Accessibility links

Шымкентте көрші ауылдың балалары "өлімші етіп сабап кеткен" жасөспірім қайтыс болды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

2 маусымға қараған түні Шымкент қаласы Тоғыз ауылының тұрғыны 17 жастағы Абзалбек Өткіров Түркістан облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде қайтыс болды. Бұл туралы Азаттыққа марқұмның ағасы Алмаз Өткіров хабарлады.

Өткіровтің айтуынша, 23 мамыр түнде інісі мен оның жанындағы екі баланы көрші Маятас ауылының бір топ баласы өлімші етіп сабап кеткен.

- Бауырымды көрген кезде құлағынан, басынан қан ағып жатты. Тырнақтары алынып кеткен. Есін білмей жатты. Есін білмеген күйі қайтыс болды, - дейді Алмаз Өткіров.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ауыр жарақаттан миына қан кеткен Абзалбек Өткіровтің қайтыс болғанын растады. Ол жан сақтау бөлімінде есін жинай алмаған күйі қайтыс болған.

Шымкент қалалық полиция департаменті оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу жүріп жатқанын айтады. Оқиғаға кәмелет жасқа толмаған балалар қатысқандықтан қалалық прокуратура өзге ақпаратты таратуға полицияға рұқсат бермеген.

Қалалық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенбидің айтуынша, 26 мамырда қалалық тергеу соты оқиғаға байланысты төрт адамды екі айға қамауға алу туралы санкция берген. Олардың үстінен қылмыстық кодекстің "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабымен іс қозғалған. Күдіктілердің үшеуі - кәмелет жасына толмағандар.

Қалалық прокуратураның баспасөз қызметімен байланысу мүмкін болмады.

Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы төбелес жиі болып тұрады. Былтыр қарашада Ақтөбе облысында мектеп оқушылары төбелесіп, 9-сынып оқушысы қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG