Accessibility links

Қырғызстан оппозициясы – кезекті парламент және президент сайлауы қарсаңында


Биыл Қырғызстанда кезекті парламент және президент сайлауы өтеді. Қырғызстанның қазіргі президенті Асқар Ақаев екінші президенттік мерзімі аяқталатын қазан айынан кейін биліктен кететінін бірнеше рет мәлімдеген болатын.

Егер президент Асқар Ақаев өз сөзінде тұратын болса, Қырғызстан – Совет одағы ыдырағаннан бергі жаппай сайлау арқылы мемлекеттік билігі ауысқан Орта Азиядағы бірінші ел болмақшы.

Қырғыз оппозициясы келесі айда өтетін парламент сайлауында көпшілік мандатқа ие болуға тырысып жатыр. Өйткені, оппозиция парламент сайлауының нәтижесі қазан айында өтетін президент сайлауының қорытындысына сөзсіз ықпал етеді деп есептейді.

Қырғызстандағы оппозициялық жетекші “Ар-Намыс” партиясының лидері, осы күні абақтыда отырған Феликс Құлов Азаттық радиосына арнайы берген сұхбатында сайлау алдында оппозицияны біріктіру мақсатында атқарып жатқан істерін баяндап берді.

Оппозициялық “Ар-Намыс” партиясының лидері Феликс Құлов – қазіргі тәуелсіз Қырғызстанда ықпалы зор саясаткерлердің бірі. Бірақ ол қазір өз партиясын, көрші елдегі “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясының лидері Ғалымжан Жақиянов сияқты, абақтыда отырып басқарады.

2000 жылдың наурызында Феликс Құлов “билікті асыра пайдаланды” деген айыппен тұтқындалып, 2001 жылы 7 жыл мерзімге түрмеге жабылды. 2002 жылы болған екінші сот процесінде оған “мемлекеттің дүние-мүлкін талан-таражға салды” деген қоымша айып тағылып, Кулов сот үкімімен 10 жылға кесілді.

Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан адам құқықтарын қорғаушы “Хьюман Райтс уотч” халықаралық ұйымы Феликс Құловты “билік басында отырған Асқар Ақаевқа қарсы 2000 жылғы президент сайлауында дауысқа түспек болғаны үшін сотталды” деп санайды. Аталмыш ұйым Қырғызстан басшылығын оны босатуға шақырды.

Қырғызстандағы жалғыз саяси тұтқын болып танылған Феликс Құлов абақтыда отырса да саяси күресінен бас тартқан жоқ. Түрмеде отырған 2001 жылдың қарашасында ол Қырғызстандағы “Ар-Намыс”, “Ата-Мекен”, Халық партиясы сынды бірнеше оппозициялық партияны біріктірген Қырғызстанның Халық Конгресі қозғалысының төрағасы болып сайланды. Халық Конгресі 27 ақпанда өтетін парламент сайлауына және қазан айындағы президент сайлауына да түспекші.

Бақылаушылардың ортақ пікірінше, Феликс Құловтың абырой-беделі оппозицияны біріктіруге жетіп артылады. Бірақ мәселе басқада – оның өзі шынында да бірігуді қалай ма?

Халық Конгресі “Қырғызстанның Халық қозғалысы” деп аталатын басқа оппозициялық құрылыммен келіссөз өткізді. Екі қозғалыс өзара сайлау алдында бірігу мүмкіндігін талдасты. Бұл келіссөз жөнінде түрмеде отырып Азаттық радиосына берген сұхбатында Феликс Құлов хабарлады.

"Таяуда Құрманбек Бәкиев құрған Қырғызстанның Халық қозғалысымен алғашқы кеңесімізді өткіздік. Біз “бірігу керек” деген ортақ пікірге келдік. Бірақ бірігудің белгілі бір тактикасы болғаны керек. Бүгінгі таңда рухы бір адамдар бірігуге тиіс”, – деді Феликс Құлов Азаттық радиосына.

Өткен аптада қырғыздың өзге оппозициялық партиялары да өзара ынтымақтасту жоспарын жариялады. Қырғызстан Халық қозғалысы, Әлеуметтік партия, “Ата жұрт”, “Жаңа бағыт” сынды партиялар ақпан айындағы парламент сайлауының еркін де әділ өтуіне кепіл болу үшін өзара ынтымақтасту туралы бірлескен меморандумға қол қойды.

Халық қозғалысының лидері, бұрынғы премьер-министр Құрманбек Бәкиев ынтымақтасудың мақсат-мүддесін: “Бұрын 5 түрлі мақсатты көздеген бұл 5 қозғалыс бірікті. Біз ең алдымен парламент сайлауы барысында кез-келген заңсыздыққа, бұрмалаушылыққа жол бермеу үшін біріктік. Егер қандай да бір заңсыздыққа жол берілсе, оған біз “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып” күресетін боламыз”, – деп түсіндірді.

Бірақ Құловтың атап көрсетуінше, Бәкиевтің қозғалысымен бірігуге басқа проблема тосқауыл болып тұр. Оның пікірінше, Қырғызстан Халық қозғалысының әлі айқын саяси бағдарламасы жоқ.

“Бізді бір саясаткерді немесе оның саяси бағдарламасын емес, бір жеке тұлғаны қолдады деп айыптамас үшін, халық қозғалысы өзінің саяси-экономикалық бағдарламасын жариялағанша тоса тұрайық деп шештік. Сонда ғана біз бірігу мәселесін талдайтын боламыз”, – деді Феликс Құлов Азаттық радиосына.

Ал бақылаушылардың пікірінше, Құловтың Халық қозғалысымен ынтымақтасудан қашқақтауына Бәкиевтің ел арасындағы абыройы мен ықпалы да себеп болуы әбден мүмкін. Қырғыз коммунистері мен “ұр да жық либералдарды” Халық қозғалысының төңірегіне жинай білген Құрманбек Бәкиев өзінің президент сайлауына үміткер болып түспек ниетін ашық мәлімдеп, бірқатар оппозициялық партиялар оны қолдап та үлгерді.

Халықаралық қауымдастықтың қысымымен Феликс Құловтың мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы ықтимал. Бірақ қазан айына дейін еркіндікке шыққанның өзінде де, Қырғызстан конституциясы бойынша, Феликс Құлов президент сайлауына түсе алмайды. Қырғызстанның бұрынғы сыртқы істер министрі, “Жаңа бағыт” партиясының лидері Мұратбек Иманәлиевтің пікірінше, Құловтың басқа үміткерді қолдап шығуы мүмкін.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Мұратбек Иманәлиев былай деп ой бөлісті: “Феликс Құлов өзінің тар қапаста отыруына қарамастан, қазіргі Қырғызстаның ірі әрі аса ықпалды саясаткерлерінің бірі. Қолында бар саяси механизмдер арқылы алдағы парламент және президент сайлауы барысында ол саяси партиялардың іс-қимылына жол көрсете алады. Ол қайсыбір үміткерді ұсынады немесе үміткерлікке кімде-кімді таңдап алды деп кесіп айту қиын. Бірақ, егер Феликс Құловтың өзі қажет деп тапса, сайлау барысында оның сөзі, оның қолдауы кімге болса да зор салмақ болатыны сөзсіз”.

Әйтсе де, Иманәлиевтің пікірінше, Құловтың сайлауға дейін түрмеден шыға қоюы екіталай.

“Ресми билік үшін Феликс Құлов – үлкен саяси қатер. Сондықтан да билік президент сайлауының қарсаңында оны түрмеден босата қояр деп ойламаймын”, – дейді Мұратбек Иманәлиев.
XS
SM
MD
LG