Accessibility links

Назарбаев: Жаңаөзендік жастарға ақша мен арақ берген


Нұрсұлтан Назарбаев Кремльдегі келіссөздер кезінде. Мәскеу, 19 желтоқсан 2011 ж.
Нұрсұлтан Назарбаев Кремльдегі келіссөздер кезінде. Мәскеу, 19 желтоқсан 2011 ж.

"Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер кезінде жастарға 20 мың теңгеден ақша мен арақ берген, полиция өзіне бағынбаған топты жуасыту мақсатында әуелі аспанға, кейін жерге қарата оқ атқан" деп мәлімдеген президент Назарбаев Маңғыстау облысында жергілікті органдар өкілдері мен мәслихат депутаттарымен кездесуінде.

Желтоқсанның 23-і күні мемлекеттік "Хабар" агенттігі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың содан бір күн бұрын Маңғыстау облысына барған сапары туралы бейнесюжет көрсетті.

Маңғыстау облысында жергілікті органдар өкілдері және мәслихат депутаттарымен кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев желтоқсанның 16-сы болған оқиға кезінде әлдекімдердің "қару таратқаны" туралы айтты.

- Сіздер бұның барлығы қалай болғандығын өте жақсы білесіздер. Бейбіт халық мерекеге келді, міне осы бұқараға мас әрі қарулы арандатушы адамдар араласты - шолақ мылтық таратылған. Барлығы қасақана жасалды. Ал бұл мезетте полицейлердің қолында ешқандай атыс қаруы болған жоқ, міне олардың бастарынан ұрды, олар құлап қалған кезде көмекке ұмтылғандардың ешқайсысын жақындатпады. Олар бұл жағдайда не істеу керек еді? Егер оларға шабуыл жасалса, онда олардың қару қолдануға заңды құқығы бар. Дегенмен ештеңеге қарамаған полицейлер соңғы мезетке дейін әуеге оқ атты, одан қайран болмаған соң жерге ата бастады, ал арандатушылар мен ұйымдастырушылар халықты алға жетелеп отырды. Тергеу - бұл бір күннің мәселесі емес, - деді Назарбаев.

Қазақстан президенті Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер кезінде "жастарға арақ пен ақша берген" деп мәлімдеді.

- Арандатушылар өз істерін жасап, бой тасалады. Олардың жартысын біз қазірдің өзінде ұстадық, дегенмен Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғандар тіпті бой көрсетпеген. Жаңаөзенде әрбір жасқа 20 мың теңгеден беріп, арақ ішкізген, - деген Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол Жаңаөзендегі оқиғаларға кінәлілер анықталады деп мәлімдеді.
Жаңағылар жасарын жасады да, қашып кетті. Бірақ жартысы ұсталды. Ал, енді барлығын осыны дирижировать етіп отырған Жаңаөзенге келген де жоқ. Сырттан отырып жасады. Ана оңбағандарды іздейміз.

- Мен мұның барлығын жасаған мұнайшылардың өздері деп айта алмаймын, айтпаймын. Бірінші мәселе - біз осының барлығын табуымыз керек. Халыққа ақиқатты айтуымыз керек. Жаңағылар жасарын жасады да, қашып кетті. Бірақ жартысы ұсталды. Ал, енді барлығын осыны дирижировать етіп отырған Жаңаөзенге келген де жоқ. Сырттан отырып жасады. Ана оңбағандарды іздейміз. Қай жерде болса да, дүниенің қай түкпірінде болса да іздеп табамыз оларды. Биыл таппасақ, ендігі жылы табамыз. Бір айдан кейін табамыз ба, қашан табамыз, шындықты шығартамыз. Сот болады, жауапқа тартылады. Ал енді анау топырмен келіп, құр әншейін барлығын алып кеткен адамдарды жазығы жоқ болса босатады. Келгені үшін оны соттаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Екінші мәселе - жоқ жерде жарық күннің ортасында адамдар қаза болды. Соған мен көңіл айтайын деп келдім. Олардың ешқандай жазығы жоқ еді. Әрбір қайтыс болған баланың қалай болғанын тексертеміз. Жеке, жеке. Мән-мәнісін. Мен айтып отырғаным жоқ, мыналарды қорғап қаламын деп. Мына жақ кінәлі ма, ана жақ кінәлі ма, барлығын анықтаймыз. Оған сеніңдер, - деді президент Назарбаев.

please wait

No media source currently available

0:00 0:03:47 0:00
Жүктеп алу



Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстаудағы "мән-жайды, мұндағы түйткілдердің түп-төркінін жақсы білетінін, бірақ, жекелеген лауазым иелері оған оқиға шиеленіспей шешілетінін айтып, теріс ақпарат бергенін" айтып берді.

