Accessibility links

Дж.Буш демократияны таратуға Грузияның қосқан үлесін атап өтті


Еуропаға 5 күндік сапарын Грузияда аяқтап, сейсенбі күні ол Тбилисидің орталық алаңына жиналған халық алдында сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Дж.Буш Грузияның Еуроодақ құрылымдарына кірмек мақсатын құптап, елдегі барлық сепаратистік дау-жанжалды бейбіт жолмен шешудің маңыздылығын атап көрсетті.

Сейсенбі күні Тбилисидің орталығындағы Тависуплеба немесе “Бостандық” алаңына жиналған 10-даған мың халық АҚШ пен Грузияның мемлекеттік тулары желбіреген мінберге Дж.Буш пен Михаил Саакашвили шыққан сәтте алақайлап қарсы алды. Мінберге шығысымен Дж.Буш жиналғандар алдында сөз сөйледі.

- Біз, Лора екеуіміз, осында қатар келе жатып, тебіреніп тұрып “Гамаржоба!” (Қайырлы таң!) деп айтамыз-ау деп ойладық, – деді Дж.Буш.

Жиналған халықтың алақайлаған шуына қарамастан Дж.Буш сөзін жалғастырды.

- Мен бостандыққа деген ұмтылысында қайтпас рухы мен нағыз көсем екенін көрсете білген президенттің жанында тұрғанымды мақтан етемін! - деді АҚШ президенті.

Дж.Буштың Тбилисиге сапарын Грузияның зор дипломатиялық жеңісі ретінде сезінген президент М.Саакашвили күлімсіреп одан бір қадам кейін тұрды. Өз сөзінде ол АҚШ лидерін Грузияға дос ретінде келген “көреген саясаткер” әрі “бостандық жолындағы нағыз күрескер” деп бағалады.

- Тарихта бұл қалаға көптеген империяның лидерлері аяқ басқан, бірақ олардың барлығы Грузияға басқыншылар болып келген-ді. Ал бүгін өзінің төл тарихында Грузия тұңғыш рет дүние жүзіндегі ең үлкен мемлекеттің лидерін қарсы алып отыр. Мен оны осы жерде қарсы алғанымды мақтан етемін! – деді Грузия президенті М.Саакашвили.

Әйтсе де Дж.Буш Грузияға, оның Қапқаз аймағына және бұрынғы Совет Одағының өзге республикаларына демократияны жаюға қосқан қомақты үлесін атап көрсету үшін келді.

- Соңғы айларда Бағдадтан Бейрутқа дейінгі, одан соң Бішкектегі өзгерістерді аң-таң болып үмітпен қарсы алды. Бірақ, одан бұрын Ирақта төңкеріс болды немесе Украинада “Қызғылт-сары төңкеріс” және Ливанда “Бал қарағай...” немесе “Самырсын төңкерісі” жүзеге асты. Грузияда төңкеріс жеңіске жетті, - деді Дж.Буш.

Грузин президенті М.Саакашвили Дж.Бушты Тбилиси Вашингтонды сөзсіз қолдайды деп сендірді. Оның айтуынша, демократия процесін бүкіл әлемге тарату ісінде Грузия АҚШ-қа қалтқысыз атсалысады. Ираққа басып кіргені үшін жан-жақтан ащы сынға тап болған Дж.Буш үшін М.Саакашвилидің мұндай мақтау сөздері оның құлағына әсем әндей естілсе керек.

- Ирақтың бостандығы үшін американдықтардың қанша құрбандыққа барғанын біздің мақтан ететінімізді Сіз білсін дейміз! - деп мәлімдеді грузин лидері.

Алайда Дж.Буш грузин халқын алда ұзақ та қиын-қыстау сын тосып тұр деп ескертті. Оның айтуынша, елдегі ахуалды бір қалыпқа түсіру үшін демократиялық институттарды нығайту керек. Грузия, оның атап көрсетуінше, осы мақсаттағы алғашқы шараларын жүзеге асырды.

- Сіздер экономиканы реформалау мен сыбайлас жемқорлықты ауыздықтау мақсатында қатаң шараларды қабылдадыңыздар. Сіздер азын-аулақ халықтардың құқы құрметтелетін, тәуелсіз баспасөзі гүлденген және қабылетті оппозиция қалыптасқан демократиялық қоғам тұрғызып жатырсыздар, сондай-ақ бірлікке бейбіт жолмен қол жеткіздіңіздер. Міне, жаңа Грузияда құқық ережелері бірінші кезекте тұрады және еркіндік әрбір азаматтың даусыз құқы болады, - деді АҚШ президенті Буш.

Әдеттегідей Ресей Грузияны өзінің ықпалына қарайтын ел ретінде қарастырады. Мәскеудегілердің көбі Дж.Буштың Тбилисиге сапарын Вашингтонның бұрынғы совет республикаларына батыл орнығуының белгісі ретінде қабылдап отыр.

Өз кезегінде М.Саакашвили де АҚШ-ты Кремльдің қысымына төтеп беруі үшін пайдаланбақ мақсатын онша жасырмайды. Оның көздегені – Грузияның НАТО мен Еуроодаққа мүше болып қабылдануы. Сейсенбі күні Тбилисиде сөйлеген сөзінде АҚШ президенті Грузияның Батыспен арада осылайша тығыз ынтымақтастық орнатпақ мүддесін қолдайтынын мәлімдеді.

- Грузияның Еуропа құрылымдарына қосылмақ мақсатын біз сыйлаймыз. Сіздердің НАТО-мен бұрынғыдан да тығыз ынтымақтаспақ ойын біз қолдаймыз. Трансатлантикалық қауымдастықпен жақын ынтымақтасу үшін сепаратистік дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешудің қаншалықты маңызды екенін Грузия басшылары жақсы біледі. Сонымен бірге Грузияның егемендігі мен территориялық тұтастығын барлық мемлекет құрметтеуге тиіс, - деді Дж.Буш.

Осы сейсенбі күні президент М.Саакашвили Грузияның сепаратистік 2 республикасы – Абхазия мен Оңтүстік Осетияға Тбилисидің билігін бейбіт жолмен қайта орнатпақ мақсатын тағы да қайталап айтты. Ресеймен жақын байланыс орнатқан осы 2 республика 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында Грузиядан қатты алыстап кетті.

Өткен жылы президент М.Саакашвили Оңтүстік Осетияға әскер кіргізуге бұйрық берген болатын. Екі арада болған қарулы қақтығыста кем дегенде 16 грузин жауынгері қаза болды. Ал Оңтүстік Осетия жағынан қанша адам шығыны болғаны белгісіз.
XS
SM
MD
LG