"Әлем аруы" конкурсына Ресей атынан қатысатын Ксения Александрова баспасөз жиынында "Ресейде ондай жағдай болуы мүмкін емес, сол үшін Владимир Путин мен оның саясатына рахмет" деп мәлімдеді. Ал "Әлем аруы" титулынан үміткер Полина Попова "бәрі әйелге, оның өзін қалай ұстауына байланысты, ер адам әйелдің қылығына қарай әрекет етеді " дейді.
Пікірлерге қарағанда, Полина Попованың пайымын ресейлік комментаторлардың көпшілігі құптайды. Олар Вайнштейнді емес, оны жыныстық тұрғыда бопсалады деп айыптап жатқан әйелдер кінәлі деп санайды. Олардың ортақ пікірі: "Ондаған жылдар бойы көркі мен тәнін Харви Вайнштейн фильмдеріндегі рөлдерге айырбастап келген әйелдер енді аяқ астынан бірдеңені естеріне түсіріп, шатақ шығарып, келісімшартты қайта қарауды талап етіп жатыр" дегенге саяды.
Актриса Любовь Толкалина жыныстық бопса деген мүлде "керемет нәрсе емес пе", әдетте бұған әйелдің "өзі кінәлі", «осы, ер адамды сексуалдық бопсалауға қатысты қалай айыптауға болады, олардың жаратылысы сондай емес пе?» деп мәлімдеді. Көпшілікті әлгі сөздері айран-асыр еткен соң Толкалина оларды жуып-шаюға тырысты, бірақ жыныстық бопса құрбандарын шу шығармауға шақырды. "Негізі, әйел ер адамды қандай жағдай болса да ыңғайсыз жағдайда қалдырмауы тиіс деп санаймын" дейді ол.
Foreign Policy журналындағы мақала авторының жазуынша, жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты мұндай көзқарас патриархаттық Ресейге тән, мұндай көзқарастарды консерваторлар ғана емес, "Дождь" телеарнасының продюсері Михаил Козырев сияқты кей либералдар да құптайды. Журнал Владимир Путиннің 2006 жылғы қылығын еске салады - микрофонның қосулы екенін байқамай қалған ол "Әй, дегенмен ер екен! 10 әйелді зорлапты! Мен ол кісіден мұндай тегеурінді күтпеп едім! Бәрімізді қайран қалдырды! Ол кісіге бәріміз қызығамыз!" деп әйел зорлады деген айыпқа іліккен Израиль президенті Моше Кацаваны мақтаған болатын.
Мен тіпті болмашы әрі аяқастынан болсын, жыныстық сипаттағы шабуыл ешқашан ұмытылмайды дегім келеді
Роскино компаниясының бас директоры Екатерина Мцитуридзенің The Hollywood Reporter журналында жарияланған әңгімесіне жұрт сенер-сенбесін білмеді. Әлеуметтік желілерде оның бұ әңгімесі әжуаға қалды. Оның айтуынша, 2003 жылғы Берлин кинофестивалінде Вайнштейн оны қонақүйдегі бөлмесіне алдап апармақ болған, ал келесі жылы Венецияда шаруа жайын талқылау үшін шақырған, бірақ өзі халатпен шығып, төсектес болуды ашық ұсынған.
Әлеуметтік желілерде, оның ішінде Азаттықтың Орыс қызметінің Facebook парақшасында комментаторлардың көбі оны айыптап, зорлықшыны ақтайтын сылтаулар ойлап табуға кірісті. Екатерина Мцитуридзе «Мұндай пікірлер жайлы не ойлайсыз?» деген сұраққа былай деп жауап берді:
... жұрттың бір бөлігінің зорлықшыны жақтауы олардың ішкі кіріптарлығын, жалтақ жаратылысын, өмірлік құндылықтардан жұрдай екенін және өкінішке қарай, көбі құқық қорғау органдарына әлі сенбейтін көрсетеді
"Рухы мығым адамдар өзге адамның жан-дүниесін, проблемасын, азаматтық позициясын оңай түсінетін сияқты. Меніңше, жұрттың бір бөлігінің зорлықшыны жақтауы олардың ішкі кіріптарлығын, жалтақ жаратылысын, өмірлік құндылықтардан жұрдай екенін және өкінішке қарай, көбі құқық қорғау органдарының жұмысына әлі сенбейтін көрсетеді. Сондықтан олар бар кінәні жапа шегушіге артып, зорлықшыны мықты санап, оны ойланбастан жақтайды. Психолог мамандар мұны нақтырақ түсіндіре алады. Айтпақшы, мұндай көзқарасты құптайтындар Америкада да жетеді, мысалы, Facebook-тегі қисынсыз комментарилерінің кесірінен кеше танымал блогердің рейтингі бір күнде түсіп кетті. Мұндай нәрселер болашақта қайталанбас үшін қоғамда бұл проблеманың талқыланғаны, кінәлі адамның заң бойынша жауапқа тартылғаны жөн. The Hollywood Reporter журналына дәл сол себепті сұхбат беруді жөн көрдім" деп түсіндіреді Екатерина Мцитуридзе.
Ол мені итермелеп жуынатын бөлмеге кіргізді де, есігін жауып алып, оғаш қимылдар жасай бастады
Продюсер Виктория Смирнофф та жыныстық бопса құрбанына айнала жаздаған. Ол Харви Вайнштейнмен Лос-Анжелестегі кездесуі жайлы , Facebook желісінде былай деп жазды: сауық кеш өткен Beverly Wilshire қонақүйіндегі бөлмесіне барған продюсер Викториядан әжетхананы көрсетіп жіберуін өтінген. "Ол мені итермелеп жуынатын бөлмеге кіргізді де, есігін жауып алып, оғаш қимылдар жасай бастады. <...> Сол сәтте жігітім есік қағып "ей, екеуің не істеп жатырсыңдар?" деді. Харви "мына жерде қолайсыз екен, одан да жүр, мына жердегі "Пенинсулудегі" менің бөлмеме барайық" деді. Оның ниетін сол кезде ғана түсіне бастадым. "Әрине, әрине, сен бара бер, мен артыңнан келемін» дедім. Ол "тамаша онда, сені төменде күтемін" деп шығып кетті.
Әлгінің қылығына қайран қалып шығып "мынау есінен әбден алжасқан немесе бірдеңені тым көп иіскеп алған, мені зорламақ болды деп едім, олар "мүмкін емес, сен дұрыс түсінбей қалғансың ғой" деп сенген жоқ. Өйткені ақыл-есі дұрыс адамға мұндайды түсіну қиын. <...> Одан кейін де тағы талай рет келіп, есігімді тарсылдатты, ақыры оны ішке кіргіздік, оған бөлмесіне бармайтынымды айтып, бұдан кейін оныменсөйлесуге зауқым да, құлқым да жоқ деп түсіндіруге тырысып едім, ол "лоббиде күтем сені!" деді. Содан кейін тағы келді".
Виктория Смирнофф жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарының "өздері кінәлі" деп санайтындар жайлы былай деп жазды:
"Сендер сияқтылардың кесірінен жыныстық бопса құрбандарының көбі өздері тап болған жағдайды жария етуге қорқады. Мұның тағы бір себебі – полицияға неге бірден хабарламадыңдар, бұрын қайда болдыңдар, жылдар бойы неге үндемей жүрдіңдер" деген сұраққа жауапта жатыр. Мұның себебін өзі де зорлыққа тап болғанын айтып берген Мадонна «өйткені полиция мен сотта бірнеше рет түсінік беруге тура келіп, әлгі сұмдықты тағы басыңнан кешкендей боласың» деп түсіндірді. Бұған қоса, ұят деген нәрсе бар. Әлдебір актрисалар карьерасы үшін онымен өз еркімен төсектес болған да шығар. Олардың кім екенін оп-оңай анықтауға болады, бірақ өсек таратпай-ақ қояйын, олар үлкен әйелдер, кезінде сондай таңдау жасады, бұл - олардың өз шаруасы. Бірақ олардың тәжірибесі өзгелердің мәлімдемелеріне, талай рет "жоқ" деп бетін қайтарып тастаған, бірақ ақыры әлгімен төсектес болуға көнгендердің куәлігіне қалай кесірі тиеді?
Азаттықтың "Ресейде неге жұрттың көбі зорлық құрбандарына жаны ашымай, Вайнштейнге ашық араша түсіп жатыр? " деген сұрағына Виктория Смирнофф «Тоталитарлық елдегі тәрбие тұлға деген ұғымнан жұрдай екенін көптеген ресейліктердің (тіпті эмиграцияға кеткендердің де) Харви Вайнштейннің ісіне қатысты реакциясынан байқауға болады» деп жауап берді.
«Жапа шеккендер сол сәтте не істеуі тиіс еді, қазір не істеуі тиіс екенін солар (Вайнштейнді жақтағандарды айтады – ред.) біледі - құдды кезіндегі комсомол жетекшілері дерсің... Адамның әлдебір жеке себептері болған шығар деп ойламайды...
Айтпақшы, жуырда Роман Поланскиге әйел зорлаған деген жаңа айып тағылды, жапа шегуші әйелдің сөзінше, оны 45 жыл бұрын небәрі 15 жасында зорлаған. Әлгі әйел анам жүрек талмасынан өліп қалады, ал әкем Поланскиге бірдеңе істейді деген қорқыныштан сырын әке-шешесі қайтыс болғанға дейін - соншама жыл ішінде сақтаған. Оның үндемеу себебі әлгіндей болған. Ал мұны жан-дүниесі советтік болып қалған адамға қалай түсіндірерсің?
Әділін айту керек, дарақы комментарилерді америкалықтарда жазады. Мысалы, «Мына зорлықшы да демократ екен ғой!» деген. Бірақ бұл мүлде басқа әңгіме...»дейді Виктория Смирнофф.
Ақын Лида Юсупова «Бұл әйелдер соншама жылдан кейін неге зорлыққа ұшырағандарын естеріне түсіре қалды?» деп сұрап жатқандар көп. Мен тіпті болмашы әрі аяқастынан болсын, жыныстық сипаттағы шабуыл ешқашан ұмытылмайды дегім келеді» деп жазды.
Әйелдің адам ретіндегі, ешкімнің тиісуге құқығы жоқ жеке тұлға ретіндегі ерлермен тең құқығын қорғау әрекеті Ресей қоғамында күшті қарсылыққа тап болады.
Азаттықтың Ресейде сексизмнің салтанат құру себептері жайлы сұрағына Лида Юсупова былай деп жауап берді:
«Ресейде ер адамдардың әйелді сабауға, зорлауға болады деп санайтыны, ал ер адамдардың үстемдігін нығайту үшін әйелдер бұған көніп, азап шегіп, ақыры өлетіні шошытады, бірақ таңдандырмайды. Ресейде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан жыл сайын 14 мың әйел қаза табатынына қарамастан, ер адамдарға әйелдерін сабауға биыл ақпанда Путин рұқсат беріп қойды. Әйелдің адам ретіндегі, ешкімнің тиісуге құқығы жоқ жеке тұлға ретіндегі ерлермен тең құқығын қорғау әрекеті Ресей қоғамында күшті қарсылыққа тап болады. Жыл сайын наурыздың 8-і күні ресейлік ер адамдар әйелдерді сұлу, аяулы, сүйікті жандар деп атап, гүл сыйлайды, бұл - мемлекеттік мереке, бұған қоса, мемлекеттің ер адамдар арқылы әйелдердің басын айналдыруы. Ресейлік әйелдер зорлауға қарсы тұрмайды, өздері кінәлі деп айту дұрыс емес, өйткені өмір сүру үшін олардың көнуден өзге шарасы жоқ. Ал қарсылық таныту үшін батылдық, көпшіліктің, оның ішінде қолында билік пен күші бар жандардың шабуылына әзір болуы тиіс».
Әйелдерге өзара көмек желісін құрушылардың бірі Алена Попова Ресейдің қылмыстық кодексіне жыныстық бопса туралы бап енгізу керек деп санайды. Попова " Испанияда, мысалы, күш қолданып немесе қорқыту арқылы жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені үшін бір жылдан бес жылға дейін түрмеге қамалады. Ал Ұлыбританияда, Шотландиядан бөлек аймақтарында мұндай бопса үшін алты айға дейін қамайды немесе айыппұл салады; Шотландия бес жылға дейін түрмеге кесуі мүмкін; Франция бір жыл түрмеге кесіп немесе 15 000 еуро айыппұл төлетеді" деп ескертеді. Бірақ оның ұсыныстарының іске асуы екіталай сияқты. 2017 жылы қабылданған отбасындағы әлімжеттік әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау туралы заңға қарағанда, бұл жағынан кері кету байқалады, ал ресейліктердің көбі бұдан тіксінбейді және наразылық танытпайды.
Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Дмитрий Волчектің мақаласы орыс тілінен аударылды.