Accessibility links

Қазақстандағы ұлттық-демократиялық ұйымдар өкілдері Алматыдағы Республика алаңының астынан сауда ойын-сауық кешенін салуға қарсы болып отыр


Қаңтардың 24-і күні Алматыда өздерін Қазақстанның ұлттық –демократиялық күштері өкілдеріміз деп санайтын бір топ азамат қала әкімі Иманғали Тасмағанбетов пен «Базис-А» корпорациясының президенті Александр Беловичке үндеу жариялады. Олар қала әкімшілігінің Республика алаңының астынан сауда ойын-сауық орталығын салу туралы шешіміне наразы. Үндеу жариялағандар Қазақстан тәуелсіздігінің бастауы болған желтоқсан оқиғасы орын алған Республика алаңын сауық-сайран орталығына айналдыруға болмайды дейді.

Алматы әкімдігі мен «Базис-А» құрылыс корпорациясының «Алмалы» сауда және ойын сауық кешенін салуды қолға алуын елдегі бірқатар қазақ ұлттық ұйымдары «бұл - тарих алдындағы қиянат» деп бағалап отыр.

«Бұл жаңалық төбемізден жай түскендей әсер етті. Өйткені, әр елдің өзі сыйлайтын тарихы, дәстүрі болады. Өзін-өзі сыйлайтын ел ешуақытта тарихи маңызы бар нысандарға қол сұғуға жол бермейді. Бұл алаңда ұл-қыздардың, ұландардың қаны төгілді. Қазақстан тәуелсіздігінің бастауы болған үлкен дәуірлік оқиға сол жерге алып келіп ойын-сауық орталығын саламыз, дейді. Бұған төзуге болмайды деп есептеймін. Егер тқөзетін болсақ, біз өзімізді өзіміз сыйламайтын, халық атын лайық емес бір тобыр болып шығамыз», - дейді саясаткер Жасарал Қуанышәлі.

Өткен аптада қала әкімі Иманғали Тасмағанбетов Алматыдағы Республика алаңында Алмалы деп аталатын көп салалы жер асты қоғамдық орталығының іргетасы қаланады. Тәуелсіздіктің бастауы болған алаң енді түбегейлі өзгереді деген болатын. Ол Сәтбаев көшесінде бой көтеретін кешеннің жалпы аумағы – 100 000 шаршы метр құрайды. Тереңдігі 20 метрге жететін көпшілікке арналған орталықта 1000 көлікке арналған автопаркинг және кинотеатрлар, балаларға арналған алаңқайлар, аттракциондар, бильярд клубы, боулинг орталығы, бірнеше мейрамханалар мен кафелер, 200-ге жуық дүкендер мен дүңгіршектер, мұз айдыны, шағын картинг, ролл-дром, интернет-кафе, түнгі диско-клуб, фитнес центр орналасады. Қысқасы, мұнда келгендер тәуліктің кез келген уақытында өзіне керекті тауарын алып, отбасымен көңілді дем алуына мүмкіндік жасалады деп жобаның тұсаукесерін жасаған болатын. Бұл халық арасында түрлі пікір тудырған еді.

Осыған орай, оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясы өткен апта аяғында «тарихи орындарға ойын сауық мекемесін салуға болмайды», деп мәлімдеме жасапта үлгерген еді. Ал бүгін қала әкімі мен құрылыс корпорациясы басшысы атына үндеу жариялап отырған азаматтар «Нағыз Ақ жол» партиясының мәлімдемесін толықтай қолдаймыз дейді. Солардың бірі жазушы Ғаббас Қабышұлы:

«Қазақстанның тарихы қиянаттан құтылмайтын болды. Тәуелсіз Қазақстанның тарихы ол – 1986 жылғы жастарымыздың жанпидалықпен жасаған көтерілісінен басталу керек. Ал біз керісінше істеп отырмыз. Сол алаңда қаншама жастардың қаны төгілді. Бұл алаң 20 жылдан бері тоғыз жолдың торабы болып автокөліктің астында жатыр. Ол аз болғандай енді оның астына бірнеше қабат дүкен, мейрамханалар орналастырмақ болып жатыр. Бұл о бастан желтоқсан оқиғасының мән маңызын кеміткісі келген билік басында отырған адамдардың әрекеті», - дейді.

«Бәріміз кешегі күні Кеңестер заманында өмір сүрдік. «Аврораны» да , Қысқы сарайды да жақсы білеміз. «Аврорасы» да, Қысқы сарайы да, Мәскеуде - Қызыл алаңы да әлі күнге сақтаулы тұр. Олар қиратқан жоқ. Ол тарих үшін керек. Мына желтоқсан да бізге тарих үшін керек», - деді журналист Рысбек Сәрсенбайұлы.

Ұлт жанашырларының көтеріп отырған мәселесі маңызды, деген кәсіпкер Рахым Айыпұлы:

«Осы елдің азаматы ретінде Алматы қаласының көркеюіне, қазіргі заманға сай мәдени орталықтардың бой көтергендігіне қарсы емеспін. Қаланы дамыту деген - бар нәрсені қирату емес. Кез-келген мәселеде біз ұлтымыздың, тарихымыздың атына кір келтірмеуіміз керек. Ол халыққа пайда келтіру керек», - дейді.

Ал өз пікірін бөліскен зейнеткер Кәрішал Асанов:

«Билік сауық-сайран орталығын салам десе салсын. Басқа да алаңдар жетеді ғой. Оны неге ескі алаңның, болмаса 28 панфиловшылар паркінің астынан салмайды? Нағыз орталық, халық көп жүреді. Митингі өткізейік десе ылғи Сарыарқаға барып өткіз дейді. Осы ойын-сауық орталығын неге сол Сарыарқаның астынан салмайды?», - дейді.

Қала әкімі Иманғали Тасмағанбетов пен «Базис-А» корпорациясының президенті Александр Беловичке хат жолдаған жоғарыдағы азаматтар бұл мәселеге халықты үн қосуға шақырды.
XS
SM
MD
LG