарылып, көп ұзамай ауруханада қайтыс болды. Ол өзін полицияның аяусыз сабап, шампан бөтелкесімен зорлағанын дәрігерлерге айтқан.

Бұл жанжалдан кейін Назаровқа қорлық көрсеткен мекеменің – Қазан қаласы Дальний ауданындағы полиция бөлімінің басшысы Сергей Ефремов бастаған тоғыз қызметкер жұмыстан шықты, олардың бесеуіне қылмыстық айыптар тағылды.

«БҰЛ – ПОЛИЦИЯҒА ҚАРСЫЛЫҚТЫҢ ӨСЕ ТҮСКЕНІ»

Адам құқын қорғаушы «Агора» тобының өкілі Павел Чиковтың айтуынша, Сергей Назаровтың өлімінен бері ұйымға «полициядан қорлық көрдік» деп сегіз адам шағымданып келген. Олардың екеуі Назаровтың қазасына қатысы бар полиция бекетін атаған.

– Ресейде бір жазылмаған заң бар: адам өлсе, әйтеуір біреу сотталуы керек.

Сергей Назаровтың өліміне байланысты тұтқындалған бұрынғы полицей Рамиль Ахмеджанов. Қазан, 15 наурыз 2012 жыл.

Екіншіден, бұл істің жанжалға үласуына Ресейдегі полицияның заңсыз ісінен хабардар азаматтық қоғамның жағдайды жіті бақылап отыруы себеп болды, – дейді Павел Чиков.

Құқық қорғаушылардың ойынша, бұл оқиғаның жұртшылыққа ерекше әсер етуі, биліктің тез шара қабылдауы – полицияның заңсыздығы мен бассыздығына деген қарсылықтың өсе түскені.

Бұл қарсылық 2009 жылы Мәскеу полициясының басшысы Денис Евсюков базарда оқ атып, екі адамды өлтіріп, жеті кісіні жаралаған соң тіпті анық байқалған.

МИНИСТРДІҢ «МОЙЫНДАУЫ»

Полицияның азаптауынан өлген Сергей Назаровтың қазасы ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Қазан қаласының тұрғындары Татарстан ішкі істер министрі Асгат Сафаровтың қызметінен кетуін талап етті.

Наурыздың 15-інде Татарстан ішкі істер министрлігі ғимаратының алдына ондаған адам жиналып, полиция қызметін кекету үшін шампан бөтелкесін алып шықты.

Сергей Назаровтың өліміне байланысты тұтқындалған бұрынғы полицей Ильшат Гарифуллин. Қазан, 15 наурыз 2012 жыл.

Олар «Сафаров кетсін», «Полицияның азаптауына жол жоқ» деген ұрандар айтты. Шараға қатысқан екі адам «полицияға тіл тигізді» деген айыппен ұсталды.

– Қызмет мүддесін сатып, антын бұзып, абыройына кір келтіргендердің ісі ішкі істер министрлігі мен оның барлық қызметкерлері үшін ұятты жағдай болды. Бәрінен бұрын мұндайға жол берген басшылық үшін масқара болды, – деп мәлімдеді бұл оқиға жайлы Ресейдің ішкі істер министрі Рашид Нұрғалиев.

Бірақ Татарстан ішкі істер министрі Асгат Сафаров тікелей бастығы Рашид Нұрғалиевтің сөгіс жариялағанына қарамастан өз орнында қалды.

– Мен бұл оқиғаға қатысты жауапкершіліктен бас тартып отырған жоқпын. Жауаптыларды жазалауға дайынмын, – деді Татарстанның ішкі істер министрі.

Бірақ құқық қорғаушылардың кейбірі «Ресейде полицияның заңсыздығы тоқтайды» дегенге сенбейді.

– Бұл оқиға ақпарат кеңістігіне жария болды, бірақ ерекше оқиға емес. Өкінішке қарай, ондай жағдай күнделікті өмірде толып жатыр. Әрине, адамдар полиция бекетінде үнемі өле бермейді, жарақаттанып қана шығады, – дейді адам құқын қорғаушы белсенді Игорь Шолохов.