Ресейдегі Славянка елдімекенінің шетіне кірген адам алдымен Сталиннің есімі жазылған тақтайшаларды көреді. Ауыл ішінде де Сталиннің есімі жазылған тақтайша көп. Себебі Сібірдегі Славянка ауылындағы 25 көшенің барлығы совет диктаторының есімімен аталады.
Бұл – ауыл басшысы Вячеслав Зуевтің бастамасы. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Зуев әр көшені жай ғана “Сталин” емес, “генералиссимус Сталин” деп аталуын талап еткен.
Азаттық радиосы тілшісімен тілдескен ауылдың бірнеше тұрғыны террор мен саяси репрессия көмегімен билік құрған Иосиф Сталиннің атына көше беруде тұрған сөкеттік жоқ деп санайды.
Сталин жүргізген жаппай қуғын-сүргін науқаны кезінде жүздеген мың адам өліп, миллиондаған адам азаптауға ұшыраған. Славянка тұрғыны Елена бұған онша мән бермейді.
“Мұнда тұрған еш сөкеттік жоқ. [Көшелерге Сталин атын бергені] өзіме ұнайды” деді ол.
Еленаны көшеге ат беруді талқылаудан гөрі электр энергиясының қымбаттауы, жол сапасы сияқты тұрмыстық мәселелер көп алаңдатады.
Көшеде кезіккен тағы бір тұрғын да "көшеге Сталиннің атын беруде тұрған ештеңе жоқ" деп санайды.
“Көшеге атын беруге болады, себебі бұл – Сталин ғана емес, бұл – дамудың даңғыл жолына түскен елдің тарихы” деді жақын маңдағы Новосібір қаласындағы университетте сабақ беретін Людмила Васильевна.
Оның айтуынша, Сталин заманындағы репрессиядан жапа шеккендер саны тым ұлғайтылып көрсетілген. Людмила Васильевнаның пайымдауынша, "лагерьлерде тек 72 мың адам өлген".
Славянка тұрғындары мекенжай тіркейтін қызметкерлер көше атын жазғанда көбіне “Генералиссимус” сөзінен қате жіберетінін айтады.
“Төлқұжатыма екі рет қате жазды” деді есімін атаудан бас тартқан Генералиссимус Сталин атындағы 5-көшенің тұрғыны.
Новосібірдің шетіндегі Славянка ауылы саяжай ретінде 2008 жылы ашылған. Тұрғындардың басым бөлігі бұл ауылда тек жаз мезгілінде тұрады. Көп үй әлі салынып бітпеген.
“Яндекс карта” қызметінің дерегінше, бүкіл Ресейде Сталиннің атында ресми 20 көше бар, олардың жалпы ұзындығы 29 километр болады.
“Яндексте” Славянка ауылының барлық көшелері “Генералиссимус Сталин көшесі” деп белгіленген.
"Сталинге тікелей қатысы жоқ ауылдың көшелері неге оның атымен аталған?" деген сұраққа ауыл басшысы Зуевтен комментарий алу мүмкін болмады.
Новосібірдегі Коммунистік партия филиалының қызметкерлері Славянка ауылы туралы, ондағы көшелердің Сталин атымен аталатыны жайлы білмейтін болып шықты.
“Бұл туралы мүлде естімеппін. Коммунистік партияның бұл көшелерге ат беру ісіне еш қатысы жоқ” деді партияның аймақтық филиалының екінші хатшысы Ринат Сулейманов.
Дегенмен жақында Коммунистік партия Новосібір қаласының орталығында Сталиннің бюстін орнатуға келісті. Ескерткіш мамырдың 9-ы күні ашылуы керек.
Заңгер Иван Кашариннің айтуынша, Новосібірде көшелерге ат қоюды қала мэрі бақылайды.
“Мэрияда көше аттарына жауап беретін арнайы комиссия жұмыс істейді, бірақ соңғы шешімді мэрдің өзі қабылдайды” деді ол.
Кашириннің айтуынша, Ресейдің барлық қаласы мен аймағында көше аттарына жауап беретін комиссия бар.
ПІКІРЛЕР