Галереялар президент Рахмонға қалай картина «сатты»?

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.

Тәжікстан президентінің атынан өнер туындыларын сатып алушы ретінде танысқан суретші Петро Водкинс батыста көп галереялар миллиондаған долларды көргенде ар-ұятты ұмытатындығын әшкереледі.
Ресейде туған суретші Петро Водкинс «Армани жөргектері» сияқты жобаларының арқасында танылған. Бұл Джорджио Арманидің логотипі бар қара түсті бір жөргекке 30 долларын аямайтын сәнқой аналарды алдап түсіруді көздейтін жалған жарнамалық науқан болатын.

ЭМОМАЛИ РАХМОНҒА АРНАЛҒАН КАРТИНАЛАР

Бұл жолы өзін Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның жеке сатып алушысы ретінде таныстырған Педро Водкинстың назары 60 миллиард доллар айналымда жүрген әлемдік өнер нарығына ауған еді.

«Фомин»: Менің сатып алушым туралы аз-мұз әңгімелеуге рұқсат етіңіз. Ол – Тәжікстан президенті. Әлемде ондай жер барын білуші ме едіңіз?

Дилер: Иә.


Өзін «Петр Фомин» деп таныстырған Петро Водкинс «Менің клиентім Эмомали Рахмон өз қызына тарту ретінде Дэмиен Хёст, Андреас Гурски және Ай Вэйвэй сияқты суретшілердің үздік туындыларынан жинақталған жеке коллекцияны миллиондаған долларға сатып алуға әзір» деп үш айдан артық уақыт Лондонның әйгілі көркем галереяларымен келіссөздер жүргізген.

Cуретші Петро Водкинс.

Петро Водкинстің өкілі Димитрий Кайоте бұл жобаның мақсаты – өнер туындыларын саудалау ісінде мораль мен бизнестің өзара қаншалықты үйлесетінін зерттеу болғанын айтады. Ал ол үшін Орталық Азияның бай автократының есімін пайдалану – жоспардың бір бөлігі болыпты.

— Гүлнара Каримованың өзі де әні-міне танымал суретші болайын деп тұрғандықтан, Петро бұған Тәжікстанды ыңғайлы көрді. Бұл – жемқорлық жайлаған кедей ел, Рахмон – өте-мөте бай адам. Тәжікстанды білмейтін адам шындыққа бергісіз бұл аңызға сенеді, - дейді Димитрий Кайоте.

Петро Водкинс хабарласқан Waddington Custot, White Cube, Hamiltons және Blain Southern сияқты 10 галереяның бірнешеуінің дилерлері Тәжікстан немесе Эмомали Рахмон жайында білетіні тіпті шамалы әйтпесе мүлде білмейтін жандар боп көрінді.

Дилер: Бұл кісі елдің президенті ме, әлде сол елдегі мұнай компаниясының президенті ме?

«Фомин»: Ол – ел президенті.


ӨНЕРДІҢ ҚҰНЫ

Бірақ Sotheby's сияқты галереялары мен аукциондары Әзірбайжанның бірінші ханымы Мехрибан Әлиеваны, ресейлік және қазақстандық олигархтар сияқты өнерді бағалайтын бай-бағландарды құшақ жая қарсы алатын Лондон үшін өзін миллиондаған долларды өнерге жұмсауға бейіл танытқан бұрынғы советтік республика басшысының өкілі ретінде көрсету қазіргі кезде таңсық нәрсе емес.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (ортада) Хатлон облысында. Тәжікстан, 29 қыркүйек 2013 жыл.

Әрине, Тәжікстан – Ресей немесе Қазақстан емес. Орталық Азияда орналасқан бұл мемлекет – мұнай, минерал қоры жоқ өте кедей ел. Бірақ әлеуетті отбасы «жемқорлыққа белшесінен батқан» деген күдікке ілінген автократ Рахмонның жүздеген миллион долларға бағаланатын байлығы бар.

Жалған «кеңесші» бұл жолы Гурскийдің құны екі миллион долларлық «Кувейт сауда биржасы», француз-америкалық мүсінші Луиза Буржуаның 3 миллион 500 мың долларға бағаланған туындысы, Хест пен Ай Вэйвэйдің 775 мың доллар тұратын «Аяқ» деген картинасын «сатып» алу жөнінде келіссөздер жүргізген.

Галереялармен жүргізген келіссөздерінің көбін «Өнердің құны» деген 15 минуттық фильмі үшін жасырын жазып алған Петро Водкинс бұл мәмілелердің құпия болғаны барынша маңызды екенін бірнеше мәрте ескерткен.

ОФШОРЛАР

Сатушылардың барлығы дерлік Эмомали Рахмонға тікелей қатысы барын жасыру үшін түрлі компаниялар, холдингтер мен офшорлық есеп-шоттардың мүмкіндігін пайдалануды ұсынған.

«Фомин»: Әйтпесе клиентім өз елінде үлкен қиындыққа тап болады. Өйткені ол жақтың адамдары кедей тұрады. Айына 10 доллар табыс табатын олар президенттің балалары үшін бір миллион долларға өнер туындыларын сатып алып жатқанын жақтырта қоймас.

Дилер: Иә, түсінемін. Бізде бұрын да мұндай жағдайлар болған, сондықтан сізді жақсы түсінемін.


Қытай суретшісі, диссидент Ай Вэйвэй Пекиндегі студиясының алдында тұр. 22 мамыр 2013 жыл.

Адам құқығы саласында Эмомали Рахмонның нашар атқа ие болғаны Петро Водкинстің келіссөздеріне еш кесірін тигізбеген. Тіпті Қытай билігін демократия мен адам құқығы саласында ашық сынаған белгілі диссидент қытай суретшісі Ай Вэйвэйдің картинасын саудалағанда да мұндай «ұсақ-түйекке» ешкім мән бермеген.

Димитрий Кайотенің айтуынша, галереялардың көбі «біз суретшілердің мүддесін қорғауға құзырлымыз, сондықтан кей жағдайда суретшілер клиенттерінің кім екенін білмей-ақ қойса да болады» деп Петро Водкинсті сендіруге тырысқан. Суретшілердің өздері болса мұндай сауда жайында білетін жанға ұқсамайды.

Тек Waddington Custot галереясы ғана мәмілені құпия ұстау жайында сөз қозғала бастағанда келіссөзді үзіп тастаған. Басқа галереялар «Фоминмен» келіссөзді енді ғана бастағанбыз, ал Эмомали мен оның қойған шарттары уақыты келгенде тәптіштеп тексерілер еді» деп қазір ақталып жатыр.

Ал қыркүйектің 29-ы күні британдық Sunday Times газеті алғаш жариялаған, өзінің есімі аталған жайт туралы Эмомали Рахмон әзірше ешқандай пікір білдірген жоқ.

ӨНЕРДІҢ БАСҚА ҚЫРЫ

Бұл оқиға Ұлыбритания өнер әлемінде көп жанға төбеден ұрғандай әсер қалдырды.

Art Newspaper галереясына арнап әлемдік өнер нарығы туралы жазып жүрген лондондық журналист Джорджина Адамның айтуынша, өнер саласындағы қымбат мәмілелердің көпшілігінің «құпиялылық мәдениетіне» бой үйренгенімен, Петро Водкинстің жобасы «жалпы бұл процестің қаншалықты ашық өтпейтінін» көрсеткен.

Қымбат өнер туындыларын бұрынғы советтік елдердің жемқорлық былығына
Арт-дилерлер суретшінің туындысын оның өзінен де артық қадағалайды.
батқан басшыларына сатуды кейбір жандар Дженнифер Лопес пен Канье Уэстің Түркіменстан мен Қазақстан билеушілерінің алдына шығып, миллиондаған долларға ән шырқауымен теңейді.

Бірақ Димитрий Кайотенің пікірінше, өнер басқадай рөл атқаруы тиіс, ал Петро Водкинстің бұл жобасы миллиондаған ақшаны көргенде суретші беделін ойдан шығаруға галереялардың кетәрі еместігін көрсетіп берген.

— Бұл жағдай өнердің сиықсыз коммерциялық қырын көрсетеді. Арт-дилерлер суретшінің туындысын оның өзінен де артық қадағалайды. Ең сорақылығы – олар кез келген өнер туындысын, әсіресе Ай Вэйвэй сияқты суретшілердің картиналарын диктаторға да сатуға әзір, - дейді Димитрий Кайоте.

Дейзи Синделардың мақаласынан аударылды.