Қарашаның 29-ы күні Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хе көпшілік алдында осымен үшінші мәрте кешірім сұрап, парламентті өзінің отставкаға кету процедурасын бастап, қолайлы уақыт белгілеуге шақырды.
"Бәрін парламенттің еркіне тапсырдым. Болашағым да, [президенттік] мерзімімнің қысқаруы да парламенттің қолында. Билікшіл және оппозицияшыл партиялар [мемлекет басқаруындағы] тығырықтан қысылмай шығатын, тұрақтылықты шайқалтпайтын жол ұсынса, отставкаға кетемін" деді Пак.
Парламент президент өтініші бойынша, алдағы күндері ұлттық кеңес жиынын (парламент жиыны-ред.) өткізу уақытын белгілеп, биліктің ауысу процедурасын бекітуі тиіс.
2013 жылдан бері Оңтүстік Корея президенті болып келе жатқан 64 жастағы Пак Кын Хе жақын құрбысы Чхве Сун Силь мен өзінің екі көмекшісінің мемлекет басқару ісіне жөнсіз араласқаны баспасөзде жарияланған соң дауға қалды.
Қарашаның 20-ы күні Чхве Сун Силь, ал қазанның басында президенттің екі көмекшісі ұсталып, прокуратура оларға "билікті асыра пайдаланды", "мемлекеттік құпияны сақтамады", "алаяқтық, бопсалаумен айналысып, корпорациялар мен банктерден 65 миллион доллар заңсыз иемденді" деген айып тақты. Осы дауға қатысты Оңтүстік Кореяның ең ірі компанияларын (оның ішінде Samsung пен Lotte-лерде бар - ред.) тексеру басталды.
Сеул орталық аймағының прокуроры президенттік иммунитеті бар Пак Кын Хе қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын, бірақ коррупциялық жанжалға мемлекет басшысының қатыстылығы тексеріле беретінін мәлімдеген. Президенттің ресми өкілі Чон Юн Ку: "Прокуратураның мәлімдемесі – өтірік. Бар болғаны қиял мен ойдан шығарылған болжам. Шынайы жағдайлар назарға алынбаған" деген болатын.
Жергілікті басылымдарда президенттің "жеке бақсысы" аталып кеткен құрбысы Чхве Сун Cильдің мемлекет басқару ісіне араласып, құпия құжаттарды иемденіп, мемлекет басшысының баяндама мәтіндерін өзгертіп, саяси мәселелерде ықпалын жүргізіп келгені жарияланған соң елдің ірі қалаларында жүздеген мың наразы адам жаппай шеруге шығып, Пак Кын Хенің отставкаға кетуін талап етті. Оппозиция Пакқа импичмент жариялауды бастауға шақырса, президент жақтастары абыроймен кету туралы кеңес берді.
Your browser doesn’t support HTML5
Қарашаның 8-і күні халықтан екінші мәрте кешірім сұраған президент Пак Кын Хе қазанның 2-сі күні өзі тағайындаған премьер-министрдің орнына парламент ұсынған адамды қызметке қоюға мақұл екенін айтты. Президент бұл қадамын "елдегі саяси дағдарысты реттеудің жолы" деп түсіндірді. Ал оппозиция президент қоғам назарын құрбысына қатысты даудан үкіметтегі ауыс-түйіске аудармақ деп қабылдады.
Оңтүстік Кореяның 11-президенті, ел тарихындағы тұңғыш әйел басшысы Пак Кын Хе құрбысына қатысты дауға алғаш қалған кезде қазанның 25-і күні "мемлекет басқару ісінде жіберген кейбір ағаттығы үшін" көпшіліктен кешірім сұраған еді.
Пак Кын Хенің президенттік қызмет өкілеттілігінің аяқталуына екі жылдан астам уақыт бар. Қазан айында ол ел конституциясын өзгертіп, президент қызметін екі мерзімге ұзарту туралы бастама көтерген болатын. Оңтүстік Кореяның қазіргі заңы бойынша, президент бес жылға, бір мерзімге ғана сайланады.