Грузия билігі биылдан бастап табиғи газ сатып алатын жалғыз елге айналған Әзербайжанмен тату көрші болып қалғысы келеді. Бірақ Батыс елдеріне берген міндеттемелеріне сәйкес, демократиялық нормаларды да орындау керек.
АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Грузия билігі әзербайжандық журналист Афган Мухтарлыны Тбилисиден ұрлап әкету ісін "уақытында әрі жан-жақты" тексеруді тағы талап етті. 2017 жылы мамырдың 29-ы күні Мухтарлы Тбилисиде жоғалып кеткен. Ертеңінде оның Бакудегі тергеу абақтысында қамауда отырғаны анықталған. Журналистің мәлімдеуінше, Грузия криминалды полициясының қызметкерлері оны Тбилисидің орталығында көлікке күшпен отырғызып, ұрлап әкеткен. Оны грузин-әзербайжан шекарасына апарып Әзербайжан билігіне табыстаған.
Тағы бір болжам бойынша, Әзербайжан арнайы қызметі опппозициялық журналистің ізінен Тбилисиде бірнеше ай бойы аңдыған әрі оны Грузия билігімен келіспей ұрлап әкеткен. Бірақ Грузия сарапшылары арасында бұл болжамға сенбейтіндер көп.
Әзербайжан соты Афган Мухтарлыны "грузин-әзербайжан шекарасынан заңсыз өткені үшін" алты жылға соттаған. Мухтарлы - президент Әлиевтің отбасына қатысты жүргізілген бірқатар журналистік зерттеулердің авторы.
Михаил Саакашвилидің оппозициялық "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясы "Мухтарлы ісіне" байланысты премьер-министр Георгий Квирикашвилиді қарапайым демократиялық нормаларды бұзды деп айыптап, үкіметті толық құрамды отставкаға кетуін талап етті.
Грузияда журналисті ұрлап әкету ісіне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ал мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне қарасты барлау департаменті басшысы мен шекара полициясы бастығы тергеу аяқталғанша қызметтерінен шеттетілген.
Бұрынғы ішкі істер министрі Георгий Мгебришвили отставкаға кетерден сәл бұрын "іс жүзінде Афган Мухтарлыны Тбилисиден ешкім ұрлап әкеткен жоқ. Ол "жасыл шекара аймағында" әлдебір әзербайжандық журналистке қомақты ақша бермек болған кезде тұтқындалды" деген.
Еуропа одағы ресми сайтында мәлімдеме жариялап, Грузия үкіметін "жан-жақты әрі ашық тексеру" жүргізуге шақырған.
Талай жылдар бойы қиын әрі шетін сипаттағы дипломатиялық қақтығыстарды реттеуге тікелей араласып келген мемлекеттік канцелярияның бұрынғы жетекшісі Петре Мамрадзе Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында "қазіргі үкімет проблеманы бұлай тым шиеленістіріп жібермей шешуге болатын тиісті профилактикалық шараларды жасамады" деді.
– Грузия билігі бұл істі реттеуде тіпті жай "шорқақтық" емес, "мүлде олақтық" танытты. Әзербайжан немесе Түркиядағы режиммен күресіп, ол жақтан қашқан диссиденттер үшін Грузия "мекен" бола алмайды. Бізде мұндай мүмкіндік жоқ. Грузия АҚШ емес қой. Бірақ бұл шаруаны оңай шешуге болар еді. "Тиісті адамдармен" сөйлессе, Мухтарлы қазір саяси босқын мәртебесін алып Еуропада, Голландияда немесе Германияда жүрер еді. Ал мұның орнына полицейлер үстіндегі формасын да шешпестен адамды ұрлап әкетіп, Әзербайжан билігінің қолына табыстаған. Бұл Грузияның беделіне нұқсан келтіретін ауыр соққы. Бірақ енді шегінерге жол жоқ. Өйткені Мухтарлыны қайтара алмаймыз. Оны ұрлап әкету Грузия беделіне "қара дақ", - дейді ол.
Мамрадзенің пайымдауынша, Грузия билігі "бәледен аулақ болу үшін" Мухтарлыға Еуропаға кетуге мүмкіндік беру керек еді.
- Әзербайжан баспасөзінде "Грузия Әзербайжан дос елміз деп серт беріп алып, енді АҚШ-тың мемлекеттік департаменті көмегімен сүйікті көсемді биліктен тайдыруға тырысқан деструктивті күштерді паналатып жатқан елге айналды" деген сарында мақалалар шығып кетті. Сондықтан бұл мәселені дер кезінде шешу керек еді. Мемлекеттік құрылымдарда көп жыл жұмыс істеген адам болғандықтан, мұндай шаруа қалай реттелетінін білемін ғой. Мухтарлы мен өзге оппозиционерлерге "бұл жер қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ете алмайды" деп Батыс елдерінің өздері хабарласып, олар Батысқа кетіп қалса Грузия өз имиджін сақтап қалар еді, – дейді Мамрадзе.
Саясаттанушы Торнике Шарашенидзенің пікірінше, Грузияның тексеру жүргізіп,журналисті ұрлап әкетуді ұйымдастырған шенеуніктерді қатал жазалаудан басқа амалы жоқ.
– Грузия Әзербайжан мен Батыстың арасында екі оттың ортасында қалған жоқ. Тек тексеру жүргізіп, кінәлі адамдарды жазалау керек. Сонымен бітті! Біреулерді қызметінен алған сияқты. Бірақ әлгі шенеуніктер жазықсыз, өйткені Мухтарлыны ұрлап әкетуді Грузия жағынан әлдеқайда мықты күштер ұйымдастырған.
– Бірақ журналисті ұрлап әкетуге қатысты оқиғаны Грузия билігі бірнеше айдан бері тексере алмай отырғаны факт...
– Өйткені оны ұрлап әкетудің артында ықпалы өте мықты адамдар тұр. Әзербайжан Мухтарлыны қолға түсіргісі келді - түсірді. Енді оны олардан ешкім "тартып алмайды". Грузия істі тәуелсіз әрі әділ тексерсе де Әзербайжанмен қатынасы бұзылмайды.
Тбилисидегі Илия атындағы университет профессоры Георгий Нодияның айтуынша, үкімет елдің "имиджіне келген нұқсанды" барынша азайтуға тырысып жатыр.
– Грузия билігі прагматикалық тұрғыдан әрекет етуге тырысып жатыр. Олар Вашингтон мен Брюссельдің алдында "жақсы жағынан көрінгісі келеді". Бірақ бұл олар шынымен демократиялық құндылықтарды ұстанады деген сөз емес. Билік Мухтарлыны ұрлап әкетуге бөгет болмады. Демек, өз таңдауын жасады. Ең сорақысы, бұған олардың өзі тікелей араласқан болуы мүмкін. Енді олар Грузияның беделіне келетін нұқсанды барынша азайтуға тырысып жатыр. Басқа шара жоқ.
– Егер "әділ әрі ашық тексеру" нәтижесінде журналисті Тбилиси орталығынан шынымен Әзербайжан арнайы қызметі әрі Грузиямен келіспей ұрлап әкеткен болып шықса, бұл көрші екі елдің қарым-қатынасына жағымсыз әсер ете ме?
– Грузия дәл осы себепті Бакумен де, Вашингонмен де, Брюссельмен де жүз шайысқысы келмейді. Шамасы, олар ештеңе істемей, тексеру жүріп жатыр деп қайталап, істі созбақтай беретін шығар. "Екі шенеунікті қызметінен алдық, яғни қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, бірақ бұдан артыққа шамамыз жоқ" деулері де мүмкін. Осылайша үкімет әрекетсіздігін"әрекет" етіп көрсетеді. Мына жағдайда Грузия бұдан артық амал ойлап табуы екіталай, - деп топшылайды Георгий Нодия.
Грузия Ішкі істер министрлігі жүздеген куәгерден жауап алынып, Афган Мухтарлыны ұрлап әкетті деп болжанған орыннан түсірілген барлық видеожазбаларды қарап шыққан. Бірақ Азаттыққа "әзербайжан журналисін ұрлап әкету іс бойынша әзірше жаңалық жоқ" деп хабарлады.
(Азаттықтың Грузиядағы штаттан тыс тілшісі Георгий Кобаладзенің мақаласы орысшадан аударылды).