Accessibility links

"Назарбаевтың күшіктері" дегені үшін сотқа тартты. Белсенді Ербол Есхожиннің ісі


Белсенді Ербол Есхожин (ортада) мен оның адвокаты Төлеген Шаиков әкімшілік сот залында. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.
Белсенді Ербол Есхожин (ортада) мен оның адвокаты Төлеген Шаиков әкімшілік сот залында. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.

Нұр-Сұлтан сотында белсенді Ербол Есхожиннің қылмыстық ісі қаралып жатыр. Полицейлер оның сөзін қорлау деп қабылдаған. Тәуелсіз сарапшылар "Назарбаевтың күшіктері" деген сөз қорлауға жатпайды дейді. Былтырдан бері "заңсыз шеруге қатысқан" деген айыппен алты рет қамалып, жиынтығы 85 күн абақтыда отырған белсенді істің саяси астары бар деп санайды.

1 қыркүйекте Нұр-Сұлтандағы Алматы аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотының онлайн режимде өткен кезекті отырысында 43 жастағы жергілікті белсенді Ербол Есхожиннің ісі бойынша айыпкердің куәгерлері Айдар Мүбәраков пен Нұрсұлтан Тастаев сөйледі. Бұдан бөлек сот белсендінің сөзінде билік өкілін қорлау белгісі жоқ деген қорытынды жасаған тәуелсіз сарапшыны да тыңдады.

Нұр-Сұлтан полициясы Ербол Есхожиннің үстінен Қылмыстық кодекстің 378-бабымен ("Билік өкілін қорлау") екі бірдей қылмыстық іс қозғаған. Екі іс екі бөлек қаралады. Белсенді 181 парақтан тұратын алғашқы іс материалымен "бейбіт митинг заңын бұзғаны" үшін әкімшілік соттың шешімімен кезекті рет 15 тәулік абақтыда отырып шыққан соң танысқан.

Полиция оны 30 шілдеде ұстап әкетіп, қамаған болатын. Есхожин биыл ақпанда Нұр-Сұлтан абақтысында жұмбақ жағдайда көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің Ақмола облысы Талапкер ауылындағы құрылысы аяқталмаған үйін асар жасап, бітіру бастамасын көтерген. Кейін белсенділер үйді салып бітіріп берген. Марқұмның отбасы құрлысы біткен үйде ас берерден бір апта бұрын Есхожин әкімшілік қамауға алынды. Полиция Ағаділдің асы алдында және асынан кейін ондаған белсендіні "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деп айыптаған.

"НАЗАРБАЕВТЫҢ КҮШІКТЕРІ"

Белсенді өзінің үстінен қозғалған қылмыстық іс полиция өкілі Дәулет Құрмановтың "Facebook әлеуметтік желісін мониторинг жасап отырып, Ербол Есхожиннің Қылмыстық кодекстің 378-бабының 2-тармағына сай келетін қылмыстық әрекетін көргені" туралы жазған рапортына негізделгенін айтады. Есхожиннің сөзінше, қылмыстық істерге биыл 20 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы АҚШ елшілігінің, 3 ақпанда Бәйтерек монументінің алдында Қазақстан билігінен елдегі саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылық акциясы кезінде полиция өкілдеріне айтқан сөздері себеп болған.

– Мен пикетке шыққан кезде бізді видеоға түсіріп тұрған криминалист "Міне, күшіктер келді" және "Назарбаевтың күшіктері" деген сөздерімнің ар-намысына тигенін жазған, – дейді белсенді.

Есхожиннің ісі бойынша жәбірленуші саналатын Нұр-Сұлтан полициясының криминалистері Абылайхан Сәулембеков пен Арман Түскеев АҚШ елшілігі мен Бәйтерек монументі алдындағы рұқсат етілмеген жиынға қатысқандарды түсіруге барғанда өздеріне бір адамның "Міне, күшіктер келді", "Назарбаевтың күшіктері" деп айтқанын растап, ол сөздер өз "ар-намысына тигенін" айтып, куәлік берген.

Тергеу орындарының сұрауымен белсендінің айтқан сөздеріне сараптама жүргізген Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сот сараптамалары институтының аға сарапшысы Зиядам Абдулжанова "билік өкілін қорлау сипатындағы сөз бар" деген қорытынды шығарған.

