Accessibility links

Зимбабведе шетел елшілері Мугабемен және әскерилермен кездеспек


Харареде президент Роберт Мугабенің үйқамаққа алынған туралы газет хабарламасы жанынан өтіп бара жатқан адам. Зимбабве, 16 қараша 2017 жыл.
Харареде президент Роберт Мугабенің үйқамаққа алынған туралы газет хабарламасы жанынан өтіп бара жатқан адам. Зимбабве, 16 қараша 2017 жыл.

Зимбабведе 16 қараша күні кешірек шетелдік елшілер үйқамаққа алынды деген президент Роберт Мугабемен және төңкеріс жасағанын жоққа шығарған әскерилермен кездеседі деп жоспарланып отыр. Оппозиция басшысы, шетелде қатерлі ісіктен емделіп жатқан Морган Цвангираи да 15 қараша күні түнде Зимбабве астанасы Харареге оралғаны хабарланды. Оппозиция басшысы, Мугабенің басты саяси қарсыласы Цвангираидің оралуы келіссөзде Мугабе кезеңінен кейінгі саяси дағдарысты реттеу жайы талқыланады деген әңгімені қоздата түсті.

Оңтүстік Африка республикасы төрағалық жасайтын Оңтүстік Африка елдерін дамыту достастығы да 16 қараша күні кешке Ботсванада жиналып, Зимбабведегі жағдайды талқыламақ.

Зимбабведе 15 қарашада әскерилер Харареге танк пен бронды техникалар кіргізіп, мемлекеттік ZBC телеарнасын басып алған. Телеарнадан сөйлеген әскерилер өкілі президент Мгабе мен оның отбасы "қауіпсіз жерде екенін" айтып, Мугабенің айналасын "қылмыскерлерден тазартып жатқанын" мәлімдеген. Кейін Associated Press (AP) агенттігі әскерилер Роберт Мугабені қамауға алды деп хабарлаған. Бұған дейін армия қаржы министрін тұтқындаған.

Роберт Мугабе Зимбабвені ел Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған 1980 жылдан бері, 37 жыл бойы басқарып келеді.

XS
SM
MD
LG