Accessibility links

Адвокат: Әсет Нұржаубайға абақтыда қысым көрсеткен


Алматыдағы тергеу абақтыларының бірінің алдында тұрған полиция көліктері (Көрнекі сурет)
Алматыдағы тергеу абақтыларының бірінің алдында тұрған полиция көліктері (Көрнекі сурет)

Алматыда "экстремизм" қылмысына қатысты күдікпен қамауға алынған азамат Әсет Нұржаубайдың адвокаты Кәмила Толыбаева Азаттыққа айыпталушы отырған СИ-18 тергеу абақтысына барып, қорғауындағы азаматтың хал-жағдайын білгенін хабарлады. Демалыс күндері бірқатар құқық қорғаушы әлеуметтік желіде “саяси сипаттағы айыптар бойынша” күдікке ілінген Әсет Нұржаубай есімді азаматтың тергеу абақтысында соққыға жығылғаны туралы хабарлаған еді.

- Әсетті көрдім. Ол болған жайтқа байланысты менің атыма өтініш жазды. 28 шілде күні таңертең түрмедегі тәртіпті бақылайтын бөлім өкілі Әсетті аудио-видео жазылмайтын бөлмеге апарып, “камерада ұйықтадым” деп жазып бер деп қысқан. Негізі камераның ішінде ұйықтауға болмайды ғой. Ал Әсет Нұржаубай “егер мен ұйықтамасам, неліктен жазуым керек?” деп жазбай, керісінше түрме бастығының атына камерада ұйықтамағаны туралы хат жазған. Айтқанын орындамағаны үшін жаңағы бөлім өкілі Әсеттің бүйрегінен екі рет ұрып, қолын қайырып, тәсіл қолданған. Дәл сол күні үлкен дау болып, түрмеге Алматы қалалық прокурорының орынбасары келіп, болған оқиға бойынша акт жазған екен. Бірақ мен ол актіні көре алмадым, қазір көшірмесін сұратып жатырмын, - дейді Кәмила Толыбаева Азаттық тілшісіне.

Адвокат түстен кейін Алматы қалалық прокуратурасына барып, бұл оқиға бойынша қандай шара қолданатыны туралы ақпарат сұрап, өтініш тастаған. Ол өтінішке жауап екі апта уақыт аралығында келетінін айтады. Оның сөзінше, қазіргі кезде Әсет Нұржаубайдың жағдайы бірқалыпты.

Адвокаттың айтуынша, Әсет Нұржаубай Қылмыстық кодекстің "экстремистік ұйым құру және оның қызметіне қатысу", “экстремистік ұйымның әрекетіне қатысу” және “алаяқтық” баптары бойынша күдікке ілінген.

Азаттық тілшісі тергеу изоляторына хабарласқанымен, ол жерден жауап ала алмады.

Кейбір құқық қорғаушылар Әсет Нұржаубай тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының белсендісі болғанын, әлеуметтік желіде азаматтардың әлеуметтік проблемасын көтергенін жазады. Бірақ Әсет Нұржаубай елде ұйым қызметіне тыйым салынғаннан кейін мүшеліктен шыққан.

Әсет Нұржаубайды полиция 5 сәуір күні ұстаған, 6 сәуірде сот оны қамауға санкция берген.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG