Accessibility links

Карелиядағы орыстар мен шешендер арасындағы қақтығыстар этникалық қарым-қатынастардың күрделене түскенін байқатады


Ресейдің Карелия аймағындағы өндірісті Кондопога қаласында біршама тыныштық қайта орнағандай. Мұнда өткен жексенбі күндері славян тектілер мен кавказдықтар арасында бұрқ ете қалған жанжалдан, ұлты орыс екі адам қаза тапқан соң, шиеленіс өрши түскен еді. Ашу-ызаға булыққан жастар тобы қаладағы орыс емес ұлттардың дүкендері мен кәсіпорындарына шабуыл жасап, қиратқан. Сөйтіп, жексенбі күндері орын алған бұл оқиғалар Ресейде нәсілшілдік қимылдардың тағы да көрініс бергенін байқатты.

Өткен демалыс күндері Кондопогада орын алған қақтығыстарға қатысқан 100 адамды полиция тұтқындаған екен. Мұндай нәсілшілдік қақтығыстардың шығуына шешен азаматының иелігіндегі "Чайка" атты мейрамханада тамыздың 30-ы күні этникалық орыстар мен шешендер арасында ұрыс-керіс болып, оның соңы төбелеске ұласқанда екі адам мерт болуы түрткі болған. Бұл оқиға турасында берілген барлық ақпараттар ішкілік ішіп алған мастардың әдеттегі келіспеушілік жанжалы делінгенімен, оның кесірінен екі орыс азаматының қаза табуы ашулы топтардың қарымта шабуылын туғызды.

«Молотов коктейілі» сияқты өртегіш құралдармен қаруланған жастар тобы қыркүйектің 1-2 күндері осы мейрамхана мен басқа да шешендер қожалық ететін кәсіпкершілік орындарына шабуыл жасап, қиратып, бұзып, өртеген.

Ал қыркүйектің 3-күні қаланың 2 мыңдай тұрғыны Кондопога алаңына шығып, полициядан шешендер мен кавказдық басқа да этникалық азшылықтарды бұл аймақтан шығаруды талап еткен. Ресей теледидары жастардың бірінің дүкеннің шыны сөрелерін қиратып жатқан сәтін көрсеткен. Мұндай шабуылдар 2-қыркүйек күні кешке қарай полиция келгеннен кейін ғана басылған.

Мәскеуде орын тепкен "Сова" деп аталатын адам хұқтары тобының директоры Александр Верховский былай дейді:

- Соңғы түндері де толқулар жалғасты, дегенмен де екпіні сәл бәсеңдеді, сол төбелес болған мейрамханаға өрт қоюға тырысқан, ол одан бұрын-ақ өртеніп кеткен болатын, бірақ түгел емес. Түні бойына полиция, ОМОН жасақтары жиналғандары күшпен таратып жатты.

Шабуылға шыққандардың бірқатары жергілікті ұлтшыл топтардың мүшелері болған. Адам хұқын қорғаушы Верховский бұл бұзақылық жасаушыларға Ресейдің басқа жерінен келген көптеген ұлтшылдар тобы қосылды деген ақпараттарды қостай қойған жоқ.

- Менің ойымша, олар көп болған жоқ, ол жаққа Заңсыз иммиграцияға қарсы қозғалыстың өкілдері өз жетекшілерімен барған, ал хабарларға қарағанда, сырттан келген ұлтшылдар өте аз болған, Петрозаводскіден, Мәскеуден барған, тағы қай жақтан болғандарын айту қиын, шамасы, олар өте аз болған.

Міне, мұндай нәсілшілдік негіздегі шабуылдар Ресейде кейінгі уақыттары белең алып тұр. Ресейде шетелдіктер, еврейлер мен қара түсті нәсілдер, сондай-ақ Кавказ бен Орта Азия аймағынан келген түрлі ұлт өкілдеріне қарсы соңғы жылдары шабуылдар жиілей түсті.

Өткен аптада Мәскеу базарында орыс емес ұлттың өкілдерін өлтірген жарылысты орыс ұлтының үш жас азаматы басқарды делінген хабарлар да тараған еді. Дәл осындай хабарлардан кейін Карелиядағы қақтығыстар орын алды.

Бұл жарылысты Шешенстанның Мәскеу қолдайтын үкіметінің басшысы Рамзан Қадыров қатты сынға алған болатын. Кеше сөйлеген сөзінде Қадыров бұл қақтығыстар үшін жергілікті билікті айыптай келе, егер қажет болса, өзінің бұған араласудың заңды жолдарын табатындығын айтқан.

Бұл оқиғалардың кең етек алуына жергілікті биліктің кінәлі екендігімен Верховский де келіседі. Ол полиция жанжал шыққан сәттен-ақ оқиға ішінде болғанымен, олар көбіне енжарлық танытты деп бағалайды.

- Жергілікті билік енді ғана жағдайды өз бақылауына ала бастады, алдағы түні не боларын көреміз, тынышталатын шығар, өйткені, қосымша күштер келді, бірақтар шаралар қолға алынды, - дейді ол.

Верховский мұнымен қатар қала басшылығы алғаш ұрыс-төбелес шыққан "Чайка" мейрамханасының шешен қожайынының мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарды деп айтты.

Және де Кондопогада тұратын, шыққан тегі кавказдық барлық тұрғындардың құжаттары тексеріліпті. Егер заңсыз орналасып алғандар болса, олардың бәрі де аймақтан шығарылмақшы.
XS
SM
MD
LG