Капитолийдегі оқиғадан кейін. Трамп президенттігін 20 қаңтарға дейін сақтай ала ма?

Barclays орталығындағы "Алып таста оны! Демократияны қорға" деген атаумен өткен митингі кезінде маска таққан адамдар АҚШ туын ұстап тұр. Митинг президент жақтастарының Капитолийге басып кіруіне байланысты ұйымдастырылды. Нью-Йорк, 7 қаңтар 2021 жыл.

Ашулы жақтастарының Капитолий ғимаратына басып кіруі Трампты президент қызметінен мерзімінен бұры алып тастау бастамасына түрткі болды. Мұндай бастаманы бір топ конгресмен көтеріп отыр.

6 қаңтар күні Конгрестің қарашадағы сайлау нәтижесін растау бойынша ортақ жиыны өтуі керек болған. Жиын басталған кезде АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың ашулы жақтастары конгресмендер отыратын Капитолий ғимаратына басып кіріп, терезелерін шақты, кеңселерді қоқысқа толтырды, полиция мен күзет қызметкерлерімен қақтығысып қалды.

Олардың мақсаты Конгрестің Джо Байденнің президент болып сайланғанын куәландыруға жол бермеу еді.

Бұл оқиғаны америкалықтар үреймен, әлемдік қауымдастық таңданыспен қабылдады.

Оқиға салдарынан төрт адам қаза тапты. Бір әйел Капитолийдегі полиция қызметкерінің оғына ұшты, үшеуінің өлім себебі әлі нақтыланып жатыр.

Капитолий алдындағы көрініс. 6 қаңтар 2021 жыл.

Оқиға Трамптың өз жақтастарымен бірге митинг өткізуінен кейін болды. Қараша айында өткен президент сайлауына дейін де, одан кейін де негізсіз мәлімдемелер жасап келген Трамп Вашингтонда мыңдаған жақтастарының алдында сайлау нәтижесін мойындамауға шақырды.

"Осы жерге жиналып отырған бәріміз арсыз радикал демократтардың сайлаудағы жеңісімізді ұрлап алғанын көргіміз келмейді. Біз ешқашан берілмейміз. Біз ешқашан мойындаймыз. Ешқашан. Ұрлықтың қатысы болған жерде мойындау қисынға келмейді. Еліміз көрмегенді көрді. Одан әрі төзбейміз" деді Трамп Ақ үй жанындағы эллипс пішінді паркте.

Капитолийдегі зорлық-зомбылыққа толы оқиғаның алдында айтылған бұл сөздер президенттік мерзімінің аяқталуына он күннен аса уақыт қалған Трамптың ел басқару қабілеті туралы сұрақ тудырды.

Трамптың Ақ үйдегі қызметі 20 қаңтарда, елдің жаңа сайланған президенті Джо Байденнің инаугурациясы өткені күні аяқталады.

ТРАМПТЫ ҚЫЗМЕТІНЕН АЛУДЫ ТАЛАП ЕТУШІЛЕР ҚАТАРЫ КӨБЕЙДІ

Қызметтегі президентті орнынан алудың екі жолы бар: АҚШ конституциясына енгізілген 25-түзетуді қолдану не Сенаттың айыптауымен импичмент жариялау.

Трампты қызметінен жедел кетіруді талап еткен демократтардың көбі 25-түзетуді жөн көреді.

Өкілдер палатасының спикері демократ Нэнси Пелоси 25-түзетуді іске асыруды қолдайтынын, бірақ егер кабинет әрекет етпесе, Конгрестің импичмент процесін бастайтынын айтты.

"АҚШ президенті Америкаға қарсы қаруланған бүлікке арандатты" деді спикер.

Демократтардың сенаттағы лидері Чак Шумер де осыған ұқсас мәлімдеме жасады.

"АҚШ Капитолийінде кеше болған оқиға Америка Құрама Штаттарына қарсы бүлік және оған президент арандатты. Бұл президент офисте бұдан әрі бір күн де отырмауы тиіс" деді ол.

Ал Өкілдер палатасына Миннесота штатынан сайланған демократ Илхан Омар Капитолийдегі оқиға кезінде импичмент туралы бастама көтеретінін мәлімдеді.

Трампты президенттіктен кетіруге шақырғандар қатарында New York Times пен Washington Post секілді ірі басылымдар да бар.

