Accessibility links

Марқұм Ағаділдің асына барған түркістандық белсенділер 10 тәулікке қамалды


Ағаділ асына келгендер ту көтеріп, белсендінің бейітіне бара жатыр. Ақмола облысы, Талапкер ауылы. 8 тамыз 2020 жыл.
Ағаділ асына келгендер ту көтеріп, белсендінің бейітіне бара жатыр. Ақмола облысы, Талапкер ауылы. 8 тамыз 2020 жыл.

Марқұм белсенді Дулат Ағаділдің асына барып, оның үйінен зиратына дейін жүріп шерулеткен топтың ішінде болған Түркістан облысы Төле би ауданында тұратын белсенділер Мұрат Байдәулетов, Асылжан Асабаев және адвокат, белсенді Нышанәлі Ағаділов "бейбіт митинг ережесін бұзды" деп айыпталып, 10 тәулікке қамалды. Бұл туралы Азаттыққа түркістандық белсенділер айтты. Ақпаратты Ақмола облыстық сотының өкілі Күләш Домалақова растады.

Домалақованың сөзінше, түркістандық үш белсендіні Ақмола облысы Целиноград аудандық соты жазалаған. Процесс 28-29 тамызда онлайн өткен.

Сот Мұрат Байдәулетов пен Асылжан Асабаевты 24 шілде күні Дулат Ағаділдің Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылындағы үйінен зиратқа дейін "Алға, Көше партиясы!", "Шал, кет!" ұранымен өткен шеруге қатысқаны үшін жазалаған. Ал Түркістан облысы және Шымкент қаласындағы белсенділердің құқығын қорғап жүрген қорғаушы Нышанәлі Ағаділовті 8 тамыз күні Ағаділдің асына барып, оның үйінен зиратына дейін "Алға!" және "Дулат Ағаділ" деп ұрандатқан жұртпен бірге болғаны үшін кінәлі деп тапқан.

Сотталған Нышанәлі Ағаділовтің әйелі Тазагүл Әбдірайымова Азаттыққа күйеуін полициейлер үйден алып кеткенін айтты.

- Соттың қаулысымен келісе ме, жоқ па оны айтып үлгермеді. Сотталған соң полицейлермен бірге үйге келді де, киімдерін алып кетті. Артынан қаулыны телефонмен жіберді. Өзінің денсаулығы жоқ еді. Қан қысымы жоғары. Соған алаңдап отырмыз, - дейді Әбдірайымова.

Сотталушылар жазасын Түркістан облысы Сарыағаш қаласындағы тергеу абақтысында өтеп жатыр.

Азаматтық белсенді Дулат Ағаділ ақпан айында Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған. Оның өлімінен кейін Қазақстан қалаларында наразылық шаралары өтіп, оған қатысқандар белсендінің өліміне билікті айыптаған. ІІМ "Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болды" дейді. Прокуратура белсенді өлімінен кейін ашылған қылмыстық істі жапқан.

Ағаділ қазасынан кейін оның достары мен таныстары ақша жинап, Ақмола облысы Талапкер ауылында асар ұйымдастырып, белсендінің бітпеген үйін бітірген, Кейін 8 тамызда белсенділер белсендінің шаңырағында жұртты шақырып ас берді.

Ағаділдің асына әр аймақтан барып қатысқан ондаған белсенді кейін "бейбіт митинг ережесін бұзды" деп айыпталып, жазаланды.

Қазақстанда жұрт бейбіт митинг өткізу үшін билікке алдын ала ескертуі тиіс, әкімдік ескертілмеген биліктің бәрін заңсыз деп танып, қатысушыларын жазалайды.

Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстанның "Бейбіт митинг туралы" заңын жиі сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG