Коррупциялық айып бойынша сотталған Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов екі жылға жуық түрмеде қамауда болғаннан кейін бүгін бостандыққа шықты. Бұған дейін оның жазасының қалған бөлігін бас бостандығын шектеу түріне алмастыру туралы Қарағанды облысы Абай аудандық соты шығарған қаулы күшіне енген болатын.
Қарағанды облысы Қарабас кентіндегі АК 159/18 колониясынан босап шыққаннан кейін қақпа алдында өзін қарсы алған журналистердің сұрағына берген жауабында Ахметов «үйге баратынын» айтқан деп хабарлайды жергілікті ақпарат агенттіктері.
Серік Ахметов Қарағанды облысының әкімі, Қазақстан премьер-министрі, елдің қорғаныс министрі тәрізді қызметтерді атқарған Серік Ахметов 2015 жылғы желтоқсанда "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" және "өкілетін асыра қолданды" деп айыпталып, 10 жылға сотталған. Ахметов сот барысында өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. Сот оның дүние-мүлкі тәркілеп, 5 жыл мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салған. 2016 жылғы наурызда апелляциялық инстанция Серік Ахметовтің жазасын 10 жылдан 8 жылға азайтқан. Кейін оның жазасының өтелмеген мерзімінің төрттен бірі Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық бойынша азайтылған.