"Президент Трамп пен оның Конгрестегі республикашыл жақтастары сәрсенбі күні өздері басқаратын елге, өздері жақсы көретін елге қарсы зомбылыққа толы шабуылға арандатты" деп жазды New York Times газетінің редакциялық алқасы.

"Зорлық-зомбылықты тез арада айыптап, жақтастарын шегінуге шақырудың орнына Трамп мырза екі жеңіл твит жариялады. Жоғары лауазымды республикашылдардың талабынан кейін ғана барып, оларды үйіне қайтуға шақырып, видео жариялады. Сөйте тұра жасақшыларын қуаттандырып кетті. "Біз сендерді жақсы көреміз. Сендер ерекшесіңдер" деді ол өзінің бүлікшіл жақтастарына" деп жазды Washington Post.

Трамптың ашулы жақтастары Капитолий ішінде жүр. Осы жердегі атыстан бір әйел қаза тапты. Жергілікті басылымдардың жазуынша, Капитолий ішінде оқ тиген әйел ауруханада көз жұмған. Ол Трамптың жақтасы болған және АҚШ әуе қарулы күштерінде жұмыс істеген.

ҚЫЗМЕТТЕН АЛУ БАСТАМАСЫ ҚАЛАЙ ІСКЕ АСАДЫ?

25-түзету 1967 жылы, Джон Кеннедидің өлтірілуінен төрт жыл өткеннен кейін ратификацияланды. Ол президенттің ауысын және қабілетсіздігін қамтиды. Түзетудің 4-бөлімі президент жұмысын атқаруға қабілетсіз болатын, бірақ қызметінен ерікті түрде кетуден бас тартатын жағдайды қарастырады.

Солтүстік Каролина университеті Заң факультетінің конституция заңы жөніндегі профессоры Майкл Герхардтың сөзінше, бұл түзету президенттің алжуынан сақтану үшін енгізілген.

Қазіргі жағдайда 25-түзетуді іске жарату үшін вице-президент Майк Пенс пен Трамп құрған үкіметтің басым бөлігі оны президенттікті атқаруға қабілетсіз деп тануы керек. Ондай жағдайда президенттік Пенске өтеді.

Бірақ кейін Трамп қызметке жарамды екенін мәлімдеп, ал Пенс пен үкімет онымен келіспесе, мәселе Конгрестің қарауына өтеді. Президенттің қызметіне оралуына жол бермеу конгресмендердің үштен екісінің дауысын қажет етеді.

Ондаған адам полиция кордонын бұзып өтіп, шлагбаумдарды қиратып, ғимаратқа басып кірді.

Колорадо университетінің конституция құқығы жөніндегі профессоры Пол Кампос 25-түзету Трампты қызметінен импичментке қарағанда жылдамырақ кетіре алады дейді.

"Егер Пенс үкіметтегі көпшіліктің қолдауына ие болса, ол [бастамаға] қол қойып, Конгреске өткізген сәттен бастап президент міндетін атқарушы атанады" деді Кампос 6 қаңтар күні New York Magazine журналына.

CBS News хабарына қарағанда, Трамп кабинеті 25-түзетуді қолдану мәселесін талқылап көрген, бірақ Пенске "формалды" түрде ешқандай өтініш бермеген.

CNN жоғары лауазымды республикашылдардың төртеуі 25-түзетуді қолдануға шақырып отыр деп хабарлады.

New York Times басылымының хабарлауынша, президент әкімшілігінің 25-түзетуді қарастыруы төңкеріс әрекеттерінің бүкіл елге тарау ықтималдығынан туған.

Кей сарапшылар биліктің ойысуы онсыз да басталып кетті дейді. Олар топалаңды тоқтату үшін қалаға ұлттық гвардияның мыңдаған сарбазын кіргізуді үйлестірген Трамп емес Пенс дейді.

Капитолий ішінде жасырынып жатқан адамдар.

ТРАМПҚА ТАҒЫ ДА ИМПИЧМЕНТ ЖАРИЯЛАНУЫ МҮМКІН БЕ?

Егер 435 мүшесі бар Өкілдер палатасы көпшілік дауыспен Трампқа импичмент жарияласа, процесс Сенаттың қарауына өтеді де, президенттің кінәсі бар-жоғын анықтау жөнінде тергеу басталады. АҚШ конституциясына сай, президентті айыпты деп танып, қызметінен алу үшін мұны сенаторлардың үштен екісі қолдауы керек.

