Қазақстан ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев қызметінен кетті. Бұл туралы ақпарат агенттіктері таратқан ақпаратты Ақорда баспасөз қызметі растаған.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев тиісті шешімді бейсенбі күні түстен кейін Ақордада өткізген кеңесте жариялаған. Кеңеске парламент палаталарының төрағалары, премьер-министр, президент әкімшілігінің басшысы, үкімет мүшелері мен мемлекеттік органдар басшылары қатысқан.
45 жастағы Ерболат Досаев елдің бірнеше аймағында үкіметтің «жер сату» жоспарына қарсылық білдірген шерулер өтіп жатқан шақта қызметінен кетті. "Жер дауы" наурыздың соңында Досаевтың биыл 1 шілдеден бастап ауыл шаруашылығы жерлерінің жеке меншікке аукцион арқылы сатылатыны және шетелдіктерге жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылатыны туралы мәлімдемесінен соң басталған. Жер заңына үкімет ұсынған өзгерістерді былтыр күзде парламент енгізіп, президент бекіткен еді.
Ұлттық экономика министрі орынбасары Қайырбек Өскенбаевтың да қызметтен босатылғаны хабарланды.