АҚШ мемлекеттік департаментінің Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша бюросы Қазақстан үкіметін белсенді Әлнұр Ильяшевтің азаматтық құқығын бұзбауға шақырды. "Нұр Отан" партиясын сынап, әлеуметтік желіде пост жазғаннан кейін "төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты" деп айыпталған Ильяшевтің бостандығын сот осы аптада 3 жылға шектеген еді.
"Сөз бостандығын құрметтеу кез келген гүлденген демократияның қазығы. Қазақстан үкіметін Әлнұр Ильяшевтің құқықтарын қалпына келтіріп, барлық азаматтарға қудаланудан қорықпай пікірін ашық айтуға рұқсат етуге шақырамыз" делінген бейсенбі күні жарияланған twit-хабарламада. Оны халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы да қолдады.
22 маусымда Алматы соты Әлнұр Ильяшевтің бостандығын үш жылға шектеп, 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуді міндеттеген, бес жылға қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салған.
Полиция Ильяшевті 17 сәуір күні ұстап әкетті. Ол Facebook-те “Нұр Отан” партиясын жемқорлық жайлады деп жазып, биліктің коронавирус эпидемиясына қарсы әрекетін сынға алған болатын. Осы сөздері үшін 43 жастағы белсенді екі айдан астам уақыт бойы қамауда болды.
Сотта өзіне тағылған айыптардан бас тартқан Ильяшев тергеу изоляторынан шыққаннан кейін үкімді апелляцияға беретінін айтты.
Видео: "Биліктің мақсаты мені тұсаулау еді" (22 маусым 2020 жыл).
Бұған дейін штаб-пәтері Лондонда шоғырланған халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы да Әлнұр Ильяшевке шығарылған үкімді сынаған. "Әлнұр Ильяшев ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Оның бар жасағаны өз пікірін бейбіт түрде білдіру еді, ал билік пен оның “эксперттері” мұны қылмысқа балап, қатаң жаза қолданды" деп мәлімдеді ұйым өкілдері.
Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігі төтенше жағдайды өзін сынайтын адамдардың үнін өшіру үшін пайдаланып отыр деп бірнеше рет айтқан.
ПІКІРЛЕР