- Мен баяғыда келетін едім, жазда. Ойбай, барлығы дұрыс болып жатыр. Бармай-ақ қойыңыз, қазір шешіледі. Өздері қазір тынышталады. Сөйтеміз, бүйтеміз деді. Сентябрьде келем дедім. Барлығы облыстың бастығы да, «Қазмұнайгаз» барлығы келісіп жатырмыз, барлығы үйтті бүйтті деді де алдады. Сол үшін мен «Қазмұнайгаздың» бастығын орнынан алып, мынау Ләззат Қиыновты қойдым. РД-ның бастығын орнынан алып, анау Айдарбаев Аликты қойдым. Жаңа әкім тағайындалды, - деді Назарбаев.
Мен баяғыда келетін едім, жазда. Ойбай, барлығы дұрыс болып жатыр. Бармай-ақ қойыңыз, қазір шешіледі. Өздері қазір тынышталады. Сөйтеміз, бүйтеміз деді.

Бұдан соң ол алдағы уақытта «Өзенмұнайгаздың» төңірегінде жаңа өндіріс орны ашылатынын хабарлады.

- Ол бұрғылау компаниясы болады. Сол бұрғылау компаниясының құрылысы жүреді бір жылдың ішінде. Сол бір жылдың ішінде барлығын жұмысқа аламыз бұрынғы жалақысымен. Сонан кейін құрылыс біткеннен кейін бұрғышы бұрғышылығына барады, өзінің мамандығына, оператор операторлығына, машина жүргізуші машина жүргізушілігіне. Қазір құрылысқа кіріседі, - деді Қазақстан президенті.

Өз сөзінде Назарбаев тәуелсіздік мерекесі тойланып жатқан күні болған оқиғаны "ту сыртынан пышақ ұрғанмен бірдей" деген теңеу айтты.

- Олардың бәріне айтыңдар. Қорықпасын, мұнайшылар, ешкімнен. Мен қазір тапсырма беремін. Ешкім оларды қамамайды, ұстамайды, олар келіп, сөйлесіп, жағдайды білмесек қалай біз оларды орналастырамыз. Осыменен мынадай сұмдықты тоқтатыңдар. Масқара болмайық. Тура тойлап жатқан күні бүкіл Қазақстан мына жерден келді де, арқаңнан пышақ ұрғандай деген болады ғой, дәл сондай жағдайға келтірді.
Осыменен мынадай сұмдықты тоқтатыңдар. Масқара болмайық. Тура тойлап жатқан күні бүкіл Қазақстан, мына жерден келді де, арқаңнан пышақ ұрғандай деген болады ғой, дәл сондай жағдайға келтірді..

Мен солай болды екен деп Маңғыстау жұртына сіздерге айып тағып, көңілім өзгереді деп отырғам жоқ. Қазағым менің, осы қай түкпірінде тұрса да қазағым менің. Сайлағанда әнеугүні жаппай дауыс беріп, сайлаған өздеріңізсіздер. Қалай мен жек көрем сіздерді. 362 әулиенің тұрған жері қасиетті, солардың аруағына күл шашпаңдар. Олардың қаһарына қалмаңдар. Ұят болады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған дейін ресми орындар Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиға салдырынан 15 кісі қаза болғаны туралы мәлімдеген еді, дегенмен де ресми емес мәліметтерді жеткізушілер
құрбан болғандардың саны бұл айтылғандардан көп дейді.

Сонымен бірге Жаңаөзендегі жағдайға қатысты желтоқсанның 17-і наразылық білдіріп, Шетпе станциясында теміржолды жапқан тұрғындармен қақтығыста полиция оқ атып, 1 адам қаза болып, 12 адам жараланғаны хабарланды.
XS
SM
MD
LG