Ердоған "жемқорлық дағдарысына" ұшырады ма?

Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған. Анкара, 18 желтоқсан 2013 жыл.

Бұл жолы Ердоған үкіметінің беделіне жемқорлық туралы іс дақ түсірді. Түркия премьері істі қозғаған полицияны «үкіметке қарсы әрекет етіп отыр» деп айыптады.
Бұл оқиға Түркия полициясының Иранмен арадағы алтын саудасындағы алаяқтықты тексеруінен басталып отыр. Бұл іс Ердоған үкіметін тағы бір саяси дағдарысқа ұрындыруы мүмкін.

«МЕМЛЕКЕТ ІШІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТ»

Жемқорлық ісінде Түркия министрлер кабинетінің үш мүшесінің балаларына, 80-ге тарта бизнесмен мен шенеунікке «пара алды», «заңсыз ақша жасады» деген айыптар тағылған.

Ердоғанның айтуынша, «бұл істі бастағандар үкіметті аяқтан шалып, мемлекет ішінде мемлекет құруды көздейді».

Үкімет басшысы ешкімнің атын атап, түсін түстемегенімен, жұртшылық оның АҚШ-та тұратын ықпалды діни қайраткер Фетхуллах Гүленнің жақтастарын тұспалдап тұрғанын түсінді.

Стамбулда шығатын Hurriyet Daily News басылымының саяси сарапшысы Барвин Инанчтың айтуынша, «Ердоғанның «гүленшілерге» шүйлігуі бір бұл емес. Қазірдің өзінде Гүленнің жақтастары сот пен полиция органдарында ықпалды орындарды сақтап, өз дегендерін жүргізіп отыр».

- Премьер-министр немесе министрлер «банда», «жапсарлас билік», «мемлекет ішіндегі мемлекет» деген сөздерді қолданғанда олардың кімді меңзеп тұрғаны түсінікті. Себебі үкімет басшысы мен оның қарамағындағылар астыртын билік туралы айтып келе жатқалы біраз болды, - дейді ол.

Жемқорлыққа қатысты істе тергеушілер Ердоғанға жақын министрлерге айып таққан.

«АЯҚКИІМ ҚОРАПТАРЫНДАҒЫ МИЛЛИОНДАР»

Тергеушілер күдіктілердің үй-жайларын тінтіп, істің жай-жапсары ақпарат құралдарына тарап кетті. Басылымдар «мемлекет қарамағындағы Halkbank басшысының үйінен аяқкиім қораптарына жасырылған 4 миллион 500 мың доллар, ал тағы бір үкімет мүшесінің ұлының үйінен бума-бума ақша мен ақша санайтын құрал табылғанын» жарыса жазды.

Ирандық кәсіпкер Реза Зарраб. Стамбул, 17 желтоқсан 2013 жыл.

Ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, Ираннан сатып алынған мұнай мен газ үшін Түркия төлеген ақша алтынға айырбасталып, Дубай арқылы Иранға жеткізіліп отырған.

Күмәнді қаржы операцияларына Түркия үкіметінің нақты қай мүшесінің қатысты бар екені беймәлім. Бұл іске Иран үкіметінің өкілдері араласты ма, жоқ па - ол жағы да белгісіз. Әзірге анығы – түркиялық әйгілі әншіге үйленген ирандық Реза Зарраб атты кәсіпкер бұл істегі бас күдікті болып танылған, оның екі елде де тамыр-таныстары көп.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДАУ

Иранға салынған халықаралық санкцияға қарамастан, Түркия «мұнай мен газ ел экономикасына қажет» деген желеумен Ираннан көмірсутегі шикізатын сатып алып келеді.

Иранмен доллар не еуромен сауда жасауға тыйым салынғандықтар, Түркия лирамен есеп айырысады. Ақпарат құралдарының дерегіне қарағанда, ирандықтар Halkbank-тегі есеп-шоттарда жатқан сол лираға Түркиядан алтын сатып алып, арнайы курьерлер миллиондаған доллардың алтынын қол сөмкеге салып Дубайға тасып келген. Ол жерде әлгі алтын шетелдік валютаға сатылған немесе Иранға жөнелтілген.

Бұл дау тек Түркия мен Иранның төңірегінде қалып қоймайтыны анық. Себебі, АҚШ Түркияның алтын саудасы арқылы Иранды қаржылай қолдауына қарсылық танытып келген. Ядролық бағдарламасының кесірінен халықаралық санкцияларға ұшыраған Иран әлемдік банк жүйесінен оқшауланып, қаржылық мүмкіндіктері шектелген еді. Астыртын алтын саудасы АҚШ-тың Иранға бағалы металл сатуға тыйым салған санкциясын да бұзады.

Өршіп кеткен бұл дауға жауап ретінде үкімет полиция мекемелерінің алты басшысын, соның ішінде Стамбул полициясы басшысы Хусейн Чапкынды қызметінен алып тастады.

Бұған қоса Ердоған бұл істі тергеуге қатысатын екі прокурорды өзі тағайындайтынын айтты. Ал ақпарат құралдары «осы әрекеті арқылы Ердоған бұл істі жауып тастауы мүмкін» деген болжам жасады.

«ГҮЛЕНШІЛЕР» МЕН ЕРДОҒАННЫҢ АРАСЫ

Жемқорлық ісі Ердоған үкіметін ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр, себебі ол басқаратын «Әділет және даму» партиясы 2003 жылы «жемқорлықтан таза қол» деген ұранмен халық көңілінен шығып, билікке келген. Бұл үлкен дау партияның беделіне нұқсан келтіреді. Оның үстіне аймақтық басшылар мен президент сайлауы да таяп келеді.

Барвин Инанчтың айтуынша, бұл жанжалдан діни-консервативтік «Әділет және даму» партиясының билікке келуіне көмектескен Гүлен жақтастары мен Ердоған арасына жік түскені байқалады.

- Бұл екі тарап та зайырлы әскери және сот жүйесін жақтайтын кемалистерге қарсы бірлесе күрескен. Енді олар басқару әдісіне келіспей, өзара таласып жатыр. Іс жүзінде бұл – билік бөлінісі үшін талас, яки, олар белгілі бір істе шешуші сөзді кім айтады деген мәселені шеше алмай жатыр, - дейді.

Фетхуллах Гүлен мен Тайып Ердоғанның одақтас кезі.

Фетхуллах Гүлен жақтастары да, Ердоған командасы да исламға негізделген бизнесті дамытуға мүдделі. Ердоған өзі басқаратын саяси партияға сүйенсе, «гүленшілер» ғалымның еңбектеріне сүйенеді. Олар өздерін дара қауымдастық санайды.

Гүленнің кейбір көзқарастары Ердоғанның қазіргі саясатына кереғар. Гүлен еврейлер және христиандармен дінаралық диалог орнатуды жақтайды. Бір кездері жақсы болған Израиль-Түркия қатынастары Ердоған билікке келгелі нашарлап кетті.

Ердоған үкіметі ел ішіндегі оқушылар мен талапкерлерді емтиханға дайындалу орталықтарын жабуға әрекет жасады. «Гүленшілер» бұл орталықтарды жаңа жақтастар тарту және қаржылай пайда табу мақсатында пайдаланатыны белгілі.

Гүлен 1999 жылы АҚШ-қа ем алуға кетіп, содан қайтып оралмады. Сол кездері «Гүлен елдегі өз жақтастарын үгіттеп, Түркияда ислам мемлекетін орнатуға күш салуы мүмкін» деген сөз көбейіп кеткен еді.

АВТОРИТАРЛЫҚ БИЛІККЕ НАРАЗЫЛЫҚ

Жемқорлыққа қатысты іс пен «гүленшілер» арасындағы бәсеке – биыл Ердоған үкіметін тығырыққа тіреген көп проблеманың бірі. Лондондағы Экономика және саясат мектебінің Түркия жөніндегі сарапшысы Джеймс Кер-Линдсейдің айтуынша, «бұрын Ердоғанды «зайырлылар» сынап келсе, енді оның өз айналасындағы «исламшылдар» оны авторитарлық билік жүргізу стилі үшін сынап шыққан».

- Биылдың өзінде Түркияның түкпір-түкпірінде оның билігіне қатер төндіретін әрекеттер көп болды. Мамырдың соңында басталып, маусым айына дейін жалғасқан «зайырлылар» шеруі автократиялық, исламшыл тенденцияға ойысып бара жатқан Ердоған саясатына қарсылық болғаны айқын. Ал қазір біз діни тұрғыдағы тайталасты көріп отырмыз. Енді исламға көбірек арқа сүйейтіндер бас көтеріп, Ердоғанның бағытын сынап жатыр, - дейді ол.

Осы аптада қозғалған жемқорлыққа қатысты істің «билікті асыра пайдалану әрекеті» деп аталуы да Ердоғанның өктем басқару стилін меңзеп тұрғандай. Ердоғанның қарсы шабуылға көшуі оның осыған дейін жүргізіп келген басқару стратегиясынан таймайтынын білдіреді. Оның «төңкеріс жасауға тырысты» деп айыпталған генералдарды түрмеге қаматып, әскерилерді саясаттан тықсырып шығарғаны белгілі.

Осы стратегия тағы да сәтті жүзеге аса ма, әлде жемқорлық ісі тым ауқымды болғандықтан, оны «тыныштандыру» қиын бола ма – бұл іс алдағы күндері Түркияны толғандыратын басты мәселеге айналмақ. Бұл сұрақтарға жауапты келесі жылы болатын сайлауда түріктердің өздері береді.

Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.