25 шілде күні Қырғызстанда өмір бойына бас бостандығынан айырылған 69 жастағы құқық қорғаушы Әзімжан Асқаров түрмеде қайтыс болды. Құқық қорғаушының өлімі туралы ақпаратты "Бир дуйно — Қырғызстан" құқық қорғау қозғалысының жетекшісі Толекан Исмаилова мен Қырғызстанның омбудсмені Токон Мамытов растады.
Ұлты өзбек Асқаров Қырғызстанның оңтүстігіндегі 2010 жылдың маусымында болған этникааралық қақтығыс кезінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және полицейдің қазасына қатысы бар деп айыпталған болатын. Қақтығыс кезінде 450-ден астам адам қаза тапқан, оның көбі өзбек ұлтынан. Ондаған мың адам елдің өзге аудандарына көшуге мәжбүр болған. Асқаров өзіне қарсы істің саяси астары бар деп мәлімдеген. Сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Апелляциялық шағымының ешқайсысы сот шешімін өзгерте алмады.
Асқаровтың хәлі нашарлағаны 20 шілде күні белгілі болған. 24 шілде күні оны колониядағы медицина бөліміне жатқызған.
Front Line Defenders құқық қорғау ұйымы осыған дейін Асқаровтың денсаулығына алаңдаушылық білдірген. Құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, 22 шілде күні адвокат Валерьян Вахитов Әзімжан Асқаровтың колониясына барып, онымен жолыққан соң оның жүре алмай қалғанын, салмақ тастағанын, түрі бозарып кеткенін, көп жөтелетінін және әзер сөйлейтінін айтқан. "Фергана" басылымының негізін қалаушы Даниил Кислов құқық қорғаушыларды Қырғызстан жазаны орындау жөніндегі мемлекеттік қызметінің жетекшісінен Асқаровқа медициналық көмек көрсетуді талап етуге шақырған. Кисловтың өзі Қырғызстан президентінен және үкіметінен құқық қорғаушыны босатуды талап еткен.
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті 2016 жылы Асқаровтың ісі бойынша қорытынды пікірін білдірген. Онда Әзімжан Асқаровтың түрмеде жатып азапталғанын, медициналық көмек алуға және әділ сот төрелігіне деген құқығынан айырылғанын мәлімдеген. Осының негізінде құқық қорғаушы үстіміздегі жылдың ақпанында Бішкек сотына жүгініп, БҰҰ комитетінің шешімі орындалмай отыр деп мәлімдеген. Қырғызстан жоғарғы соты 15 маусым күні Бішкек әкімшілік соты құқық қорғаушының Қырғызстан үкіметіне қарсы арызы бойынша істі тоқтатты деп хабарлаған.
- 2016 жылы Қырғызстанның жоғарғы соты Асқаровтың істін қарап, сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
- 2017 жылы Әзімжан Асқаров өзіне шыққан сот үкімінің күшінде қалдырылғанына наразылық танытып аштық жариялаған.
- 2018 жылы құқық қорғаушының жары Хадиша Асқарова Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековке ашық хат жаз күйеуіне рақымшылық жасауды сұраған.
- 2018 жылы “Журналистерді қорғау комитеті” (CPJ) халықаралық ұйымы Қырғызстан үкіметін Асқаровты босатуға шақырды.
ПІКІРЛЕР