Жаңаөзен қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының "полицияға бағынбады" деп танып, Азаттық тілшісі Сәния Тойкенге айыппұл салған 12 наурыздағы қаулысына Тойкен түсірген шағымды қарауды бүгін, 1 сәуірде Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық алқасы кейінге қалдырды.
Бұған прокурор Дүйсенбаевтің "журналист Сәния Тойкен тәртіп бұзды" деп хаттама толтырған полицейлерді процеске куәгер ретінде қатыстырып, қайта тергеу үшін шағымды қарауды кейінгі қалдыру жайлы өтініші себеп.
Апелляциялық шағым түсірген тарап – Сәния Тойкен мен адвокаты Ғалым Нұрпейісов бұған қарсы шыққанымен, судья Кәзила Сағындықова прокурордың өтінішін қанағаттандырып, сот отырысын кейінге қалдырған.
Келесі сот отырысы қашан өтетіні әзірге белгісіз.
Адвокаттың сөзінше, полицейлерді тергеудің ендігі қажеті жоқ.
- Полицейлерді Жаңаөзен соты тергеді. Оларды шақырып, қайта тергеудің қажеті жоқ. Себебі біз күшіне енген сот қаулысына шағым түсірдік. Полицейлерді тергеудің бізге ешбір пайдасы жоқ. Судья біздің айтқандарымызды елеген жоқ. "Келесі отырсын уақытын келісіп алайық" дегенімді тыңдаған да жоқ. Сот процесі дұрыс өтуі үшін болуы тиіс байланыс жоқ, - дейді адвокат Ғалым Нұрпейісов.
12 наурызда Жаңаөзендегі жұмыссыздар наразылығынан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді Жаңаөзен соты "полицияға бағынбады" деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге, не 133 АҚШ доллар шамасында - ред.) көлемінде айыппұл салған.
Сәния Тойкеннің үстінен полиция толтырған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада оның "полиция талабына бағынбағаны, өзін басқа есіммен таныстырғаны, куәландырудан бас тартқаны" жазылған.
Сәния Тойкен өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол соңғы бір айда бірнеше рет ұсталды.
27 ақпанда Жаңаөзенге тұрғындар наразылығынан хабар таратуға барған Азаттық тілшілері – Тойкен мен видеооператор Санат Нұрбековті полиция ұстап, Ақтау қаласындағы полиция департаментіне жеткізген. Оларға хаттама көрсетпестен тергеп, алты сағат ұстаған соң босатқан.
Полиция ол кезде "ұстауға Шаудирова есімді азаматтың арызы себеп болды" деген.
12 ақпанда Астанада бірнеше анадан сұхбат алуға олардың үйіне барған Тойкенді полиция басқармасына алып кеткен.
1 наурызда Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир 27 ақпанда Алматы, Жаңаөзен және Орал қалаларында бірнеше журналист пен блогердің ұсталуына байланысты алаңдаушылық білдірген.
ЕҚЫҰ өкілі мәлімдемесінде "журналистердің кәсіби міндетін орындауға кедергі ететін аз уақытқа ұстау тәжірибесіне алаңдайтынын" айтқан. Оның сөзінше, "әлеуметтік наразылық пен қоғам үшін маңызды мәселелерді көпшілікке жеткізу міндетін атқарған журналист кәсіби жұмысы үшін жазаланбауы тиіс".
ПІКІРЛЕР