Accessibility links

Әблязовтың туыстарына "жалған құжат жасағандар" сотталды


Мұхтар Әблязовтің туыстарына жалған төлқұжат жасады деген айыппен сотталған Жомарт Күшәлиев пен Асылбек Сайфуллин. Атырау, 4 маусым 2013 жыл.
Мұхтар Әблязовтің туыстарына жалған төлқұжат жасады деген айыппен сотталған Жомарт Күшәлиев пен Асылбек Сайфуллин. Атырау, 4 маусым 2013 жыл.
"Атырау қалалық соты қуғындағы саясаткер, банкир Мұхтар Әблязовтың туыстарына жалған төлқұжат жасады деген қылмыстық іске қатысы бар бір топ адамға үкім шығарды" деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Тергеу деректері бойынша, Әблязовтың туыстарына - үш баласы мен әйелі Алма Шалабаевадан және оның төрт жақынынан пара алып, оларға 2009-2012 жылдары жалған төлқұжат жасады деген қылмыстық іске жеті адамның қатысы бар.

Сот көші-қон полициясының бұрынғы қызметкері Жомарт Күшәлиевті "ірі көлемде пара алды" деп айыптап, тоғыз жылға соттады. Көші-қон полициясының тағы бір бұрынғы қызметкері Күзембаева "бірнеше рет пара алды" деп айыпталып, жеті жыл екі айға бас бостандығынан айырылды.

Көші-қон полициясының тағы бір бұрынғы қызметкері Искаковаға "қызмет бабында жалған құжат жасады" деген айып тағылып, 2 мың айлық есептік көрсеткіш (шамамен 3 миллион 400 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Бұдан өзге "Эллис Регион" кәсіпорнының қызметкері "пара алуда делдалдық жасады" деген айыппен екі жылға сотталды. Тағы бір адам осындай айыппен шартты мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Осы іске қатысы бар делінген көші-қон полициясының қызметкері мен облыстық әділет департаментінің қызметкеріне рақымшылық жасалып, жазадан босатылды.

Бұған дейін Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен оның кәмелетке толмаған қызы Алуа Әблязованың Рим қаласы маңында тұрып жатқан жерінен 1 маусымда Қазақстанға депортацияланғаны хабарланған еді. 3 маусымда бас прокуратура Алма Шалабаевадан Алматы қаласынан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынғанын мәлімдеген.

"БТА банк" директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кетіп, Лондонға қоныс тепкен. Кейінірек Ұлыбритания оған саяси баспана берді. Қазақстан үкіметі Әблязовты 5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, ұлыбританиялық сотқа жүгінген.

2012 жылғы ақпанда Лондон соты Мұхтар Әблязовты "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов апелляциялық шағым жазғанымен, Ұлыбритания соты шешімді өзгертпеді.

Мұхтар Әблязовқа қарсы Ресейдің заң орындары да қылмыстық іс қозғап, 2010 жылы Мәскеу соты оны тұтқынға алу туралы сырттай үкім етті. Әблязов бұл істердің саяси астары бар деп санайды. Қазір бизнесменнің қайда екені белгісіз.
XS
SM
MD
LG