Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігінің “Феминита” тобын тіркеуден өткізбей қойғанын сынады. 2015 жылдан бері елде бейресми түрде жұмыс істейтін "Феминита" Қазақстандағы ЛГБТ (лесби, бисексуал, транссексуал) өкілдерінің құқығын қорғаумен айналысады.
13 қыркүйекте жарық көрген "Қазақстан феминистік топты тіркеуден өткізбеді" атты мақалада HRW ұйымы Алматы қалалық әділет департаментінің "Феминита" тобын тіркеуден бас тартқанын, бұл бойынша өткен екі сот инстанциясының да департаментті қолдағанын сынайды.
Ұйымның жазуынша, билік "Феминита" ұйымының үкіметтік емес ұйымдар туралы заң ережелерін орындамай отырғанын айтқан, бірақ "тіркеуден өту үшін не істеу керектігін" нақтылап түсіндірмеген. Тіркеу бойынша істі қараған судья ұйымның мақсаты “рухани-моральдық құндылықтарға қайшы және қоғамда отбасының рөлін дамытпайды” деп тұжырым жасаған.
“Олар біздің жұмысымызды жүйелі түрде жалғастыртпаудың жолын іздейтін сияқты. Қазақстанда ұзақ уақыттан бері лесби, бисексуал, трансгендер әйелдер бар және мұндай шешім оларды қоғамнан тұтастай алшақтатып тастаған сияқты көрінеді” деген "Феминита" тобының белсіндісі Жанар Секербаева HRW ұйымына.
"2015 жылы Қазақстан арнайы заңды өзгертіп, үкіметтік емес ұйымдарға тіркелуді міндеттеді" деп еске салған HRW елде "Феминитадан" бөлек, тіркеуден өте алмай отырған ұйымдар бар екенін, Қытайдағы этникалық қазақтардың қысымға ұшырауы мәселесін көтеріп жүрген "Атажұрт еріктілері" ұйымын мысал ретінде келтіреді. HRW елде тіркелмеген ұйымның жұмысына араласқан адамдар әкімшілік жазаға тартылуы, оларға көп айыппұл салынуы мүмкін екенін де жазған.
Қазақстанның "Азаматтық және саяси құқықтары" туралы халықаралық пактіні қабылдағанын алға тартқан HRW бұл "пакті бірлестік аясында бірігу құқығын құрметтеуді талап етеді" деп атап өткен.
"Осы конвенцияның орындалуын қадағалайтын [БҰҰ-ның] Адам құқығы комитеті "идеяларын бейбіт түрде таратып жүрген қауымдастықтардың өмір сүруі, жұмыс істеуі (оларды үкімет немесе қалың жұрттың құшақ жая қарсы алуы шарт емес) - демократиялық қоғамның темірқазығы" деп үнемі қайталап айтып келеді" делінген мақалада.
HRW ұйымы "Қазақ билігі бағытын өзгертіп, "Феминита" және тіркеуден өте алмай жүрген өзге де топтарды тіркеп, олардың елде заңды жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі тиіс. Қазақстанның мұндай тәуелсіз ұйымдардан қорқуына еш негіз жоқ және олардың жұмыс істеуіне рұқсат ету туралы міндеттемелерді мойнына алған" деп түйіндейді.
Ұйымның жазуынша, "Феминита" тобы 2015 жылдан бері бірнеше рет тіркеу туралы өтініш берген, бірақ қанағаттандырылмаған.
Биыл наурыз айында Қазақстандағы адам құқықтары мәселесі туралы резолюция қабылдаған Еуропарламент елде "ЛГБТ өкілдеріне қысым көп екенін" сынаған.
ПІКІРЛЕР