Ресей сталиндік қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіштерді жойып жатыр

Ресей аймақтарында сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіштер қиратыла бастады. Иркутск және Пермь облыстарында 1930 жылдары Литва және Польша азаматтары атылып, көмілген жерге орнатылған ескерткіш белгілерді алып тастағанын тарихшылар араға апта салып барып байқаған. Ол ескерткіштер Пивовариха селосы маңында қызылдар қырғынының құрбандары жаппай жерленген жерде тұрған еді. Сталин билігі тұсында бұл жерде НКВД-ның арнайы аймағы болған, совет өкіметі атып өлтірген тұтқындарды сол маңға көмген.

Your browser doesn’t support HTML5

В России сносят памятники жертвам сталинских репрессий из "недружественных" стран – репортаж Настоящего Времени

"Мынау бетон шаршы. Мына істік темірлерде крест болған. Биіктігі – 4 метр. Мықтап жасалған еді. Бұл – символ. Осы жерде литвалықтар жерленген деген белгі болатын", – Арвидас Куликаускас осы жерде сталиндік саяси қуғын-сүргін кезінде – 1930 жылдардың аяғында атылған литвалықтарға орнатылған ескерткіш крест болған орынды көрсетті. Жақында ол ескерткішті билік алып тастады.

Арвидастың марқұм әкесі жер аударылған литвалық болатын. 10 жыл лагерьде айдауда болған ол отбасымен – әйелі және кішентай балаларымен бірге Ресейдің Иркутск облысында қалып қойған. Балалардың үлкені Арвидас Иркутск маңында ондаған бұрынғы отандасы жерленгенін кейін НКВД архивіндегі құжаттардан білген.

"Кітапта 32 адам осында атылғаны жазылыпты, – деді Куликаускас. – Екі кластық білімі бар әйел. Ауылда тігінші болып істеген. Оны литвалық болғаны үшін халық жауы деп атқан. Паровоз айдаған машинистің төрт кластық білімі болған. Тегі литвалық, яғни халық жауы. Солай жалғасып кете береді. Ондайлар көп".

1989 жылы Ресей билігі Иркутск әуежайы маңындағы Пивовариха ауылының аумағында қазба жұмыстарын жүргізді. Бұл жер 1930 жылдан бастап НКВД-ның Иркутск облысы бойынша басқармасына қараған. Совет билігі ұлты әртүрлі 15 мыңға жуық адамды атып, осы жердегі сайға көмгені 1989 жылы анықталды. Оларды осы аймақта "совет билігіне қарсы ұйымдарда болған-мыс" деген желеумен атып тастаған.

Арвидас Куликаускастың сөзінше, атылған адамдар "үш қатар етіп жатқызылып, үстінен әк қосылған ағаш ұнтағы себілген".

"Олар көп уақыт жатқан, бұзылмаған, – дейді ол. – Туыстары осында жерленгенін білетіндер іздеп келді. Олар жақындарының киімін, аяқкиімін тапты. Төңіректі айқай салып жылағандардың дауысы басып кетті".

Атылғандардың сүйегін қазып, осында жерленгенін анықтағаннан кейін туыстары саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш қоя бастаған. Сол кезде осында атылып, жерленген поляктарға да ескерткіш тақта орнатқан.

Ушаков муниципалитеттік елді мекенінің басшысы Александр Кузнецов осы өлкеде атылған литвалықтарға арнап тұрғызылған ескерткішті ашу шарасында сөйлеген кезде бұл ескерткіш осы жерде "мұндай нәрсе енді ешқашан қайталанбауы керек дегенді баршаның жадында қалдыру үшін тұрады" деп мәлімдеген. Бірақ 2023 жылы Иркутск облысының билігі мемориал заңсыз қойылған деп шықты. Осы жерде атылған поляктарға қойылған ескерткіш тақтайды да солай атап, құрылыс техникасымен бұзып тастады.

Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіш белгілер алынады деп ешкімді ескертпеген, қаза тапқандардың туыстары да, тарихшылар қауымдастығы да ондайдан хабарсыз болған. "Жымын білдірмей келіп, алып тастаған" деді Куликаускас. Болған оқиға туралы жергілікті құқық қорғаушылар әлеуметтік желіде жаза бастағаннан кейін ғана облыстық билік сайтында баспасөзге арналған хабарлама жарияланды, онда ескерткіштер заңсыз орнатылғаны, енді ол аумақта абаттандыру жұмысы қолға алынғаны айтылған.

Пивоварихадағы оқиғалардан екі аптадай бұрын Пермь өлкесінде саяси қуғын-сүргін құрбаны болған литвалықтар мен поляктарға қойылған ескерткіш ізім-ғайым жоғалды. Белгісіз біреулер оны құрылыс техникасымен бұзып әкеткен. Билік бұл жөнінде түсініктеме беруден бас тартты. "Мемориал" қоғамы болса бұл екі оқиғаны да жергілікті билік беріп отырған белгіге жатқызады.

"Жат пиғылды деп танылған елдердің өкілдерін Ресей жерінде есте қалдырмау керек [дейді]. Өлген адамдарға орнатылған ескерткішті алып тастау үшін олай істеуге қолым барады деген сезім болуы керек. Ресей билігі, шенеуніктері дәл соны көрсетіп отыр. Қазір сен ол үшін ешқандай жауапкершілік арқаламайсың, оны қойып, тіпті алғыс алуың да мүмкін" деді Пермь облысындағы "Мемориал" ұйымының төрағасы Роберт Латыпов.

Алынған ескерткіштер қазір қайда екені де, билік мемориал аумағын абаттандыру үшін тағы нені сүретіні де белгісіз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Украинада соғыс басталғалы орыс тіліне көзқарас қалай өзгерді?Путинді тұтқындау ордері: "үнсіз қалғандар мен Мәскеуден сескенгендер". Соғыс жылдамдатқан отарсыздандыруБішкектегі советтік атауларды жойып, қырғызша жаңартуға Ресей депутаттары қарсы шықтыКремльдің "Мемориал" орталығын жабуы нені аңғартты?"Бізде шаң басып, мүлде ашылмаған құжат көп". Репрессия құрбандарын ақтау қалай жүріп жатыр?