Өкілдер палатасы 2019 жылдың желтоқсанында қызметінен асыра пайдаланды және Конгреске кедергі келтірді деген айыппен импичмент жариялаған. Бұл іс Трамптың Украина басшылығын Байден мен оның ұлына қарсы тергеу бастауға итермелеуіне байланысты қозғалған. Іс Сенаттың қарауына өтіп, 2020 жылдың ақпанында Конгрестің жоғары палатасы Трампты ақтап шықты.

Кампос пен конституция жөніндегі өзге де мамандар импичмент процесінің кемшілігі оның көп уақыт алатынында дейді.

"Байденнің ант беруіне екі апта қалғанда... импичмент процесі Трампты қызметтен кетіруімен аяқталуы екіталай" деп жазды Politico басылымы.

ИМПИЧМЕНТ ҚАНДАЙ АЙЫПТЫҢ НЕГІЗІНДЕ ЖАРИЯЛАНБАҚ?

Миссиру университетінің конституция құқығы жөніндегі профессоры Фрэнк Боуман Трампқа бүлік жасауға арандатты немесе АҚШ үкіметін төңкеруге әрекеттенді деген айып тағылуы мүмкін дейді. Оның бұл сөздері британиялық Guardian басылымында жарық көрді.

Боуманның сөзінше, Трампқа АҚШ конституциясы мен антына адал болмады деген айыппен де импичмент жариялануы мүмкін.

"Заңды сайлаудың заңды нәтижесін терістеуге талпыну Конституция қарсы жасалған елеулі заңбұзушылық болмақ" деді Боуман Twitter-парақшасында.

ТРАМПТЫ ҚЫЗМЕТІНЕН МЕРЗІМІНЕ ДЕЙІН АЛУ ІСКЕ АСА МА?

Жағдайдан хабары бар дереккөздердің айтуынша, Трампты қызметтен алу әрекетінің аяғына жетуі екіталай. Трамп президенттігінің аяқталуына 12 күн қалғанда Конгрестегі республикашылдар кабинетке қысым көрсетуге құлықсыз.

Бірақ АҚШ-тың көлік министрі Элейн Чао Капитолийді басып алуға қарсылық ретінде қызметінен кететінін мәлімдеді. Сенаттағы көпшілік лидері республикашыл Митч Макконнелдің әйелі Чао Капитолийдегі оқиғаның "жаны батқаны сонша" бұдан әрі қызметін атқара алмайтынын айтты.

Ал сайлауда жеңілгенін мойындамай, жаппай қарсылық көрсетіп келген Трамптың өзі партияластарының талабынан кейін алғаш рет президенттіктің Байденге өтетінін, билік ауысуы "қалыпты тәртіппен" жүретінін айтты.

U.S President Donald Trump gives an address, a day after his supporters stormed the U.S. Capitol in Washington, U.S. Трамп жақтастары Капитолийді басып алғаннан бір күн өткен соң мәлімдеме жасап тұр.

"Сайлаудың нәтижесімен келіспесем де және фактілер мұнымды растап отырса да, 20 қаңтар күні билік ауысуы қалыпты өтеді" деді ол.

Трамптың бұл мәлімдемесі 7 қаңтар күні Конгрестің ортақ жиыны сайлау нәтижесін растағаннан кейін жасалды.

АҚШ-тағы президент сайлауы 3 қараша күні өткен. Оның нәтиже бойынша, Джо Байден 302, Дональд 232 электордың дауысына ие болды. Президент атану үшін кандидатқа 270 электордың дауысы керек.

Сайлауға дейін-ақ мен тек "дауыс ұрланған жағдайда" жеңілем деген Трамп сайлау нәтижесін мойындамай көптеген штатта сотқа жүгініп, дауысты қайта санауды талап етті. Жоғарғы сотқа да жүгінді. Бірақ бәрінде жеңілді, штаттар ресми нәтижені растап шықты.

Соңғы даулардың бірі Джорджия штатының хатшысы Брэд Раффенспергермен телефон әңгімесіне байланысты туды. Штаттың сайлауды өткізуге жауапты ең жоғары лауазымды тұлғасымен болған әңгімеде Трамп оған қысым көрсетіп, сайлау нәтижесін жоққа шығаруға 11 780 дауыс тауып беруді талап еткен. Бұл штатта Трамп Байденнен 11 779 дауысқа қалып қойған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Маған 11780 дауыс керек". Трамп қоңырауы, конгресс жиыны және сенат сайлауы