Accessibility links

Рысқалиевтер сотында "бизнесінен айырылған кәсіпкер" өкілі жауап берді


Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасы, мәжілістің экс депутаты Аманжан Рысқали және тағы сегіз адамның үстінен сот процесі жалғасты.

Рысқалиевтер мен олар құрды деген топ мүшелерінің құқығын адвокаттар Жүнісбеков, Назарбек, Есбосын және Қосымбаев қорғап жатыр.

Қарашаның 13 күні жалғасқан сот мәжілісінде "Бергей Рысқалиевтің нұсқауымен заңсыз иеленген пәтерлер мен бизнеске" қатысы бар куәлерден жауап алынды.

Атыраулық бизнесмен Махмұд Мералиевтің өкілі ретінде сөйлеген адвокат Жұмаханова Рысқалиевтердің бизнесменге тиесілі "Брандо" және "Приоритет финанс" фирмаларының 50% пайыз үлесін "күштеп иеленгенін" айтты.

Адвокат Жұмаханованың сөзінше, Аманжан Рысқали пен оның әйелі Тұрсын Рысқалиева және Бергей Рысқалиевтің туысы Рүстем Әлбақасов кәсіпкер Махмұд Мералиевтің бизнесінің жартысын "егер келіспесе ісі жүрмейтінін айтып" тартып алған. Мералиев соттан "Цеснабанктегі" аресте жатқан 22 миллион 500 мың теңгесін босаттыруды сұрайды. "Бұл қаражаттың сотталушыларға қатысы жоқ және ол қылмыстық жолмен келген ақша емес" деді адвокат сотта.

Рысқалиевтің құқығын қорғап жатқан адвокаттардың бірі бұған ешқандай фото, видео жазба дәлелдердің жоқтығын айтып, кәсіпкердің өзінің келуін талап етті.

12 қараша күнгі сот процесінде Атырау облысы әкімдігі аппаратының қызметкерлері жауап берген. Бергей Рысқалиевтің тұсында облыстық қаржы департаменті басшысы, оның орынбасары болған және қазіргі облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева жауап берген. Іске қатысқан мемлекеттік айыптаушы Досбол Бақытжанов одан "Теңізшевройл" компаниясына салынған 37 миллиард теңге айыппұлдың қайда кеткенін сұрады.

"Заңға сәйкес, эмиссия облыстық бюджетке, ал айыппұл республикалық бюджетке түсуі тиіс. Ал "Теңізшевройлдан" түскен айыппұл эмиссия ретінде рәсімделіп, Қызылқоға ауданын газдандыруға, көпірлер салуға жұмсалды" деді ол.

Ағайынды Рысқалиевтер және сегіз адамға қатысты сот процесі 18 қазанда басталған. Оларға ұрлық, алаяқтық жасады, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленді, жалған кәсіпкерлікпен айналысты, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды, ұйымдасқан топ құрды, қызмет өкiлеттiгiн теріс пайдаланып, пара алды және жалған құжат жасады деген бірнеше айып тағылған. Айыптау актісінде Бергей Рысқалиевтің "Атырау облысы әкімдігінің өзге лауызымды тұлғаларымен бірлесіп, мемлекеттік сатып алулар арқылы мемлекеттің аса көп мөлшердегі ақшалай мүлкін иеленгені айтылған. Мемлекетке келген зиян 72 миллиард теңгеге бағаланып отыр.

Бергей Рысқалиев мұнайға бай Атырау облысын алты жылға жуық уақыт басқарып, 2012 жылы жазда қызметінен босатылған. Сол жылы күзде Бергей Рысқалиевтің інісі, парламент мәжілісінің депутаты Аманжан Рысқали "өз өтінішімен" депутаттық мандатынан бас тартқан. Біраз уақыттан соң Рысқалиевтерге іздеу жарияланған, бірақ олардың қайда екені біраз уақытқа дейін белгісіз болып келді.

Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бұған дейін "күдіктілер Қазақстан аумағынан тыс жерде және тергеуден жалтарып жүр" деп, оларды бірнеше рет Астанаға тергеуге шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG