Accessibility links

Бақайдағы Нұрсұлтан мен Сараның баспанасын полицияның күшімен бірге жеткен арнайы техника жермен-жексен етті


Шілденің 7-күні, таң азанынан, Алматы қаласының шетіндегі Бақай елді мекеніне полицияның қалың күшімен бірге келген арнайы техника осындағы ондаған тұрғынның баспаналарын жермен-жексен етіп бұзып, күреп тастады. Бақайда, негізінен, Алматыға күнкөріс қамымен Қазақстанның әр аймағынан қоныс аударған, әлеуметтік жағдайы төмен жандар тұрып жатқан еді. Жергілікті билік «тұрғындар бұл жерді заңсыз басып алған» дегенді алға тартып, соттың шығарған шешімімен оларды әлгі жерден қуып отыр.

Таңғы сағат алты жарым шамасында Бақай ауылына полиция жолды бөгемек болып тұрғандарды бұза-жара елді мекенге топ-тобымен лап қойды. Бақайлықтардың есебі бойынша, сот шешімі «заңсыз тұрғызылған» деп шығарған отыз шақты үйді бұзуға мыңға жуық полицей келді. Бақай тұрғындары олардың таң атысымен келетінін күні бұрын біліп, бейсенбіден бастап ауылға кіретін бес жолдың барлығына өздерінше тосқауыл жасаған еді. Олар мәшине доңғалағының ескі үш мың резинасын алдырып, күре жолдардың барлығын сонымен жапқан да, үй бұзушыларға тосқауыл болу үшін оны өртемек болған. Алайда, бақайлықтар кішкентай ауылға мұншама көп полицей жұмылады деп күтпегендерін айтады. Жолды көлденең бөгеген бақайлықтардың әлсіз қарсылығын полиция сүт пісірім уақытта тазартты да, олармен бірге келген төрт бірдей алып техника - бульдозерлер бірден іске кірісіп, тұрғындар баспана етіп отырған жайларды күреп, бұза бастады.

Бұл уақытта заң органдары ауылды түгел қоршауға алып, сыртқа шығар жалғыз жол қалдырған болатын. Бақай ауылы полициямен қатар өрт сөндірушілер бригадасына, жедел жәрдем қызметкерлері және арнайы әкелінген жұмысшы күшіне толып кетті. Полиция ауыл тұрғындарын бұзылатын үйлерден әрі ысырып, төрт бұрыш тәріздес сап түзеп тұрса, олармен келген әлгі жұмысшылар үйлердегі затты сыртқа тасумен айналысты.

Алғашқы қиратылған баспананың бірі - Нұрсұлтан мен Сара есімді егіз балалы Венера Исмағұлованың үш бөлмелі үйі болды.

- Міне, жаңа ғана төрт баламның үйі қирады. Ең кішкентай екі егізімнің есімдерін Сара мен Нұрсұлтан деп ырымдап қойып едім. Әкем болса - соғыс ардагері, ал шешем – көп бала дүниеге әкелген Батыр ана болатын. Маған жерді В.Храпунов беріп тұрған кезде И.Тасмағамбетов келіп жауап тастады. Сонда қайда бармақпын? Мен келдім де жерді басып алдым, - деп егіледі, әп-сәтте кішкене балаларымен баспанасыз қалған жалғызбасты ана.

Үйлерді қиратқан ірі техника тоқтаусыз жұмыс істеді. Тек, бақайлықтар жолдардағы тосқауылды өртеуге арнап дайындаған жанар-май құйылған шөлмектерді жағып үлгермегендіктен, өрт сөндірушілерге жұмыс табылған жоқ. Ал жедел-жәрдем шақырған дауыс әр жерден жиі естіліп тұрды. Алғашқы жедел жәрдем полицияның ауылға кірген кезіндегі қақтығыста зардап шеккен Шынар Оразымбетоваға көрсетілді.

- Барлығымыз тұрған жерімізге полицейлер жүгіріп келіп, сол жерде отырған апаларды ұрып жатқанда, біреуінің шынтағы маған қатты тиді. Жанымды алғандай ауырды, өзімнің жүрегім де ауырып тұр, - деді соққыны ауырсына сөйлеген Шынар.

Дәрігерлер Шынардың кеуде тұсына соққы тигенін, әйткенмен сүйегі аман екендігін айтты. Тағы бір жедел жәрдем 65 жастағы Әйткүл апаға шақыртылған. Маусымның 4-інен бастап осы күнге дейін бір айдан астам уақыт Бақайда өзгелермен бірге аштық жариялап жатқан әжейдің баспанасын арашалауға тырмысқан сәтінде қан қысымы көтеріліп, кейуана есінен танып құлапты. Дәрігер осы оқиғаны қағазына түсіргісі келіп, Айткүл апаның мекен-жайын сұрағанда, бұзылған үйді нұсқаған бақайлықтар енді бұл жерде жай қалмағандығын айтты. Баспанасын босатқысы келмегендердің тағы бірі, аяғы ауыр әйел – Мәйгүлге де полицияның ығына көнуге тура келді.

- Төрт баламмен енді қайда баратынымды айтыңдаршы, - деп аһ ұрады қос жанары жасқа толған ана.

Жұма күні полициямен Бақайға келген Алматы қаласындағы Түркісіб аудандық прокуроры Тимур Сүлейменов осы жерде «Азаттық» тілшісінің қойған сауалына берген жауабында, бұл елді мекендегі шамамен бес жүзге тарта үйдің сот шешімімен бұзылатыны 29 екенін айтты.

- Сіздің көріп тұрғаныңыз - сот шешімін орындау барысы. Қазіргі күні шамамен 29-30 үй бұзылуы тиіс. Нақтырақ айтқанда - 29 үй бүгін қиратылады, - деді прокурор.

Мұнымен қоса Т.Сүлейменов мырза әзірге барлығы заң аясында жүріп жатыр дегенді айтты. Ал Түркісіб аудандық сот орындаушыларының бастығы Айша Ағадиева болса бұзылу тиіс үйлер саны 30 деген дерек келтірді. Оның айтуынша, бұл жерді босату жөнінде тұрғындарға ескерту бірнеше рет берілген.

- Бір де біреуі өз еркімен сот шешімін орындамағандықтан бүгін мәжбүрлеп орындап жатырмыз. Бұзылып жатқан үйлердің барлығына сот шешімі бар, - деді Айша Ағадиева.

Сот шешімін орындаушылар заңды аттамайтындығын айтқанмен, ауыл тұрғыны Әлиман Оразымбетова бұзылуға тиіс емес үйлердің де қиратылып жатқандығын алға тартты.

- Сот шешімі бойынша 29 үй бұзылуы керек деп айтып жатқанымен, шын мәнінде олар барлық үйлерді қиратып жатыр. Қазірдің өзінде бұзылуға жатпайтын жиырма шақты үй қиратылды. Біз олардың бұл әрекетін үкіметке, президент Назарбаевқа, халыққа қарсы шыққандық деп есептейміз, - деді Бақай тұрғыны.

Бұл күні алғашқы жеті сағаттың ішінде Бақайда алпыс үй бұзылды дейді ауыл тұрғындары. Бақайдағы үйлерді бұзу жұмада күні бойы жалғасты. Баспанасын торудан шаршаған халық күні бүгінге дейін аштық жариялап келген орынға келіп жиналды. Сол күні Бақай ауылына Мәжіліс депутаты Амалбек Тшан, оппозициялық саясаткерлер Ораз Жандосов пен Ғалымжан Жақияновтар барып қайтты. Сонымен бірге үйлерін заңдастыруда қиыншылығы көп Әйгерім және Шаңырақ ықшам ауданының тұрғындары да Бақайға келді. Әйгерімдіктер үйлерді заңсыз деп тапқан сот қағаздарын алмағандықтан тыныш екендіктерін айтса, 115 үйдің заңсыз екендігі туралы сот шешімін алған шаңырақтықтар алаңдаулы күй кешіп отыр.
XS
SM
MD
LG