ЕКІ ІС ҚОЗҒАЛҒАН БЕЛСЕНДІГЕ АЛҒАШҚЫ ҮКІМ
14 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық №2 соты 43 жастағы Ербол Есхожинды полиция өкілдерін "қорлағаны" үшін кінәлі деп тауып, оған 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (ақпан айындағы АЕК бойынша жиынтығы 212 080 теңге немесе шамамен 500 доллар) айыппұл салды. Бұл – Қылмыстық кодекстің 378-бабымен ("Билік өкілін қорлау") оппозициялық белсендінің үстінен қозғалған екі бірдей істің алғашқысы бойынша шыққан үкім.
Қылмыстық іске белсендінің биыл 20 қаңтар мен 3 ақпанда Нұр-Сұлтандағы "Бәйтерек" монументі мен АҚШ елшілігі алдында саяси тұтқындарға бостандық беру талабымен өткен наразылық акциясында полиция қызметкерлеріне "Назарбаевтың күшіктері" деп айтқан сөзі себеп болған.
Қылмыстық-процестік кодекстің еш нормасы сақталмады. Істі бес ай тергеді.
Онлайн режимде өткен сотта белсендіні қорғаған адвокат Ольга Эннстің айтуынша, прокурор Ербол Ибрагимов белсендіге 80 сағат қоғамдық жұмыс міндеттеуді сұраған. Судья айыппұлмен жазалауды ұйғарған. Адвокаттың сөзінше, 26 тамыздан бері 5 отырыс өткен сот процесі барысында сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі өтіп кеткені жайлы және басқа да бірнеше өтінішін судья Айбек Әмірғалиев ескермеген.
– Қылмыстық-процестік кодекстің еш нормасы сақталмады. Істі бес ай тергеді. Ал процестік нормаға сәйкес, қылмыстық істі тергеу – екі ай, ал хаттама бойынша бір ай жүруі керек. Есхожиннің үстінен іс ең қарапайым форма – хаттама негізінде қозғалып тұр. Оның бір жыл тергелуі мүмкін емес. Сот бұған байланысты тергеу орындарына "сөзбұйдаға салды" деп жеке ұйғарым шығарумен шектелді, – деді Ольга Эннс Азаттыққа 14 қыркүйекте.
Адвокат сот процесі барысында жәбірленушілер – Нұр-Сұлтан полициясының криминалистері Абылайхан Сәулембеков пен Арман Түскеевтің сөзінен жаңылысып, қобалжып, түрлі дәйек келтіргенін айтты. Жәбірленушілерден немесе олардың өкілдерінен сот үкіміне байланысты пікір алу мүмкін болмады.
Былтырдан бері "заңсыз шеруге қатысқан" деген айыппен алты рет әкімшілік қамауға алынып, жиынтығы 85 күн абақтыда отырып шыққан Ербол Есхожин сот шешімімен келіспейді. Өзіне қарсы істің саяси астары бар деп санайтын белсенді айыппұлды төлемейтінін, сот үкіміне апелляциялық шағым беретінін айтады.
– Мен [айыппұлды] төлей алмаймын, одан да түрмеге қамасын. Судья адвокаттың "процестік уақыт өтіп кеткені туралы" дәйегіне "өзінің тікелей парақшасында айтты, оны қаншама халық естіді" деген уәж атты. Билік белсенділер қатары көбейіп кетеді деп сескеніп отыр. Бірақ адамдар бойындағы үрейден баяғыда арылған, – дейді ол.
Адвокат Ольга Эннс әуелде Ербол Есхожиннің үстінен бір бап бойынша қозғалған екі іс бір өндіріске біріктірілгенін, бірақ кейін сот айыпталушы жаққа хабарламай, екі істі екі бөлек қарауды ұйғарғанын айтты. Адвокаттың арызына байланысты Есіл аудандық соты "қылмыстық тәртіпбұзушылық әрекеттер қосылмайды" деген шешім шығарған.
Ербол Есхожин үстінен биыл наурызда қылмыстық іс қозғалғанын тек тамыз айында "жұртты заңсыз митингіге шақырды" деген әкімшілік айыппен 15 тәулікке қамалған кезде бір-ақ естігенін айтады. "Билік өкілін қорлау" бабымен қозғалған екінші іс бойынша соттың кезекті отырысы 17 қыркүйекте Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық сотында жалғасады.
"БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ҚОРҚЫТУ АМАЛЫ"
Биыл жазда Ербол Есхожин ақпан айында Нұр-Сұлтан абақтысында жұмбақ жағдайда көз жұмған оппозициялық белсенді Дулат Ағаділдің Ақмола облысы Талапкер ауылындағы құрылысы аяқталмаған үйін асар жасап бітіру туралы бастама көтерген. Кейін белсенділер жұрттан қаржы жинап, үйді салып бітіріп берген. Марқұмның отбасы құрлысы біткен үйде ас берерден бір апта бұрын билік Есхожинді "жұртты 6 маусымда заңсыз митингіге шығуға шақырды" деген айыппен әкімшілік қамауға алған. Жақтастары билік оны Дулат Ағаділдің асына қатыстырмау үшін абақтыға жапты деп санайды.
Талапкерде жұрт Дулат Ағаділді еске алды. 8 тамыз 2020 ж.
Полиция Ағаділдің асы алдында және асынан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында ондаған белсендіні "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деп айыптап, әкімшілік жауапқа тартқан. Олардың көбі – Қазақстанда саяси реформалар жүргізу, әділ сайлау өткізу, саяси тұтқындарды босатып, сөз бостандығын шектемеуді талап етіп, елді президенттік жүйеден парламенттік басқару жүйесіне көшіруді қолдап жүрген белсенділер.
8 қыркүйекте Қазақстан бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Ағаділдің асынан соң жауапқа тартылғандар туралы Азаттықтың сұрағына:
– Олар асқа қатысқаны үшін емес, карантин кезінде көшеге заңсыз шеру, митингіге шыққаны үшін жауапқа тартылды. Жауапқа тартылған адамдар барын білемін, бірақ нақты санын қазір сізге айта алмаймын, – деп жауап берді.
Қазақстандық "Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының есебінше, кейінгі бір жарым айда елде 168 адам әкімшілік жауапқа тартылған: 113 адам әкімшілік қамауға алынып (үшеуі әлі отыр), 58 адамға айыппұл салынған. Бұдан бөлек үстінен "тыйым салынған ұйымға қатысы бар" деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған бірнеше белсенді қазір тергеу абақтысында отыр. Олардың кейбірін өткен аптада құқық қорғаушылардың "Тірек" қоғамдық альянсы Қазақстандағы саяси тұтқындар тізіміне енгізді. (Қазақстан билігі елде саяси тұтқын жоқ дейді.)
"Ар.Рух.Хақ" ұйымы жетекшісі Бақытжан Төреғожина Нұр-Сұлтан сотының Ербол Есхожинге шығарған үкімі – үкіметті сынап жүрген белсенділерді қорқыту деп санайды.
– Бұл – қорқытудың бір амалы. Нұр-сұлтандық белсенділерді "Көше партиясын" құру туралы бастама көтерген алматылық белсенділер сияқты 405-бап ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") бойынша жауапқа тартуға ілік таба алмады. Сондықтан Ербол Есхожин мен Айбек Сәбитовті 378-бап бойынша жауапқа тартып жатыр. Мұның бәрі оларды қоғамдық белсенді қызметтен бас тартуға мәжбүрлеу мақсатымен жасалып отыр, – дейді Төреғожина.
"Көше партиясы" мен ҚДТ қозғалысы
2020 жылы мамырда Нұр-Сұлтан соты тіркелмеген "Көше партиясын" "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп, қызметіне тыйым салған. 2018 жылы Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, тыйым салған тіркелмеген ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы қарарында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысы мен "Көше партиясына" тыйым салу туралы шешімін жарияламаған. Билік өзі тыйым салған ұйымды қолдаушыларды қудалап, ондаған адамды жауапқа тартқан, кейбіріне қылмыстық іс қозғап, соттаған. ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын құқық қорғаушылар жауапқа тартылғандар негізсіз қудаланды деп біледі.
1 қыркүйекте парламентте Қазақстан халқына жолдауын жариялап, бір жарым сағатқа жуық сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарына екі минутке жетер-жетпес уақыт тоқталды. Ол адам құқықтары мәселесіне "басымдық" беру, бұл салада "аса маңызды жаңа шаралар қабылдау" қажетін айтқан.
Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр президенттіктен кеткен соң оның орнына сайланған Тоқаев елде демократиялық өзгерістер жасаймын деп уәде еткен еді. Құқық қорғаушылар Тоқаевтың билігі тұсында елде саяси көзқарасы үшін қудалауға ұшырап, қамалғандар көбейгенін айтады. Елде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары тапталғаны туралы хабарлар жиі естілген сайын биліктің Тоқаев айтқан "қоғаммен диалог орнататын" әрі халық үнін "еситін" мемлекет құруға ешқандай талпыныс жоғы айқындалып келеді дейді олар.
ПІКІРЛЕР