Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) өтіп жатқан Азия чемпионатында Қырғызстан құрамасы топтық кезеңде Қытай (1:2) мен Оңтүстік Кореядан (0:1) жеңіліп, Филиппинді 3:1 есебімен ұтты.
Топта үшінші орын алған Қырғызстан 1/8 финалға шықты. Ресейлік бапкер Александр Крестинин жаттықтыратын Қырғызстан құрамасы бұл кезеңде алаң иелері БАӘ құрамасымен кездесіп, қосымша уақытта 2:3 есебімен жеңілді. 90 минут бойы Қырғызстан құрамасы 1:2 есебімен жеңіліп жатқан. Ойын аяқталуға санаулы минут қалғанда Турсунали Рустамов есепті теңестірген. Ал қосымша уақытта БАӘ тағы бір гол салып, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Қырғызстан жарысты 1/8 финалдан аяқтады.
"ФУТБОЛ - ЕЛДІ БІРІКТІРГЕН ФАКТОР"
Азаттықтың Қырғыз қызметінің дерегінше, бұл ойынды 600-ден астам қырғыз азаматы стадионнан тамашалаған. Олардың арасында Дубай мен Абу-Дабиде жұмыс істейтін қырғыздар және Бішкектен осы ойын үшін арнайы келгендер болған.
- Бішкектен Абу-Дабиге арнайы келдім. Филиппинді 3:1 есебімен жеңген соң қызықтым. Балаларымды (Қырғызстан футболшылары – ред.) қолдайын деп, немерелеріммен келдім, - деді Шайлоо Баймуратова.
Ал БАӘ-Қырғызстан ойынын Бішкектегі орталық алаңдағы экраннан мыңдаған адам көрді. Қырғызстан құрамасының Азия кубогының плей-офф кезеңіне шыққаны елдегі негізгі оқиғалардың біріне айналды.
- Тарихта қырғыз халқын біріктірген көп оқиғалар болған. Жаугершілік заманда қырғыз халқы бірлігін көрсеткен. Қуанышты бірге тойлаған сәттері көп. Бірақ дәл қазір қырғыз халқы жарыла қуанған сәт футбол болып тұр. Футбол – елді, ұлтты біріктірген заманауи фактор болды, - деді тарих ғылымдарының докторы Ташманбет Кененсариев.
БАӘ-Қырғызстан матчынан хабар тарату үшін Абу-Дабиге барған Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Али Токтакуновтың айтуынша, Қырғызстан құрамасының Азия кубогының плей-офф кезеңіне шығуын халық "тарихи оқиға" деп қабылдап жатыр.
- Жанкүйерлердің көбі Қырғызстан құрамасы алем чемпионатында Германияны жеңген Оңтүстік Кореядан, футболы жақсы дамыған Қытайдан ірі есеппен жеңіледі деп ойлады. Бірақ бір-екі доп айырмасымен жеңілді. БАӘ құрамасымен ойында соңғы минутта пенальтиден гол жіберіп алды. Халық футболшылардан мұндай ойын күтпеді. Құрамадағы ойыншылар шетелде ойнамайды. Намыспен ойнады. Азия кубогына алғаш қатысып, топтан суырылып шықты. Бұл жетістік халықты көтеріп жіберді. Қырғызстанда футболға көңіл бөлінбей келген. Бішкектегі стадионның жағдайы нашар. Осы жетістіктен кейін халық биліктен стадион салуды, футбол мектептерін ашуды талап етіп жатыр, - деді Али Токтакунов.
"ФУТБОЛДЫ ДАМЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫН ЖАСАУДЫ СҰРАЙМЫН"
Футболшыларды Манас әуежайында премьер-министр Мухаммедкалый Абылгазиев және жүздеген жанкүйер күтіп алды. Үкімет басшысы жанкүйерлер алдында облыстарда футбол мектептері көбейетінін айтты. Ал қаңтардың 24-і күні ел президенті Сооронбай Жээнбеков бас бапкер Александр Крестинин мен футболшыларды қабылдап, мемлекеттік наградалар тапсырды.
- Үкімет пен Қырғызстан футбол федерациясынан елдегі футболды дамыту бағдарламасын жасауды сұраймын. Жақында бұл мәселе бойынша премьер-министрмен сөйлестім. Бішкекте халықаралық деңгейдегі төбесі жабылатын стадион салуымыз керек. Ұлттық құрамамыздың жаттығуына, халықаралық матчтар өткізуіне жақсы мүмкіндік туады, - деді Жээнбеков.
Қырғызстан қазір FIFA рейтингінде 91 орында тұр. Бұл тізімде Қазақстан – 119 орында. Қазақстан 1994-2002 жылдары Азия футбол қауымдастығында ойнаған. Ал 2002 жылы Еуропа футбол қауымдастығына (UEFA) ауысқан. Қазақстан футбол құрамасы Азиядан Еуропаға өткенде елдің футбол федерациясын Рахат Әлиев басқарып тұрған еді.