Accessibility links

Өзбек үкіметі елдегі қантөгіс үшін террористерді айыптады


Шетелдік дипломаттардың тобы өткен аптадағы қантөгістің салдарын тергеу үшін Өзбекстанның Ферғана жазығына келді. Өзбек оппозициясының лидерлері Ферғана даласындағы қантөгіс барысында 750-ге жуық адам құрбан болды деп мәлімдейді.

Алайда Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов мұны түбегейлі жоққа шығарып келеді. Ресми Ташкент үкімет әскері бірде-бір бейкүнә адамды өлтірген жоқ, қайғылы оқиғадан 169 адам құрбан болды, оның басым көпшілігін лаңкестер құрайды деген райынан қайтпай отыр.

Сәрсенбі күні шетелдік дипломаттар мен журналистердің өткен аптаның соңында сұмдық қантөгістің орны болған Әндіжанға келуі – дипломаттар мен журналистерге және өзге де халықаралық ұйымдардың өкілдеріне осы аймаққа қарай еш кедергісіз жол ашылсын деген Ұлыбритания мен басқа да батыс елдерінің Өзбекстан үкіметінен қатаң талап етуінің арқасында мүмкін болды.

Бұл сапарды Өзбекстан үкіметі ұйымдастырды. Сейсенбі күні Өзбекстанның Бас прокуроры Рәшид Қадыров өткен жұмада Әндіжанда 169 адамның қаза болғанын және арасында үкімет әскерінің 32 жауынгерінің құрбан болғанын хабарлады. Қалғандарының басым көпшілігін, деп мәлімдеді Бас прокурор, шетелдіктерді қоса алғанда, қарулы лаңкестер құрады. Алайда бұл мәліметті Өзбекстанның өз ішінде де, халықаралық қоғам өкілдері де зор күмәнмен қабылдады.

Куәгерлердің айтуы бойынша, қантөгістің ең зоры үкімет әскері Әндіжандағы билікке қарсы шеруге оқ жаудырған кезде болды. Көзі көргендердің әңгімелеріне қарағанда, шеруге шыққандардың дені қарусыз болыпты және олардың 500-ге жуығы қалада оққа ұшып құрбан болған, оның ішінде әйелдер мен сәбилер де бар болғаны айтылады.

Қан төгілген күннің ертеңінде, сенбі күні біздің тілшіміз Садриддин Әшіров Әндіжан көшелерінде туған-туысқандарын іздеп жүрген адамдарды сөзге тартқан еді. Оның бірі жан-дауысымен айқайлап: “Кеше олар кішкентай балаларды, сәбилерді, әйелдерді өлтірді. Олар өлгендердің денелерін түгел алып кетті” деп зарлап жылады.

Екінші бір ер адам: "Кеше кешкісін олар (яғни билік) өлген әйелдер мен балалардың денелерін алып кетті. Өйткені, олар әйелдер мен балаларды да “террористер” деп көрсете алмайды ғой! Тек ерлердің мәйіттерін қалдырды. Олардың өліктері бүкіл қалада шашылып жатыр” дегенді айтты.

БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша Жоғарғы комиссариаты Өзбекстанның қауіпсіздік күштерінің негізсіз де шексіз қару жұмсаған-жұмсамағанын тергеп-тексеріп көрмекші. Азаттық радиосына берген сұхбатында осы Жоғарғы комиссариаттың өкілі Хосе Диас тергеу алында тұрған қиындықтарды атап көрсетті.

- Менің ойымша, тергеу-тексеруді қиындататын нәрсе – ол қолдағы айғақ-деректердің алма-жұлма болуы және бір-біріне тіпті қарама-қайшы келуі болып тұр. Әйтсе де тергеудің нәтижесі қолымызға қандай анық ақпараттың тигеніне және үкіметтен бізге нақты қандай көмек беруіне байланысты болмақшы. Адам құқын қорғайтын түрлі механизмнің барлығын дерлік іске қосамыз. Біз тікелей Жоғарғы комиссариаттың және БҰҰ-ы Хатшылығының қандай рөл атқара алатынын көруіміз керек, - деді Хосе Диас.

Әндіжан тұрғындары шетелдік дипломаттар мен журналистердің сапарына ресми биліктің жан-жақты дайындалғанын айтады. Тұрғындардың мәлімдеуінше, кеңселер мен ғимараттар тазартылып, жөнге келтірілген, көшелер сыпырылып, сумен жуылған. Өзбек президенті И.Кәрімов сырт көзден жасыратын ештеңе жоқ деп тырысып отыр. Ол Әндіжандағы халық толқуын террористер ұйымдастырды деп үзілді-кесілді мәлімдеп, Батыстың бұқаралық ақпарат құралдарын ақиқатты бұрмалап көрсетіп жатыр деп айыптады.

- Әсіресе, Батыстың ақпарат құралдарында басталған қазіргі ауқымды “науқан” – оқиғаның алдын-алу мақсатында жүріп жатқан науқан: яғни тергеу аяқталып болғанша, Батыс қоғамының сана-сезіміне терең бойлап сіңетін сондай тартымсыз көріністі қалыптастыру. Олардың көздегені міне осы. Қоғам алдында осындай келеңсіз көріністі қалыптастыру арқылы “міне, көрдіңдер ме, Әндіжанда халықтың бейбіт шеруін атқылады” деп түсіндірмекші. Еуропаның, Америка Құрама Штаттарының және жалпы Батыстың әрбір тұрғынының көзі алдында “міне, көрдіңдер ме, Өзбекстанды бейбіт халықты аяусыз атқылайтын неткен озбыр деспот, қанішер тиран билеп отыр” деген көрініс қалыптастырмақшы. Қазіргі ауқымы кең науқанды, қыруар ақшаны жұмсаған науқанды ұйымдастырғандар осыны көздейді, - деді Өзбекстан президенті Кәрімов.

Өзбек президенті “үкімет әскері бейбіт халықты қырған жоқ” деген сөзінен қайтпай отыр. И.Кәрімовтің мәлімдеуінше, үкімет әскері тек террористерді нысанаға алған.

- Жақсы қаруланып алып, қаруын Өзбекстаннан тыс жерден алып, милицияның әскери бөліміне, одан кейін тұрақты армияның бөліміне – бригадаға шабуыл жасап, бүгін прокурор атап көрсеткендей, 305-ке жуық автоматты қаруды, жүздеген тапаша мен гранатаға және 4 қол пулеметіне ие болып, түрмеге шабуыл жасап, 600-дей тұтқынды босатады да, содан кейін “бейбіт” шеру өткізеді. Ол қалайша “бейбіт шеру” болады? – деген сауал қояды И.Кәрімов.

Алайда, өзбек оппозициясының лидерлері үкімет күштерін исламшыл ұйымға шатысы бар деген нақақ айыппен 23 адамның сотына наразылық білдіруден шыққан бейбіт шеруге оқ жаудырып қан төкті деп айыптап отыр. Оппозицияның есебі бойынша, Әндіжан мен басқа қалалардағы халық толқуы барысында 750-ге жуық халық құрбан болған. Көрші Қырғызстанға қашып кеткен өзбек босқындары шерулердің бейбіт түрде өткенін дәлелдеуге тырысып бағады.
XS
SM
MD
LG