Accessibility links

Өзбекстан мен Түркіменстанда билік жастарды тар шеңберде ұстағысы келеді


Орта Азия елдері арасында өкіметтің қатаң саясаты астында өмір сүріп жатқан Өзбекстан мен Түркіменстан жастары билік тарапынан көптеген шектеулерге кезігеді.

Өзбекстан жастары ұзақ жылдар бойы Қырғызстанды басқарып келген президент Асқар Ақаевты биліктен құлатқан төңкерісті жақыннан бақылады. Ташкенттегі әкімшіл-әміршіл режим өзбек жастарына өзінің саяси талаптарын осылайша білдіруіне онша көп мүмкіндік бермейді.

Орта Азия елдерінің арасынан мейлінше қатыгез режим орнатылған Түркіменстанның жастарында, шетелдерде жүрген құрдастарының қозғалысына үміт артудан басқа, тіпті ешқандай мүмкіндігі жоқ.

20 жастағы Хасан – Өзбекстан астанасы – Ташкентте оқитын студент. Қырғызстандағы оқиғалардан кейін ол дәл осындай құбылысты өз елінде көргісі келетінін жасырмайды. Бірақ, ондай төңкерістің қайнаған ортасында Хасан Өзбекстандағы мемлекеттік билікті өз қолына алғысы келген оппозицияны көргісі келеді.

- Грузия мен Украина және Қырғызстандағыдай оқиғалар халықты игілікке жеткізетін болса, мен оны қолдайтын едім. Алайда, халыққа қызмет ететін билікті жасақтауға қол жеткізбесе, ондай шаралардан еш пайда жоқ. Оның есесіне, әрқашан да қатер бар. Сізді билікке қарсы жиынға баруға үгіттеп келген адам – не халықтың мұң-мүддесін көздеп келді, не ол ресми билікпен ауыз жаласқан адам. Егер әлгіндей үгіттеушілерге сенген болсам, наразылық жиындарына мен қатысар едім, - деді Хасан.

Хасанмен салыстырғанда Түркіменстан жастарының, өз еліндегі саяси режимді өзгерту туралы пікірін білдіре алмайтынын айтпағанда, Қырғызстандағы оқиғаларға деген көзқарасын да білдіре алатын мүмкіндігі жоқ. Әйтсе де, “Айдынлық” (“Жариялылық”) сынды шетелде қуғында жүрген түркімен жастарының ұйымы бар. Осы ұйымның мүшелері өздерінің Интернет-парақшасы арқылы (www.nesil.org) Қырғызстандағы төңкерісті қолдайтындарын ашық жазды.

Аталмыш ұйым лидерінің пікірінше, Түркіменстан сынды атышулы деспоттық әрі жабық қоғамды саяси тұрғыдан өзгертуге бағытталған қозғалыста түркімен жастары айтарлықтай рөл атқара алады. Азаттық радиосына берген сұхбатында жеке басының қауіпсіздігі мақсатында өзінің аты-жөнін және паналаған елін атамауды жөн көретін Владимир жас түркімендер де Қырғызстан жастарындай белсенді рөл атқара алады деп мәлімдеді.

- Жастар дәл сондай рөл атқаруға, әрине, дайын. Қырғызстанға қараңызшы - оны “демократияның аралы” деп атап келгенімен, ол Түркіменстаннан айнымайды: көшелерде А.Ақаевтың портреттері ілініп тұр, ауылдарды жоқшылық жалмаған. Оппозицияны қудалауы, әлбетте, Түркіменстандағыдай кең ауқымда болмағанымен де, қудалау бәрібір бар. Қырғыз жастары, негізінен, ауылдан шыққандар, кезегі келгенше саяси белсенділік көрсетпеді. Оның есесіне, сәті түскенде, жастар көшеге шықты – олар жеңіске жетті. Сондықтан да елдегі бірқалыпты көрінген жағдайға алданудың қажеті жоқ, - дейді Владимир.

Тәуелсіздігін алған алғашқы кезінен-ақ Өзбекстан да, түркімен үкіметі де елдің жас буынын бақылауына алуға күш жұмсады. Өзбекстанда ресми билік “Камолот” деп аталатын жастар ұйымын құрып, осы ұйым арқылы жас ұрпақ арасында ресми биліктің саясатын жүргізді.

Хасанның айтуынша, билік оның өзі мен тағы бірнеше танысын еріксіз Камолот қатарына қабылдаған. Хасан өзінің бұл ұйымға мүше болуға ешқандай ынта-ықыласы жоқ екенін айтады.

- Камолоттың іс-әрекетіне менің көңілім толмады. Өйткені, бұл ұйым өзін радио мен теледидар арқылы жаппай насихаттаудан басқаны білмейді. Өзіміздің Камолотқа мүше болып қалғанымызды біз білген де жоқпыз. Камолотқа мүше екенімізді біз 1 жылдан кейін - кейбіреулер бір құжаттарға біздің атымыздан қол қойғанда ғана білдік. Камолот - Совет Одағы тұсында болған комсомолды еріксіз көзге елестетеді, - дейді Хасан.

Өзбек үкіметі дарынды студент жастарды Батыс университеттерінде оқыту үшін “Үміт” атаулы тағы бір жастар ұйымын құрды. “Үміт” өткен жылы жабылды. Бақылаушылардың ортақ пікірінше, Грузия президенті Михаил Саакашвили сынды Батыста білім алған саяси қайраткерлердің билікке келуі – ресми Ташкентті қатты сескендіріп, дарынды студенттерін шетелдерде оқыту ниетінен бас тартуға мәжбүр еткен тәрізді. Дәл осы себеппен Өзбекстан ел ішіндегі үкіметтік емес халықаралық ұйымдардың іс-әрекетін де шектей бастады. Мысалы, Дж.Сорос Қорының “Ашық қоғам Институты” Ташкентте 2004 жылы жабылды. Араға бірнеше ай салып Халықаралық баспасөз ұйымы – Интерньюстің де қызметі тоқтатылды. Болжам бойынша, осы екі ұйым да 2003 жылы грузин оппозициясын қолдап шыққан. “Мақпал төңкерісі” нәтижесінде Грузияда билік басына М.Саакашвили бастаған жаңа үкімет келді.

Өзбекстан мен Түркіменстан үкіметтері мемлекет меншігіне қарайтын телеарналардың жаңалықтар бағдарламаларын күрт шектеді. Мерзімді басылымдар қатаң цензураға бағындырылды; білім беру саласының оқу жоспары да мемлекеттің қатаң қадағалауына көшті. Мысалы, Түркіменстанда ата-аналар мектептегі кәдімгі пәндердің өзі де мемлекеттік үгіт-насихат материалдарымен алмастырылғанына наразылы болып отыр. Орта мектептің бүкіл оқу жоспары түркімен президенті Сапармұрад Ниязовтың “Рухнама” кітабына негізделген. Ол кітабында автор жеке басының тарихы мен философиялық көзқарасын суреттейді. Ешбір өзге ой-пікірге жол берілмейді.

Өзбекстанда да жоғарғы білім беру бағдарламасына президент Ислам Кәрімовтің көптеген кітабы енгізілген. Университет бітірген мамандар немесе диссертация қорғаған ғалымдар И.Кәрімовтің барлық кітабының мәтінін жатқа біліп шығады. Студент Хасанның айтуынша, университет оқытушыларының көпшілігі ресми Ташкенттің білім саясатын сынаудан сескенеді.

- Сабақтың бір бөлігі аудиторияда ешбір цензурасыз еркін пікір алмасу түрінде өтеді. Біз өз ойларымызды ашық айта аламыз, бірақ, тек аудитория ішінде ғана. Біздің профессорларымыз бізбен келіседі. Алайда, олар ресми биліктің саясаты жөнінде де бір-екі ауыз жылы сөз айту керек; өзбек үкіметін мақтау керек деп ойлайды. Өйткені ресми билік өкілдері оларға солай істеңдер деп нұсқау берген, - дейді Хасан.

Хасанның атап көрсетуінше, ресми билікті сынаған студенттердің де жазаға тартылуы әбден мүмкін.

- Өзбекстан үкіметінің саясатына асқан “қошеметпен” қарайтын кейбір профессорлар да бар. Олар сондай көзқарасы үшін ресми биліктің қамқорлығына ие болады. Егер біз олардың көзқарасымен келіспесек, емтиханда төмен баға аламыз. Сондықтан да біз осындай профессорлардың дәрістерінде “бетегеден биік, жусаннан аласа” болып отыруымыз керек, - дейді өзбек жасы Хасан.
XS
SM
MD
LG