Accessibility links

Бас прокуратура "Әблязов ісі" бойынша Парижге қандай мәлімет бергенін айтпады


Мұхтар Әблязов.
Мұхтар Әблязов.

Француз билігі БТА Банктің бұрынғы жетекшісі, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовқа қатысты "өз бетімен тергеу амалдарын жүргізіп жатыр", оған Қазақстан тарабы араласа алмайды. Қазақстан бас прокуратурасының Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында осылай деп жазылған.

Ондағы мәліметке қарағанда, Париж Әблязовты экстрадициялаудан бас тартқаннан кейін Нұр-Сұлтан 2017 жылы француз билігіне Әблязовқа қатысты материалдар жіберіп, "тапсыр немесе сотта" принципі бойынша қылмыстық іс қозғауын сұраған.

Прокуратураның мәліметінше, француздың тергеу органдарына 2009 жылы мемлекет меншігіне қайтарылғанға дейін Әблязов басқарған БТА Банкінің "қаржысын жымқыру ісімен" байланысты мәліметтер жіберілген.

"Қылмыстық-процессуалдық заңнама талаптарына байланысты (ҚПК 201-бап, 1-бөлім) [Францияға] жіберілген өзге мәліметтер жайлы айта алмаймыз" делінген прокуратура жауабында.

Соңғы 11 жылдан бері Еуропада тұрып келе жатқан Мұхтар Әблязов қыркүйек айының соңында Франциядан саяси баспана алған. Сол кезде Азаттық бас прокуратураға сауал жолдап, ведомстводан сол жайлы пікірін сұраған еді.

"Әблязовтың Франциядан саяси баспана алу мүмкіндігі жайлы БАҚ-та пайда болған ақпаратқа келсек, бас прокуратураға ол жайлы ресми түрде мәлімет түскен жоқ" делінген жауапта.

Бас прокуратура есесіне 2011 жылы Ұлыбританияның Әблязовқа саяси баспана беріп, үш жылдан соң қайтарып алғанын еске салған. Лондон жоғарғы соты "сотқа құрметсіздік көрсеткені үшін" оны 22 айға қамады деп атап өтеді.

Бас прокуратураға сауал 8 қазанда жіберілген, жауап 14 қазанда келді.

Өткен аптада Францияда Әблязов екі күнге қамалып, сот қадағалауымен босатылды. Оппозициялық саясаткер "мұны Қазақстан билігі жасап отыр" деді. Оның адвокаты Жерар Чолакян Әблязовқа Қазақстанда қозғалған "7,5 млрд доллар қаржы жымқыру ісі" бойынша айып тағылып отырғанын хабарлады.

2018 жылы қарашада Қазақстан соты Әблязовты "2004 жылы Тұран-Әлем банктің басшысы Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берді" деген айыппен сырттай өмір бойына соттаған.

2017 жылы "ақша жымқырды", "қылмыстық топ құрды" деген айыппен 20 жылға бостандығынан айыруға сырттай үкім шығарған.

Әблязов бұл айыптардың барлығының "саяси астары бар" деп мойындамайды.

Кейінгі үш жылда Мұхтар Әблязов Қазақстан билігін сынайтын іс-әрекетінде интернетті белсенді пайдаланып жүр. Ол өзі құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) оппозициялық қозғалысының қызметі мен елдің түрлі қалаларында наразылық акцияларын әлеуметтік желінің көмегімен үйлестіріп, саяси мәлімдемелерін тұрақты жариялап отырады. 2018 жылы Қазақстан соты тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Құқық қорғаушылар ҚДТ туралы сот шешімі еш жерде жарияланбағанына назар аударады. Қазақстан билігі қозғалысты жақтайтындарды қудалап, қысым көрсетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG