Accessibility links

Ресей облыстарының бірігуінде нендей саясат тұр?


Мәскеу Сібірдегі үш облыс-аймақтың өзара қосылуын қуана қолдады. Красноярск өлкесі, Таймыр және Эвенкия автономиялық аймағының бірігуі – Кремльдің елдегі қазіргі 89 облыс-аймақты бір-біріне қосып, шамамен 40 немесе 50-ге дейін қысқарту арқылы бүкіл мемлекеттік билікті бір орталыққа шоғырландыру мүддесіне сай келеді.

Көп жылдан бері Ресей президенті В.Путиннің әкімшілігі “билік вертикалі” деп аталатын немесе жоғарыдан ең төменгі деңгейге дейінгі мемлекеттік билікті нығайту керектігін шаршамай айтып келеді. Мәскеудің пікірінше, сыбайластық жемқорлықтың терең тамыр жаюына, облыс-аймақтарды басқарудың тиімділігіне және экономиканың сан саласындағы реформалаудың баяу жүзеге асуына елдегі биліктің бір орталыққа бағынбауы себеп болып келді.

Путиннің тұсында Кремль облыс губернаторларының немесе әкімдері мен жергілікті заң шығарушы Думалардың құзырын шектейтін заңның қабылдануына мұрындық болды. Сондай-ақ, федералдық парламент - Мемлекеттік думадағы саяси партиялардың қатарын қысқартуды алдын-ала жобалады.

Өткен жексенбі күні Сібірдің Таймыр және Эвенкия автономиялық аймақтары мен халық саны әлдеқайда көп Красноярск өлкесін біріктіру мәселесі бойынша жалпыхалықтық референдумның өтуі – соның тағы бір үлгі-нұсқасы. Гаага қаласында орналасқан Клингелдейл атты стратегиялық зерттеу орталығының Ресей бойынша сарапшысы Штефан де Шпильгайэр (Stephan de Spiegeleire) осылай деп санайды:

- Алып мемлекетті тікелей билік орнату арқылы тұрақтандыруға болады деген идея – саяси сахнадағы саяси ойыншылардың қатарын мейлінше қысқарту деген сөз. Өйткені, саяси ойыншылар көп болған жерде оларға жөн сілтеу, оларды билеу қиынға соғады, сондықтан да олардың көп болғаны қолайсыз. Демек, ондай жағдайды өзгерткіңіз келсе және саяси партиялардың қатарын азайтуды ойласаңыз, Сіз сайлау заңын өзгертесіз, бір мандатты аудандарды жоясыз, партиялық тізім бойынша сайлаудың ауқымын кеңейтесіз. Бұл – Мемлекетік дума өткен аптада қабылдаған заң. Міне, осылайша Сіз саяси партиялардың қатарын шектеу мен оларды оңай жөнге салу мәселесін шешіп аласыз. Енді дәл осындай амал облыстарға қолданылып отыр.

Ресейдегі бақылаушылардың көпшілігі облыс-аймақтардың қосылу идеясын қолдап шықты. Олардың пікірінше, Таймыр мен Эвенкияны 37 мың халық мекендесе, 18 мың тұрғыны бар Эвенкия үшін жекелеген аймақтық әкімшілік пен бюрократиялық штат ұстау өзін-өзі ақтамайды.

Мәскеуде орналасқан “Политика” қорының өкілі Вячеслав Никонов, халқы азын-аулақ, бірақ, табиғат ресурстарына бай осы екі аймақты 3 млн.-ға жуық тұрғыны бар Красноярск өлкесіне қосудың экономикалық маңызы бар деген пікір білдіреді:

- Красноярск өлкесі, негізінен, өнеркәсіп орталығы; ал Таймыр мен Эвенкия – шикізат өндірілетін аймақтар. Олардың Красноярск өлкесінен бөлінуі және түрлі әкімшілік бөгеттер өте тиімсіз.

Таяуда Ресей Мемлекеттік думасы төрағасының бірінші орынбасары Любовь Слиска мұндай қосылу науқаны Ресейдің қазіргі 89 облыс-өлкесі шамамен тең жартысына дейін қысқарғанша жалғаса беруі керек деп мәлімдеді. Вячеслав Никонов вице-спикер әйелдің мұндай көзқарасын толық қолдайды және өзі әкімшілік бөгеттерді азайтып, Ресейді бір орталық - Мәскеуден басқаруды жеңілдетеді деп есептейді.

- Әкімшілік билік тұрғысынан, экономика тұрғысынан алғанда бұл өте дұрыс идея. Бізде облыс-аймақтардың саны тым шектен шыққан. Осыншама облыс-аймақты бір орталықтан басқару аса күрделі. Оған қоса, Ресей Федерациясының әлемдік тарихта теңдесі жоқ “матрешкадай” шағын аймақтары көп. Конституция бойынша заңдық мәртебесі бірдей бір облыс-өлкенің екінші аймақ құрамында болуы көптеген әкімшілік бөгет, шатасу туғызады. Әңгіме ең алдымен шағын облыс-өлке жөнінде болып отыр. Оларды бір-бірімен қосу керек.

Алдайда мұндай көзқарасты жұрттың бәрі қолдай бермейді. Мәскеу көшелерінде “Азаттық” радиосының орыс редакциясы жүргізген қоғамдық сауалнамасы қарама-қайшы нәтиже берді. Мысалға, мына бір әйел, Ресей басшылары әрқашанда алып жобалар жасауды жаны сүйді, бірақ өткен кезеңнің тәжірибесі – ондай алып жоба-жоспарлардың күткендегідей нәтиже бермейтінін көрсетіп берді дегенді айтады:

- Сіз білесіз бе, бұрын шағын колхоздар болатын, онда тәртіп те болды, ал оларды қосып өсіргенде тәріп жоғалды, менің жауабым осы. Шағын елдерде тәртіп те көбірек, ал біздің алып елімізде тәртіп болған емес, ал оны ұлғайтқан сайын, тәртіпсіздік те ұлғая түседі.
XS
SM
MD
LG