АҚШ ресми өкілдері саммиттің күн тәртібінде Сирия тұрғанын және екі мемлекет басшысының не туралы сөйлесетінін айтты.
РЕСЕЙДІҢ МҮДДЕСІ
Ресейлік басылымдарда «Мәскеу Сириядағы соғысқа араласпаса, одақтасы Башар Асадтан айрылады. Оның режимі құлап, Ресейге қауіп төндіріп тұрған террорлық ДАИШ ұйымы күшейіп, Сирияда жеңіске жетуі мүмкін» деген мәлімдеме жиі айтылады. Әу баста Ресейдің Сирияға баруының екі себебі болды.
Саясаттанушылардың ойынша, біріншіден, Кремль ел ішінде әскери-саяси жарнама жасағысы келді. Ресейдің Сириядағы әскери операциялары туралы жаңалықтар ресейлік телеарналар эфирінің көп бөлігін алды. Тіпті Украинадағы оқиғаны да ығыстырды. Екіншіден, Сириядағы соғыс Ресей үшін Қырымды аннексиялап, Донбастағы соғысқа себепкер болған соң халықаралық оқшаулаудан шығуға көмектеспек. Сирия қақтығысына араласқан Батыс елдері мен Таяу Шығыс Кремльмен келіссөз өткізуге мәжбүр.
Бірақ «Левада-Центр» орталығының сауалнамасы бойынша, ресейліктердің 49 пайызы Ресей Сириядағы әскери операцияны аяқтауға тиіс деп санайды. Оны жалғастыруға сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі ғана келіседі. Бірақ соғысқа қарсылар саны артып келеді. Бұған қоса, сауалнамаға жауап бергендердің 32 пайызы Сирия қақтығысына араласу Ресей үшін «жаңа Ауғанстан» болуы мүмкін деп қорқады. Ал ресми Мәскеу осыған дейін «Сириядан әскер шығарамыз» деп бірнеше рет мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: Киев Трамп-Путин саммитінен секемденеді
Екінші жағынан, Мәскеу Сириядағы соғысты түрлі мәселелер бойынша (соның ішінде Украина бар) АҚШ позициясына ықпал ету мүмкіндігі деп қарастырады. Ал Трамп Путинмен талқылайтын тақырыптардың арасында Украина бар екенін айтты.
АҚШ бастаған халықаралық коалиция 2014 жылдан бері ДАИШ-пен әуе күштері арқылы соғысып келеді және күрд жасақтарын қаруландырып отыр.
Біріккен күш Сирияның солтүстігінде ДАИШ-ты жеңіп, оның астанасы Ракка қаласын алды. Бұл кезде Иракта үкімет күштері, шиит және күрд жасақтары халықаралық коалицияның қолдауымен миллионер қала Мосулды қайтарды. Иран да ДАИШ-пен және Сирия оппозициясымен соғысып, Асад режиміне қолдау көрсетіп отыр. Ресейлік ирантанушы Владимир Сажиннің есебінше, Асад режимі жағында 80 мыңға дейін ирандық әскери соғысып жүр.
Ресейлік сарапшылардың бір бөлігі Трамптың наурыздағы мәлімдемесіне қарамастан, АҚШ Сириядан кетпейді деп санайды.
«Америка әскерін Сириядан шығару ықтималдығы Ресеймен бірдей. Біздікілер де «шығарды» ғой. Сценарийлері бірдей. Біразын шығарады, жағдай ушықса дереу қайтадан барады. Трамптың сөзі - декларация» дейді шығыстанушы Алексей Малашенко.
Қазір АҚШ ДАИШ-ты тұтастай жоюды көздейді, бірақ оның ежелгі одақтасы Израиль Иранның күшеюінен қорқады. Бұл мәселеге АҚШ-ты да, Ресейді де елеусіз қарай алмайды. Әлемдік мұнай нарығы да аймақтағы жағдайға тәуелді. Сондықтан шығыстанушылар АҚШ-тың Сириядан тұтас әскерін шығаратынына күмәнданады.
Трамп Түркия, Сауд Арабиясы және Израильмен келісіп, АҚШ әскері кеткеннен кейін Сирияның қандай болатынын анықтап алғысы келеді. Путинмен келіссөзде де бұл туралы айтылады. Бірақ кездесуде соғыс біткен соң Сирияны қалпына келтіру жоспары талқылана ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Әскери әрекет тоқтауға тиіс «деэскалация аймағының» не болары да басы ашық мәселе. Бұрын Ресей, Иран мен Түркия деэскалацияның төрт аймағы барын мәлімдеген еді. Ол жерде Сирия көтерілісшілері мен оппозиция орналасқан.
Дегенмен «деэскалация аймағында» соғыс ушығып кетті. Соңғы жылда екі рет химиялық қару қолдану туралы дерек түсті. Оны БҰҰ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым растады. Халықаралық қауымдастық химиялық шабуылға Асад үкіметі мен Ресей айыпты деп санайды. Сарапшылар жаңа аймақтың сызбасы әзірленсе де, бейбіт келісімнің ауылы әлі алыс екенін айтады. Себебі Иран мен Израиль соғыс алдында тұр. Олардың соғыс алаңы Сирия болуы мүмкін.
ИРАН ӘСКЕРІ
Тараптар талқылайтын негізгі мәселе – Сириядағы Иран күштері. АҚШ-та, Израиль де Ресейдің Сириядағы жағдайға араласуына қарсы емес, бірақ мемлекеттер арасындағы шиеленіс артып келеді. 2017 жылдың көктемінде алғаш рет Хан Шейхундағы химиялық шабуыл туралы мәлімдегенде Трамп «Томогавк» зымыранымен сириялық «Эш-Шайрат» әуебазасын атқылауға бұйрық берді. Бұл базаны Ресей әскері қолданады. Осыдан соң Ресей Сирияда АҚШ-пен авиаынтымақтас болуын тоқтатты.
2018 жылы ақпанның 7-сінде Дейр-эз-Зора аумағында АҚШ Сирия үкіметтік күшіне қарсы соққы берді. АҚШ әскерилерінің мәлімдеуінше, Асад әскерінен 300 адам қаза тапқан.
Оқи отырыңыз: Трамп пен Путин кездесуінен не күтуге болады?
АҚШ мен Израиль Сирияның оңтүстігінде, Израиль шекарасына жақын маңда Иран әскерінің кетуін қалайды. АҚШ пен Израиль Иран әскерилері мен ираншыл қарулы күштер Сириядан толықтай кетсін деп санайды.
Иран мен Сириядағы қазіргі режимде бұл талаптың орындалуы екіталай. Тіпті көңілі соққан күнде Ресейдің Иран әскерін шығара алуы күмәнді. Иран Асадқа үлкен ықпал етеді. Олардың байланысы берік. Сирия бойынша ресейлік сарапшы Кирилл Семенов Башар Асадтың маңында жетекші рөлді інісі Махер атқарады дейді. Ол Иранмен одақтас болғанды қалайды.
«Махер Асадтың Иран арнайы қызметімен байланысы бар екені анықталды. Ішкі шиеленіс басталған бетте ол Иран әскери мамандарын тартты. Махед Асад бақылайтын бөлімшелерде шиит әскери күштерінің филиалы құрылып жатыр» дейді Семенов.
Оның үстіне, Асадтың бұл күштерсіз мемлекетті қалай бақылайтыны белгісіз. АҚШ, Израиль және Ресейдің қысымымен сириялық армия Иран жасақтарының орнын басқандай болды. Бірақ америкалық Wall Street Journal газетінің дереккөзі «Иран қолдайтын жасақ Израиль соққысынан қашу үшін сириялық форманы киіп жүр» дейді.
Трамп пен Путин Ресей әскерилері кейбір аудандарда Иран жасағының орнын басуы туралы келісімге келу мүмкін. Бірақ оған қол жеткізу оңай емес. Дәл қазір Кремльдің қолында Сирия режиміне қысым жасайтындай тетіктер жоқ. Сондықтан Мәскеу АҚШ пен Израиль талабын орындай қоймас.
Әзірге Кремль Асадты қолдау үшін Сириядағы әскерилерін көбейтуге батпай отыр. Бір жағынан, Ресей үшін Иран жасағының орнын басу - тым қымбатқа түсетін, абырой әкелмейтін және үлкен шығынға ұшырататын жұмыс. Дегенмен, Путин мен Трамп өзара келісімге келуі мүмкін.
Мысалы, Трамп Ресейге Сирияның бірқатар аудандарын беріп, Мәскеу үшін тиімді сауда келісіміне қол қоюы ықтимал. Дераадағы соғысқа АҚШ әскерін араластырмауға уәде беруі мүмкін. Бәлкім Украина бойынша да ұсыныстар жасар. Путин оған жауап ретінде Израильмен шекаралас аудандарға ирандықтарды жібермеуді уәде етуі ықтимал.
Таяу Шығыс бойынша сарапшы Михаил Магидтің жазбасы орысшадан ықшамдалып аударылды. Автор пікірі Азаттық радиосының ұстанымын білдірмейді.