Тарихшылардың дерегінше, 1937-38 жылдары совет билігі жүргізген саяси репрессия кезінде Қазақстанда 120 мыңнан аса адам қуғынға ұшырап, 25 мыңы атылған. 1928 жылғы кәмпескелеу соңы 1932-34 жылдардағы ашаршылыққа ұласып, түрлі деректер бойынша, Қазақстанда 1,3-1,5 млн адам қаза болған.
1988 жылы 4 қарашада Қазақ ССР Жоғарғы соты репрессия кезінде атылған Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймаутов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Мағжан Жұмабаев бастаған 14 қазақ зиялысын ақтады. Ал 1993 жылы 14 сәуірде Қазақстан "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" заң қабылдаған. Содан бері ел сталиндік репрессияда атылғандарды, қудаланғандарды ақтау процесін жүргізіп жатыр.
Былтыр Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құрған советтік репрессия құрбандарын ақтау комиссияның мүшесі, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультетінің профессоры Арайлым Мұсағалиева "жұмыс топтары ауыл-аудандардағы бұрын ашылмаған құжаттарды" зерттейтінін айтады.
Азаттық: Комиссия қалай жұмыс істеп жатыр және қай кезеңдерді қамтиды?
Арайлым Мұсағалиева: Құрамында 11 жұмыс тобы бар. Мен байлар мен кулактарды зерттеу тобының мүшесімін. Бұдан бөлек ашаршылық, көтеріліс (1929-1931 жылдардағы), Түркістан легионы, босқындар, әскери тұтқындар бойынша жұмыс топтары бар. Жұмыс жылдың басынан ғана басталды. Бірінші кезеңде тақырыптың тарихнамасын жасап, осыған дейін қалай зерттелгенін анықтадық. Одан соң архивтерде жұмыс істейміз. Жаңа құжаттар болса, соларды жинаймыз. Оған бір жыл кетеді. Одан кейін жиналған құжаттарды өңдейміз. Алғашқы нәтижелерді шығару үшін шамамен 2-3 жыл кетеді деп ойлаймын. Ал қазір комиссия жиналысы көп өтіп жатыр.
Азаттық: Диссиденттер, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қатысушылары қамтыла ма?
Арайлым Мұсағалиева: Бұл жұмыс топтарында барлық мәселе бар деп ойлаймын. Бірақ негізгі назар 1930-40 жылдарға аударылған. 1986 жылғы оқиға қатысушылары ақталған болуы тиіс. Ол енді бертінде болған оқиға ғой. Біздің негізгі қасірет 1930 жылдар ғой, ол жылдары қазақ шыбындай қырылды.
Азаттық: Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары осыған дейін де жүргізілген. Бұл комиссияның жұмысы несімен ерекше болмақ?
Арайлым Мұсағалиева: 1990-жылдары жұмыс істеген комиссияларда аз адам болды. Сосын 1999-2000 жылдары біршама құпия құжаттарға рұқсат беріліп, президент архивындағы деректер ашылды. Бұл құжаттардың ашылғанына 20 жыл болды. Одан бөлек қазір аудан-ауданды аралып, жергілікті архивтерді зерделеу жоспарда тұр. Тарихшылар аудандық архивтерге бара бермейді.
Азаттық: Репрессияға ұшырағандарды ақтау несімен маңызды?
Арайлым Мұсағалиева: Олардың бәрі бірдей ақталды дей алмаймыз. Жоқтаушысы жоқ адамдар бар. Жақында Қарағанды облысы Теміртау қаласының мемлекеттік архивінен бір құжат таптым. Жер аударылған байлар мен кулактардың тізімі екен. Барлығы 83 қазақ, оншақты неміс, оншақты орыс бар.
Азаттық: Осыған дейін зерттелмеген құжат па?
Арайлым Мұсағалиева: Бұрын қаралмаған. Бетімде маска, қолымда қолғап. Ашып қалғанда шаң бұрқ ете қалды. Ашқан кезде қап-қара болдым, неше жылдың шаңы жиналған. 1930-жылдардан бері ашылмаған ғой.
Азаттық: Бұл бір аудандағы жер аударылғандар ма?
Арайлым Мұсағалиева: Бір ауданда. Қарағанды облысы Тельман ауданы.
Азаттық: Мұндай жұмыс барлық ауданда жүре ме?
Арайлым Мұсағалиева: Барлық ауданда жүргіземіз.
Азаттық: Бұл тізіммен ары қарай не істейсіздер?
Арайлым Мұсағалиева: Құзырлы органдарға өткізіп, осыған дейін ақталған-ақталмағанын тексереміз. 1928 жылғы тәркілеу құрбандарының жеке істері орталық мемлекеттік архивте тұр. Сол жылы бай деген 700 адамның малын тәркілеу туралы декрет (ірі бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы 1928 жылғы 27 тамыздағы декрет – ред.) шықты. Бірақ қудалауға мыңнан астам адам ұшырады. Себебі жоспарды асыра орындады. Мысалы, қудалауға ұшырағандардың бірі Тұрағұл Құнанбаев өз арызында бар болғаны 36 ғана малы болғанын айтады. Ал тәркілеу саясаты бойынша ірі қара саны 300-ден асқан болуы керек еді. Оны Абайдың (Құнанбаев) баласы болғаны үшін ұстады. Алашордашыл Халел Ғаббасовты да бай қатарына қосып жіберген.
Қазір комиссияның төрағасы болып отырған Сабыр Қасымов 1997 жылы сенат депутаты кезінде баяндама жасап, тәркілеуге байлармен бірге атқамінерлер мен молдалардың да ұшырағанын айтқан еді. Енді мына тізімге қарасам, расымен бір жерінде "молданың ұлы", бір жерінде "байға қатысы бар" деп тұр. Олар байлармен бірге жер аударылып кетті.
Азаттық: Жер аудару кезінде осының бәрі құжатталып отырды ма?
Арайлым Мұсағалиева: Әрине. Мысалы, аудандық архивтерде жер аударылғандардың үстінен жазылған хаттамалар бар. Оны "үштік" деп аталған комиссия толтырады. Бұл 1937 жылғы үштіктен бөлек еді. Оған ауылнай, ауыл адамдары және батырақтар кірген.
Азаттық: Ол кезде қазақтарда күнделік жазу қалыпты іс болмады, ал қуғынды көргендердің көбі өмірден озды. Осы себепті тарихи зерттеулердің көбі архив құжаттарымен шектеліп жатқандай. Басқа қандай дереккөздер бар?
Арайлым Мұсағалиева: Совет өкіметінің кезінде іс жақсы жүргізілген. Одақ құрылғаннан метрикалық кітаптар болды. Жақында студенттерім өңір-өңірге архивтерге практикаға кеткен. Солардың бірі Қызылордада 1918 жылғы метрикалық кітап тұр дейді. Суретін де жіберді.
Бұл кітаптар 1928 жылға дейін араб графикасымен жазылды. Оны көп адам оқымаған. Ал ол кезде кәмпеске, ашаршылық бола қоймаған. Осының бәрін аударсақ, сол кезде қанша қазақ болғанын есептей алар едік. Әрине, бұл – үлкен жұмыс. Дегенмен қолдан келетін іс.
Кейінірек адамдардың туған сағаты да жазыла бастады. Совет өкіметі оның бәрін жазып отырған. Отбасындағы нешінші бала екені де қағазға түскен. Себебі КГБ (Совет Одағының мемлекетік қауіпсіздік комитеті) жұмыс істеп тұрды. Бәрін білуі керек болды.
Азаттық: Совет өкіметіне қазақтың малына тартып алып, көшпелі мәдениетін жою не үшін керек болды? Билік орнатып, салық төлету мәселесі ме?
Арайлым Мұсағалиева: Ресейдің орталық архивтерінде "Трагедия советской деревни", "Советская деревня глазами ВЧК - ОГПУ - НКВД" дейтін құжат жинақтары бар. Сол құжаттарда Қазақстанға 1 миллион адамды көшіріп алып келу туралы жазылған. Орыс ғалымы Федор Синицын "Советское государство и кочевники" деген кітабында осы миллион адамды орналастыру үшін көшпелілерді құрту керек болды дейді. Оның сөзінше, Совет өкіметі көшпелі шаруашылықты мүлдем қабылдамаған. Меніңше, мұның бір себебі жермен байланысты. Көшпеліге мал жаю үшін көп жер керек.
Қазақты құртқан осы - малды тартып алу.
Салықты, астық жинауды жоққа шығармаймын, бірақ қазақты құртқан осы – малын тартып алу. Мысалы, Голощекин (Филипп Голощекин, 1925-1933 жылдары Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болған – ред.) өз сөзінде Мұса Шормановтың 10 мың жылқысы болған дейді. Ол 10 мың жылқыны бағу үшін қанша жер керек.
Ал тарихшы Григорий Дахшлейгер Совет өкіметі байды құртқысы келді, өйткені бай кулактан күшті еді дейді. Оның айтуынша, орыс кулактарының билігі өзі иеленген жермен шектелсе, қазақ байларының ықпалы одан әлдеқайда ауқымды болған. Бай малдың иесі ғана болмай, ру басшысы болып, әлеуметтік-саяси мәселелерді шешіп отырған. Дахшлейгер осы себепті алға тартып, Совет өкіметі байды құртпай билігін орната алмайтын еді дейді.
Шетел ғалымдары да, Ресейдің ғалымдары да 1932-1933 жылдары құрғақшылық болып, қазақтың малы жұттан қырылды, ашаршылыққа сол үшін ұшырады дейді.
Карлагта (Қарағандының еңбекпен түзету лагері, Совет одағының НКВД ГУЛАГ жүйесінің құрамында болған – ред.) Ресейдің көптеген ғалымдары мен академиктері тұтқында болған. Мәселен, Санкт-Петербургтегі Николай Вавилов атындағы өсімдік шаруашылығы институтының көптеген ғалымын репрессияға ұшыратып, жер аудартқан. Солар 1931 жылдың аяғынан бастап, 1956 жылға дейін әр күннің ауа райын қағазға түсіріп отырған. Кесте күйінде. Соған қарап, ол жылдары құрғақшылық болмағанын көруге болады. Жаңбыр көп жауған, 1932-1933 жылдары жұт болмаған. Үлкен жұт тек 1939 жылы болған.
Азаттық: Бүкіл Қазақстанның ауа райы жазылған ба?
Арайлым Мұсағалиева: Ол кезде Карлагқа Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан кірді. Сол екеуі бойынша жасалған. Бұл екі облысты қосқанда бүкіл Қазақстанды да жобалауға болады.
Азаттық: Ғалымдар ол кестені не үшін жүргізді?
Арайлым Мұсағалиева: Олар мәжбүр болды. Өкімет оларға сол жерді игеруді тапсырған. Жер шөлді бола ма, құмды бола ма – бәрібір орындалуы керек. Еккен ағашы өспей қалса, жазаланады. Сол себепті олар ағашты сантиметрлеп өлшеп отырған. Сонымен қатар, кесте құрып, ауа райының, ылғал мөлшері қандай болғанын, қанша астық өсіп шыққанын жазып отырған.
1931 жылды да дәлелдей аламын. Сол жылы Карлагты зерттеуге бір топ ғалым келген. Олар Қарағанды даласында алты ай палаткада жатып, зерттеу жасаған. Ол зерттеуден ешқандай жұт болмағанын көруге болады.
Азаттық: Аудандық архивтен жер аударылған немістер мен орыстардың тізімі шықты дедіңіз. Осы жұмыс аясында олар да ақтауға жата ма?
Арайлым Мұсағалиева: Немістер, орыстар мен украиндар кеткен жағынан ақталды. Олардың арасында ақталмағандар жоқ деп ойлаймын. Мәселе тек қазақтарда болып тұр. Біз осы істе кішкене салақтық таныттық.
Содан кейін зират мәселесі бар. Бізде немістер көп тұрды. Олардың бәрі әке-шешесінің моласын қазып алып кеткен жоқ қой. Миллион немістің ата-бабасы осы жерде қалды. Мәселен, неміс тарихшысы Ольга Лиценбергердің атасының моласын іздеп Васильковка (Ақмола облысы) дейтін ауылға бардық. Масқара. Жол жоқ, мола быт-шыт болған. Профессордың өзін шақыруға ұялдым.
Немістер қазақтар сияқты ата-бабасын қатты құрметтейді. Мүмкіндігі болса, жыл сайын келіп, моланы тазалап тұрады. Осындайда Естелік маршруты болса. Бұл – бір жағынан туризм.
Поляктармен, венгрлермен және чехтармен "По следам Гулага" дейтін экспедицияға қатысып, бүкіл Қарағандыны аралап шықтым. Бәрі жолға қойылса, ата-бабасын іздеп келетіндер көп.
Қазақстанға тек Еділ өзені бойының өзінен 125 мың неміс келген. Ресейдің орталық бөлігінен тағы адамдар көшірілген, 450 мыңға жуықтайды. 1989 жылы Қазақстандағы немістердің саны миллионға жетті.
Азаттық: Совет Одағы кезінде істі болғандарды ақтаудың құқықтық негіздері қандай?
Арайлым Мұсағалиева: Бапқа қараймыз. Мәселен 58-бап (РСФСР-дің 1926 жылғы Қылмыстық кодексінің 58-бабы. Контрреволюциялық қылмыстарға арналған, 14 тармақшадан тұрады – ред.) саяси деп танылып, ол бап бойынша сотталғандардың көбі ақталды. Тәркіленген немесе жер аударылған байлардың кейбірі Қылмыстық кодекстің 61-бабымен қамалған. Ал бұл – қылмыстық бап.
Совет Одағы жазалау жүйесі қатты тоталитарлық жүйе болды.
Совет өкіметінің архив құжаттарын көп зерттедім. Шынымды айтсам, совет өкіметі оразан зор қасірет әкелді. Тек қана қазаққа емес, Совет одағында өмір сүрген барлық халыққа тиді. Жазалау жүйесі қатты тоталитарлық жүйе болды. Оқу-ағарту әкелді деп оны ақтауға тырысатындарға таңғалам. Совет өкіметі қазаққа қандай ағарту әкелді? Бар болғаны мұғалім мен дәрігер болуға үйретті. Оның өзін ауылға апарып жұмыс істету үшін жасады. Ғарыштың оқуын, ядролық физиканы неге үйретпеді? Себебі совет өкіметі үшін біз баяғы отар халықтың бірі болып қалдық. Егер совет өкіметі біреуді оқытып, қандай да бір кешен салса, тек өзі мүддесі үшін істеді. Басқа халықтармен бөлмеймін, жүйенің азабын бәрі тартты. Дегенмен біз совет өкіметі тұсында халқымыздың жетпіс пайызынан айырылдық. Қазір біз азбыз, осының бәрі сол кездегі саяси репрессияның кесірі.
Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.
ПІКІРЛЕР