Ербол Есхожиннің полицейлерге айтқан сөзіне тергеу органының сұрауымен сараптама жүргізген Нұр-Сұлтандағы сот сараптамалары институтының маманы Зиядам Абдулжанованың қорытындысы.
Ербол Есхожиннің полицейлерге айтқан сөзіне тергеу органының сұрауымен сараптама жүргізген Нұр-Сұлтандағы сот сараптамалары институтының маманы Зиядам Абдулжанованың қорытындысы.

"Ит (күшік) – үй жануары, ол жыртқыш емес, бірақ метафоралы мағынада қолданылғанда жаман, оңбаған мағынасын білдіріп, дисфемистік метафора бола алады. Аталмыш "күшік" зоосемантикалық метафорасында (тұлғаны үй жануарына теңеу) әдеби тіл нормалары сақталған, бірақ қоғамдық-ізгілік қағидаларына қайшы келетін лексема болып табылады. Аталмыш сөзді адамның жеке басына қатысты бағалауыштық сипатта пайдалану тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау сипатты деп қорытынды беруге болады" деген сарапшы Зиядам Абдулжанова.

ТӘУЕЛСІЗ САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Алайда белсендінің адвокаты Ольга Эннстің сөзінше, тәуелсіз сараптама "Есхожиннің сөзінде ар-намысқа тию емес, жақтырмау белгісі ғана бар" деп қорытынды жасаған.

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Рахила Қарымсақова "Назарбаевтың күшіктері" дегенді адамды қорлайтын сөзге жатқызбайды. Ол кейінгі кезде сот сараптамасының қылмыстық айыптауға жиі ілік болатындығына сараптамалық тәжірибенің субъективтілігі себеп деп санайды.

– "Назарбаевтың күшіктері" дегеннен ауызекі сөзде жиі қолданылатын дәстүрлі баға беру метафорасын көріп тұрмын. Бұл жерде ешқандай ар-намысқа тию жоқ. Заң тұрғысынан алғанда да метафораға тыйым салынбаған және [бұл жерде] дөрекі түрдегі қорлау сөзі қолданылмаған, – дейді Рахила Қарымсақова.

Бұл пікірге сөз бостандығын қорғаумен айналысатын "Әділ сөз" қоғамдық қорының сарапшысы Ғалия Әженова да қосылады.

– Күшік деген сөзді жасы кіші адамдарға олар өз абыройын төгетіндей оғаш қылық жасап, өрескел іс-қимылға барса, "жасың кіші ғой, неге бұлай істейсің" деген тұрғыда қолданып жатады. Жасы кіші болған соң менторы, тәрбиелеушісі бар шығар дегендей астарлы мағына береді. Бірақ бұл қорлау сөзге жатпайды, – дейді ол.

"ӘДІЛЕТСІЗДІКТІ КӨРІП, БЕЛСЕНДІ БОЛДЫМ"

Адвокат Ольга Эннс қорғауындағы Ербол Есхожинге негізсіз айып тағылып отыр деп біледі.

Адвокат Ольга Эннс Целиноград аудандық полиция басқармасында тұр. Ақмола облысы, 4 тамыз 2020 жыл.
Адвокат Ольга Эннс Целиноград аудандық полиция басқармасында тұр. Ақмола облысы, 4 тамыз 2020 жыл.

– Іс материалдарында Есхожинді сипаттайтын жазбалар мен оны әр уақытта белсенділігі үшін ұстаған әкімшілік хаттамалардан басқа ештеңе жоқ. Үш полицейдің оның сөзін естіп қалып, қатты намыстанғаны жөнінде арызы ғана бар. Бірақ ол үшін қылмыстық іс қозғау – сорақылық, – дейді адвокат.

Белсендінің өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істің саяси астары бар деп санайды.

– Дулат Ағаділдің үйін салуды ұйымдастыруым елдің барлық аймағындағы белсенділердің, қарапайым адамдардың бірігуіне ықпал етті. Билік біздің бірігуімізге кедергі жасау үшін осы екі істі қозғап отыр. Ашылған іс полицияға шақыртса да, қамап қойса да себепші болады, – дейді ол.

Жұрт асар ұйымдастырып салған Дулат Ағаділдің үйіне марқұмның асына жиналған адамдар. Талапкер ауылы, Ақмола облысы, 8 тамыз 2020 жыл.
Жұрт асар ұйымдастырып салған Дулат Ағаділдің үйіне марқұмның асына жиналған адамдар. Талапкер ауылы, Ақмола облысы, 8 тамыз 2020 жыл.

Ақтөбе облысының тумасы Ербол Есхожин 2001 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. Өрт сөндіру саласында мемлекеттік қызмет атқарған, кейін қысқартуға іліккен соң әртүрлі мекемеде жұмыс істеген. Айтуынша, біраз уақыт жеке бизнеспен айналысып көрген, талай рет әкімшілік кедергіге де тап болған.

– Базардың ішінде орналасқан кафені жалға алдым. Жалдау құны 500 мың теңгеден түспеді. Тапқан табысым жалдау құнын төлеуден аспады. Қала әкімдігіне қосымша жұмыс орнын ашатынымды айтып, көмек те сұрадым. Заңның жұмыс істемейтінін, бастықтар мен шенеуніктердің әділетсіздікке, заңсыздыққа баратынын көрдім. Сол кездері, 2016 жылы Атыраудан басталған жер митингілерін сырттай бақылап жүрдім, – деді Ербол Есхожин.

Ербол Есхожин (үстіңгі қатарда сол жақта), Дулат Ағаділ (астыңғы қатарда ортада) түрмеде отырған саяси тұтқындар мәселесіне арналған белсенділер жиынында. Нұр-Сұлтан, 21 мамыр 2019 жыл.
Ербол Есхожин (үстіңгі қатарда сол жақта), Дулат Ағаділ (астыңғы қатарда ортада) түрмеде отырған саяси тұтқындар мәселесіне арналған белсенділер жиынында. Нұр-Сұлтан, 21 мамыр 2019 жыл.

Кейіннен қоғамдағы заңсыздықтарға қарсы акцияларға қатысып, белсенділікпен айналысуына кезінде Дулат Ағаділдің көп ықпал еткенін айтады. Оның бұл ісін билікте істейтін кей туыстары жақтырмағанын да жасырмайды.

– Митингіге шығуды, белсенділікті қойсаңшы деп көндірмекші де болды, бірақ мақсатымнан қайтпаймын деп айттым, – дейді Есхожин.

АЛТЫ РЕТ СОТТАЛЫП, 85 ТӘУЛІК АБАҚТЫДА ОТЫРУ

Ербол Есхожин полиция назарына алғаш рет 2019 жылы наурызда, Қазақстанды отыз жылға жуық басқарып, президенттік қызметтен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге қарсылық танытып, пикетке шыққан кезде ілінгенін айтады. "Астана Астана болып қалсын! Нұрсұлтанға қарсымын!" деген жазу ұстап Шапағат базарының алдына қарсылық акциясына шыққан оны полиция ұстап әкетіп, кейін ескерту жасап, қоя берген. Бірақ содан кейінгі наразылық акцияларына қатысқаны үшін белсенді әкімшілік жауапқа тартылған.

Ербол Есхожин (сол жақтан екінші) өзге белсенділермен бірге полиция департаменті алдында наразылық акциясында отыр. Нұр-Сұлтан, 24 тамыз 2019 жыл.
Ербол Есхожин (сол жақтан екінші) өзге белсенділермен бірге полиция департаменті алдында наразылық акциясында отыр. Нұр-Сұлтан, 24 тамыз 2019 жыл.
  • 2019 жылы 2 мамырда Есхожин "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деген айыппен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
  • Сол жылы 7 маусымда президент сайлауы қарсаңында полиция оның үйіне тінту жүргізіп, телефонын, балаларының компьютерін алып кеткен. Өзінің сөзінше, полиция оның үйінен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының атрибуттарын іздеген, бірақ таппаған. (Бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін ҚДТ-ны Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, тыйым салған. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.)
  • Ербол Есхожин наразылық акциясына есігін аңдып тұрған полицейлердің көзіне түспей бару үшін үйінен үстіне әйелдің киімін, басына парик киіп шыққанын айтады.
    Ербол Есхожин наразылық акциясына есігін аңдып тұрған полицейлердің көзіне түспей бару үшін үйінен үстіне әйелдің киімін, басына парик киіп шыққанын айтады.
    Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен 9 маусымда белсенді Ербол Есхожин Нұр-Сұлтанда билікке қарсы митингіге қатысу үшін үйінің есігін аңдып тұрған полиция қызметкерлерінің көзіне түспес үшін үстіне әйелдің киімі мен басына парик киіп шыққанын айтады. "Жастар сарайы" алдында өткен митингіге қатысқаны үшін әкімшілік соты оны 3 шілдеде 15 тәулікке қамаған.
  • Полиция қызметкерлері алып кеткен мүлкін қайтарып беруді талап етіп, 2019 жылы тамызда Нұр-Сұлтан қалалық полиция кеңсесі алдында аштық жариялағаны үшін Есхожин 21 тамызда тағы да әкімшілік жауапқа тартылып, 15 тәулікке абақтыға жабылған.
  • Сол жылы қазан, қараша айларында басқа белсенділермен бірге Қазақстан билігінен елдегі саяси тұтқындарды босатуды, Қытай билігінен жапа шегіп жатқан Шыңжаңдағы қазақтарға қолдау танытқан бірнеше акцияға қатысқан. Осы әрекеті үшін Ербол Есқожин былтыр 16 желтоқсанда тағы 15 тәулікке қамалған.
  • Биыл 22 ақпанда ҚДТ қозғалысы жұртты шақырған митинг алдында сот оны 15 тәулікке қамаған. Ал 6 шілде күні Демократиялық партия құру туралы бастамашыл топтың митинг өткізу туралы мәлімдемесіне байланысты Facebook’тегі сөзі үшін тағы 15 күнге абақтыға отырғызған.

– Сол жолы "Бөлінбеңдер, Дулаттың арманын орындап, шығыңдар митингіге, Дулаттың құнын Ақордадан сұраңдар!" деген сөзім үшін жазалады, – дейді Ербол Есхожин.

Ол былтырғы мамырдан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы ("Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзу") бойынша алты рет әкімшілік жауапқа тартылып, жиынтығы 85 тәулік абақтыда қамауда отырды.

АҒАДІЛДІҢ ҮЙІН АСАР ЖАСАП САЛУ

Ербол Есхожин пікірлес серігі Дулат Ағаділдің биыл ақпан айында полиция үйінен ұстап әкеткен соң Нұр-Сұлтандағы абақтыда жұмбақ жағдайда қаза болғанын өзі кезекті рет әкімшілік қамауда отырып шыққаннан кейін естіпті. Ол Ағаділ "түрмеде жүрегі ұстап қайтыс болды" деген биліктің сөзіне сенбейді.

Марқұмның қырқына барған кезде Ағаділдің үйінің құрылысы аяқталмай қалғанын көріп, үзеңгілес серігінің көзі тірісінде бастаған ісін аяғына жеткізу туралы ой келгенін, оған жас күнінде басынан өткен жағдай әсер еткенін айтады. Есхожиннің сөзінше, 1991 жылы әкесі кісі қолынан мерт болған кезде, ол бастап кеткен үй толық салынып бітпей қалып, артынан жақын-жуығы асар ұйымдастырып, үйді тұрғызған.

– Дулаттың отбасы тұрып жатқан үйін айналдыра суретке түсіріп, ақша жинаймын, асар ұйымдастырамын дегенімде алғашында онша сенген жоқ. Ашып айтпаса да, құлшына құптамады, бірақ қарсылық та білдірмеді. Бастамамды өзгелер қоштады, Айжан Хамит сияқты танымал блогерлердің қолдауымен елден жылу жинадық. Бәрі халықтың арқасында іске асты. Жұрт болып жұмылып, төрт бөлмелі үйді он миллион теңгеге салып шықтық, – дейді ол.

8 тамызда Талапкер ауылында Дулат Ағаділдің отбасында марқұмға берілген асқа Қазақстанның әр өңірінен жиналған екі жүзден астам адам қатысып, белсендінің зиратына барып, құран оқыды.

Талапкерде жұрт Дулат Ағаділді еске алды. 8 тамыз 2020 ж.

"Елде әділдік болсын деп күресті". Жұрт Дулат Ағаділді еске алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:25 0:00

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, осыдан кейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Өскемен, Орал қалаларында Ағаділдің асына қатысқаны үшін ондаған адам "заңсыз шеруге қатысты" деген айыппен 10-15 тәулікке қамалып, тағы оннан астам азаматқа 83 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Белсенділер Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов пен Қайрат Қылышевтың үстінен "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деген айыппен іс қозғалған, сот шешімімен үшеуі екі айға тұтқындалып, қазір тергеу абақтысында отыр. Ербол Есхожин сияқты "Билік өкілін қорлады" деп айыпталған тағы бір белсенді Айбек Сәбитовтің ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG