Печенье пісіретін Фашистон есімді қатыгез билеуші АҚШ-тың туы түстес киім киген. Гнуланд деп аталатын жауыз әйел шошқа басты украиналық басқаратын бетперде киген ер адамдарға тәтті таратады. Ал жақсы киінген, түрі тартымды адамды Папа деп атайды, ол Ресей президенті Владимир Путинге қатты ұқсайды.
«СЫПАЙЫ КІШКЕНТАЙ АДАМДАР»
Ресейшіл сепаратистер ақпанның 17-сі күні көпшілікке таныстырған балалар журналында осындай ойдан шығарылған хикая бар. Журнал «Сыпайы кішкентай адамдар» деп аталады, ол Украинаның шығысындағы Луганскіде жарық көрді.
Сепаратистер басқаратын Луганск ақпарат орталығы мен басқа жергілікті жаңалықтар сайтының хабарлауынша, журналдың бас редакторы Сергей Колесников «басылым жас ұрпақты рухани-патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге көмектеседі» деген, оның тиражы 1000 дана, жергілікті дүңгіршектерде сатылады.
«Біздің балалар қорқыныш, сөгістен ада, сыпайы, ашық, өз отанын, жақындарын қорғайтын, адал әрі мейірбан адам болып өссе дейміз» депті Колесников.
«Сыпайы кішкентай адамдар» деген журналдың аты 2014 жылдың наурызында Қырым түбегін заңсыз басып алған ресейлік әскерилерге берілген «Сыпайы адамдар» деген лақап атаудан алынған. Оларға арнап Ресейде ескерткіш тұрғызылды, Қырымда да жаңа мемориал ашу жоспарланған.
Журналдың бір тарауы 2014 жылы Украинада болған төңкерісті Батысқа қарсы ресейлік көзқарас тұрғысынан баяндайды. Батысты Фашистон деген атаумен сипаттайды, өйткені ресейлік билік Украина үкіметін фашистерге теңегенді жақсы көреді, оған АҚШ туы түстес киім кигізген. Суреттер арқылы баяндалған шығарма АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Виктория Нуландтың «Еуромайдан» шерушілеріне барып, печенье таратқан сәтін баяндайды.
ҮЛКЕН ДОҢЫЗ, САРАҢ ҚОЯН, ГОБЛИН ЖӘНЕ «ПАПА»
Нуланд Гнуланд деген лақап атпен аталады, ал Украина президенті Петр Порошенконы доңыз басты етіп салған, премьер-министр Арсений Яценюкті қоянға теңесе, Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Александр Турчиновты дін қызметкерінің киімін киген жасыл қабықтағы гоблинге ұқсатып әжуалаған.
«Фашистон тағы бір мәрте зұлымдыққа толы печеньесін пісірді де, оны қоржынға салып, көмекшісі Гнуландқа беріп, жаман адамдарды іздеу үшін Шарвар еліне жіберді. Гнуланд көп ойланбай елдің ең үлкен қаласына келді де, орталық алаңдағы адамдарға тәттіні тарата бастады. Сол кезде печеньені жеген әр адам қорқынышты және жауыз «разносекке» («Оңшыл сектор» мүшелерін мұқатып атау) айналды.
Ең басты жауыздар – Үлкен доңыз, Сараң қоян мен Сұмпайы Турчин еді – олар печеньені басқалардан көбірек жеді. Фашистон Шарвардың бүкіл халқына сиқырлы аскөкті себуге бұйырды, солайша адамдардың күлкісі мен қуанышын тартып алды».
«Үлкен доңыз, Сараң қоян мен Сұмпайы Турчин аскөкті себе бастады. Олар бүкіл елге сеуіп шықты. Аскөктің тұқымы өсіп-өніп, күннің көзін жапты, адамдардың шаттығын жойды. Шарварда нан өспейді, бақшалар қурап қалған, өзендер батпаққа айналды».
Журналдың тағы бір тарауы «Папаның кеңесі» деп аталады. Онда көк түсті бас киім киген ұл бала папасынан неліктен күшті әрі батыл болу қажеттігін сұрайды: «Мен қайырымдымын. Мені барлығы онсыз да жақсы көреді» дейді ол.
Қызыл галстук тағып, көк костюм киген, Путинге қатты ұқсайтын папасы саусағын жоғары көтеріп: «Ұлым, мейірімді болу аз. Жер бетінде залым адамдар бар, олар әлсіздерді жәбірлегенді жақсы көреді» дейді.
Бұл суреттер журналды Украинада көп адам жақтырмады, жұрттың дені оны балаларға теріс ықпал ететін сүйкімсіз насихат құралы деп тапты.
Том Бэлмфорттың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.