Accessibility links

Блогер Айгүл Өтепованың қамауға алынғаны хабарланды


Блогер Айгүл Өтепова. Сурет Facebook-тағы парақшасынан алынған.
Блогер Айгүл Өтепова. Сурет Facebook-тағы парақшасынан алынған.

17 қыркүйекте Нұр-Сұлтан полициясы блогер Айгүл Өтепованың үйінде тінту жүргізіп, мобильді телефонын, компьютерін тәркілеген. Бұл ақпаратты Азаттыққа оның қызы Тоғжан Түзел де растады. Оның айтуынша, Айгүл Өтепованы "Facebook-тегі жазбалары үшін" Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағына сай "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деп айыптап отыр.

– Түстен кейін анам хабарласып, өзін полицияға әкетіп бара жатқанын, үйде тінту болғанын айтты. Түнгі онға дейін полиция департаментінде отырдым. Бірақ оны артқы есіктен шығарып алып кетті. Маған тергеуші "оны сараптамаға содан соң уақытша қамау изоляторына апарады" деді. Оның денсаулығы нашар, астмасы бар, – дейді Тоғжан Түзел.

Ол анасын кепілдікпен қамаудан босатып алу үшін банкке бара жатқанын хабарлады.

Айгүл Өтепованы тергеу кезінде мемлекеттік қорғаушы ретінде қатысқан Қанат Құрманбаев "тергеу құпиялығына сілтеме жасап" сөйлесуден бас тартты.

Ал тергеуші Бақдәулет Мұсаевтың телефоны сөндірулі. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі де ақпарат бермеді.

Айгүл Өтепова Facebook-те соңғы жазбаларының бірінде биліктің індетпен күрес шараларын сынап, карантинде отырған жарты жыл ішіндегі "өзгерістер" туралы айтқан.

Кейбір құқық қорғаушылар оның ұсталуын биліктің сот шешімімен тыйым салған "Қазақстанның демократиялық партиясы" (ҚДТ) қозғалысы жақтастарын қудалау ісімен байланыстырады. Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

50 жастағы Айгүл Өтепова newtimes.kz басылымында журналист болып еңбек еткен. 2015 жылы Қазақстан президенттігіне өзін үміткер ретінде ұсынып, кейін бас тартқан еді.

Жеке YouTube арнасы бар Айгүл Өтепованы жұрт "эпатаж журналист" ретінде біледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG