Accessibility links

OCCRP: "Астана LRT" компаниясының экс-жетекшісіне Интерпол арқылы іздеу жарияланды


Астана LRT құрылысы. Нұр-Сұлтан, 17 шілде 2019 жыл.
Астана LRT құрылысы. Нұр-Сұлтан, 17 шілде 2019 жыл.

Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) хабарлауынша, «Астана LRT» компаниясының бұрынғы жетекшісі Талғат Арданға Интерпол арқылы іздеу жариялаған. Ардан үш жыл бойы Қазақстанда алғаш басталған жеңіл рельсті транспорт (LRT) құрылысын басқарып, 2017 жылы қызметтен кеткен.

Бір жылдан кейін Қазақстан прокуратурасы Арданның үстінен тергеу бастаған. Ол «қызметін асыра пайдаланды, қаржы жымқырды» деген күдікке ілінген. Ал жақында Қазақстанның жемқорлыққа қарсы қызметі Арданға қатысты іс қозғап, сотқа оны қамауға алу туралы шағым түсірді. Сот бұл шағымды қанағаттандырды. Өткен аптада Интерпол Арданды халықаралық іздеу жарияланғандардың қатарына қосты.

Astana Times басылымы 5 тамызда LRT құрылысы баяулағанын, қала билігі жоба бюджетін 350 миллион долларға дейін қысқартқанын хабарлады. Ал Нұр-Сұлтан әкімдігі бірнеше ай бұрын тоқтап қалған LRT құрылысын жалғастыруға тырысып жатыр.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев LRT жобасының бюджетін сынаған. «Астана LRT» жобасына алдымен 1,8 млрд доллар бөлінген. Кейін Қазақстан осы жоба үшін Қытайдың даму банкінен 1,5 млрд доллар қарыз алған. 250 млн доллар жұмысын тоқтатқан «Астана банкінде» қалған.

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов қаржы үнемдеу үшін LRT аялдамаларының саны 18-ден 11-ге дейін қысқаратынын, LRT транспортының саны 19-дан 12-ге дейін азаятынын айтқан. Қазақстан қаржы министрлігі құрылысты аяқтап, Қытай алдындағы қарызды қайтару үшін облигация шығаруды ұсынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG