Қазақ бапкер түрік спортшыларын олимпиадаға апарғысы келеді

Жаттықтырушы Артур Сұлтанғалиевтің (сол жақтан санағанда төртінші тұр) Түркия шорт-трекшілерімен жаттығу жиынында түскен суреті. (Фотография бапкердің жеке мұрағатынан алынды)

28 жастағы қазақ бапкері Артур Сұлтанғалиев қазір Түркия шорт-трек құрамасын жаттықтырады. Оның басты мақсаты – түрік спортшыларын қысқы олимпиадаға қатыстыру.

Алматыда өткен қысқы универсиадаға Түркия құрамасын Артур Сұлтанғалиев алып келді. Батысқазақстандық спортшы 2009-2013 жылдары Қазақстан шорт-трек құрамасы мүшесі болған. 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы сапында 5000 метрлік эстафетада қола жүлде алған. 2011 жылы Пекиндегі Азия кубогында 500 метрге жүгіруден үшінші нәтиже көрсеткен. Ол 2014 жылы спорттық карьерасын аяқтап, бапкерлік жолға түседі.

- 2014 жылғы Қазақстан құрамасы сапында Сочи олимпиадасына жолдама алғанмын. Олимпиадаға бір ай қалған сәтте жаттығу жасап жүріп тіземді жарақаттап алдым. Жарақаттан соң спортқа қайта оралу өте қиын болды. Кейін жаттықтырушы боламын деп шештім. Басында Қазақстанда балаларды жаттықтырып жүрдім. 2014 жылдың соңында Түркия шорт-трек федерациясына «құраманы жаттықтырсам» деп хат жазып жібердім. Біраз уақыттан соң шақырту жіберді. Екі жарым жыл болды - Түркия шорт-трек құрамасының бас бапкерімін, – дейді Артур Сұлтанғалиев Азаттық тілшісіне.

«ТҮРКИЯ ҚҰРАМАСЫНДА ЛЕГИОНЕР ЖОҚ»

Артур Сұлтанғалиев бастаған Түркия шорт-трек құрамасы Ерзурум қаласында жаттығады. Дәл осы қалада 2011 жылы қысқы универсиада өткен. Қазақ бапкердің айтуынша, Түркия олимпиада комитеті мен үкіметі шорт-трекке жағдай жасаған. Жаттығатын мұз айдыны, фитнесс залдары бар.

Түркия шорт-трек құрамасының бас бапкері Артур Сұлтанғалиев.

- Түркия шорт-тректен қысқы олимпиадаға қатысқысы келеді. Себебі бұл спорттан түрік спортшылары олимпиадаға мүлде бармаған. Түркия 2009 жылы арнайы сегіз жылдық бағдарлама қабылдаған. Ол бағдарламаның басты мақсаты – 2018 жылғы олимпиадаға шорт-тректен жолдама алу. Маған дейін Түркия шорт-трек құрамасын Қытай және Болгария мамандары жаттықтырған. Бірақ нәтиже болмаған сияқты. Қазір сол бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатырмыз, – дейді ол.

Түркияда шорт-трекпен тек ерлер айналысады. Биыл Туринде (Италия) өткен Еуропа чемпионатында Түркия ерлер құрамасы 5000 метрлік эстафетада үздік ондыққа енген. Ал биылғы әлем кубогының қорытындысы бойынша Түркия жалпы есепте былтырғымен салыстырғанда екі саты жоғарылап, 14-орынға көтерілген. Қазір Түркия құрамасында 22 жастағы Ерен Мендерес пен 19 жастағы Фират Ярдимжи көшбасшы саналады.

- Сәл де болса нәтижеде өсу бар. Құрама мүшелері жас. Барлығы – Түркияның өз спортшылары, легионерлер жоқ. Жаз бойы Ерзурумда 2018 жылғы қысқы маусымға дайындаламыз. Себебі 2017 жылғы желтоқсанынан бастап олимпиадаға іріктеу басталады. Олимпиадаға жолдама алу үшін әр қашықтықта спортшыларымыз үздік отыздыққа енуі тиіс. Түркия коньки спорты федерациясымен келісім-шартым 2018 жылдың ортасына дейін белгіленген. Егер олимпиадаға жолдама алып жатсақ, келісім-шартты ұзартады, – дейді Сұлтанғалиев.

Артур Сұлтанғалиев жаттықтыратын Түркия шорт-трек құрамасы наурыздың 10-ы мен 12-сі аралығында Роттердамда (Голландия) өтетін әлем чемпионатына қатысады. Бұл жарысқа Қазақстан құрамасы да барады.