Атасы Иракта қалған немересін іздейді

Ирактағы немересін қайтара алмай жүрген Мухаммадрахим Шоев.

Алты адамнан тұратын тәжік отбасы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының құрамында соғысу үшін Иракқа кетіп қалған. Бүкіл әулеттен тек бір бала ғана соғыстан аман қалыпты. Елде қалған ата-әжесі он жастағы немересін елге қайтара алмай әлек.

Олар Тәжікстаннан Иракқа алты адам болып кеткен еді. «Ислам мемлекеті» террорлық тобының қатарына қосылған соң бесеуі қаза тауып, тек бір қыз ғана аман қалған.

Азаттықтың Тәжік қызметіне сұхбат берген Душанбенің шетінде тұратын Мұхаммедрахым Шоев: «Ұлымның отбасынан тірі қалған - он жастағы Мәриям ғана», - дейді.

Оның ұлы Жамолоддин шетелден аз уақытқа келіп, Ғайратободтағы үйінде алты ай болып, әйелі мен бала-шағасын алып кеткен. Мұхаммедрахым содан қайтып ұлын көрмепті. Айтуынша, ұлы он жыл бұрын білім алған жері - Египетке қайта барамын деп кеткен.

Қария 37 жастағы ұлы мен оның отбасының Иракта қандай жағдайда қаза болғанынан бейхабар.

ИРАКТАҒЫ ЖЕТІМ ҚЫЗ

Мұхаммедрахым осыдан үш ай бұрын «Мосул қаласына жасалған шабуыл кезінде Жамолоддин мен оның бала-шағасы мерт болып, тек он жастағы қыз тірі қалды» деген хабар алады. «Енді немеремді Ирактан елге алдыртқым келеді», - дейді ол.

Өткен жылы Мосул қаласы «Ислам мемлекетінің» бақылауынан қайтарылған соң Ресей телеарнасы орысша сөйлейтін балаларға арналған уақытша баспанада тұрып жатқан Мариям Шоеваны көрсетеді. RT телеарнасы баспанада жатқан төрт тәжік баласын көрсетеді. Сонда орысша әзер сөйлеген Мәриям ата-анасының әуе шабуылынан қаза болғанын айтып берген. Сол сәті ауылдағы бұрынғы көршісі қызды теледидардан көріп қалады.

Ресейде тұрып жатқан тәжіктің мигрант жұмысшысы Азаттық радиосына хабарласып, қыздың Душанбедегі туыстарының мекен-жайын береді.

Тағы бір видеода Мәриям Тәжікстандағы туыстарынан өзіне хабарласуды сұрайды. Бұл видеоны кімнің түсіргені, оны Интернетке кімнің жариялағаны белгісіз.

ВИДЕО: Мәриям туыстарын іздейді.

Немересінің тірі екенін естіген Мұхаммедрахым қызды үйіне жеткізуді сұрап, Тәжікстан үкіметіне өтініш айтады. Басшылықтың айтуынша, бұл шаруа біршама уақыт алуы мүмкін. Тәжікстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі 22 ақпанда «Біз Ирактағы тәжік әйелдері мен балаларын елге алдыру үшін Қазақстанның Астана қаласындағы Ирак елшілігімен жұмыс істеп жатырмыз», - деген ақпар берді.

Үкіметтің есебі бойынша 2014 жылдан бері «Ислам мемлекеті» тобына қосыламыз деп Ирак пен Сирияға кеткендердің арасында мыңға жуық Тәжікстан азаматы, соның ішінде 200 бала бар. Олардың біразы соғыс кезінде қаза тапқан.

Тәжікстан үкіметі «Ислам мемлекеті» ұйымдастырған қырғынға қатыспаған, өз еркімен елге оралған азаматтарына амнистия жариялаған. Содан бері ондаған адам елге оралып, жұмыстары мен оқуларын жалғастырып, қалыпты өмір сүріп кетті.

ОРАЛАТЫН ҰЗАҚ ЖОЛ

Тәжікстан басшылығының айтуынша, қасында ересек туыстары, құжаттары жоқ балаларды елге қайтару - өте күрделі де ұзақ жұмыс. Бұл үшін олардың жеке бастарын анықтап, уақытша құжаттар жасап, оларды Ирак елшілігіне өткізу қажет. Содан кейін ғана оларға Бағдаттан келетін ұшаққа билет алуға болады. Мұхаммедрахым Шоев сияқты туыстары баланың жеке басын және оның отбасылық байланыстарын дәлелдеу үшін құжаттар мен фотоларды көрсетуі керек. Содан соң ғана олар баланың қамқоршысы атана алады.

Қазір Мұхаммедрахым Шоев тиісті құжаттар мен фотоларды құзырлы органдарға жіберіп, олардан жауап күтіп отыр.

Оның ұлы Жамолоддин Египеттің әл-Азхар университетінде оқу мақсатында 2004 жылы Тәжікстаннан кеткен екен.

- Ол Египетке ресми рұқсат қағазбен, заңды негізде кетті. Менде барлық құжаттары сақталған, - деген Мұхаммедрахым мөр басылып, қатталған бір бума құжатты көрсетті.

Мұхаммедрахым Шоев Таяу Шығысқа аттанған ұлының құжаттары мен суреттерін көрсетіп отыр.

Құжаттардың арасында Жамолоддинның 2004 жылы әл-Азхар университетінің дайындық курсына қабылданғанын растайтын хат бар. Оның үстіне ол Тәжікстанның Каирдағы елшілігінде тіркеуге тұрып, оны 2012 жылға дейін ұзартып келіпті.

Жамолоддин Тәжікстанға жиі келіп-кетіп жүрген. Бір келгенінде үйленіп, төрт бала сүйеді. Атасы Мәриямның, оның екі сіңлісі мен інісінің суреттерін көрсетті.

- Соңғы рет ол маған 2017 жылғы тамызда хабарласты. Одан кейін еш хабар болмады, - дейді ол.

Тәжікстан Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Ирак пен Сириядағы «Ислам мемлекетінің» құрамына кірді деген күдіктілер арасында Жамолоддин Шоевтың есімі жоқ. Мұхаммедрахымның айтуынша, Тәжікстан басшылығы ұлы мен оның бала-шағасының түгелге жуық қаза тапқанын растаған.

- Қауіпсіздік қызметі [Мәриямнан өзге] отбасы мүшелерінің түгелдей қаза тапқанын айтты, - дейді ол.

Министрлік Мәриям Шоеваның қашан елге оралатыны жайында нақты ештеңе айтпады.

Атасы немересінің оралатынына сенеді. «Ислам мемлекеті» ұйымының қатарына қосыламыз деп Ирак пен Сирияға кетіп, мерт болған я із-түзсіз жоғалған тәжіктердің жетім қалған балаларының туыс-туғандары да жақсылықтан үміт күтіп отыр.

(Мақала ағылшын тілінен аударылды.)