"ЖАЛАУЫМЫЗ ҚЫЗЫЛ, МАҚСАТЫМЫЗ – СОЦИАЛИЗМ"
1988-89 жылдары алғаш болып Балтық жағалауындағы үш ел – Литва, Латвия және Эстония егемендігін жариялаған кезде өзге одақтас республикалардың басшылығы мен Мәскеудегі орталық оған күмәнмен қараған еді.
1990 жылдың сәуірінде СССР президенті Горбачев Литва ССР-іне үндеу жасап, одақтан шықпауға шақырды. Артынша "Одақтас республиканың СССР-ден шығуына байланысты мәселелерді шешудің тәртібі туралы" СССР заңы қабылданды. Заңның екінші бабында "Одақтан шығу туралы шешім референдуммен республика халықтарының өз ойын еркін білдіруі арқылы қабылданады" деп көрсетілген.
Алайда заңның 7-бабында "Егер референдумның заңға сәйкес өткізілгені анықталса, СССР Жоғарғы кеңесі мәселені СССР халық депутаттары съезінің қарауына енгізеді" деп жазылды. Бірақ оған қарамастан наурызда Литва тәуелсіздігі жайлы декларация қабылдап, СССР құрамынан шығып кетті.
Ал 1990 жылы 25 сәуірде Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі республика президенті етіп сайлаған Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев "... Бұл заң ертең-ақ одақтан шығу правосын жүзеге асыру мәселесі туа қалатынын әсте білдірмейді. Біздің жалауымыз қызыл, мақсатымыз – лениндік ұғымдағы ізгілікті социализм болып қала беретінін барынша жауапкершілікпен мәлімдейміз" деді.
Назарбаевтан кейін Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі СССР және одақтас республикалардың Жоғарғы кеңестеріне үндеу жариялап, "қайта құруды қорғауға, социалистік мемлекеттің бірлігін, аумақтық тұтастығын аялап сақтауға" шақырды.
Бұл кезде одақтас республикалар арасында жаңарған федерация, жаңа одақтық шарт жасау жөнінде түрлі бастама көтеріле бастаған еді. Оны Қазақ ССР-і басшылығы да белсене қолдап, шарт жобасын жасайтын жұмысшы тобына Қазақстаннан арнайы делегация енді.
Одақтың жаңа шартын жасауды белсенді қолдаған Назарбаев одақтық шарт ішінде егемен ел болуды жақтады.
Қайда асығамыз? Біз республикаға егемендіктің қажет екендігі туралы алғашқылардың бірі болып айтқанбыз.Нұрсұлтан Назарбаев, 1990 жылы қыркүйекте "Правда" газетіне берген сұхбатынан.
– Кейбіреулер мені итермелеп, жазғырғандай болады: басқа республикалар өз егемендігін жариялап, декларация қабылдап та қойды. Ал біз болсақ... Қайда асығамыз? Біз республикаға егемендіктің қажет екендігі туралы алғашқылардың бірі болып айтқанбыз, – деді ол 1990 жылы қыркүйекте "Правда" басылымына берген сұхбатында.
1990 жылдың күзіне қарай республикалық басылымдарда егемендік жариялау жөнінде мақалалар шыға бастады ("Егемендік ел мұраты", "Шын мәнінде егемендік керек", "Социалистік Қазақстан" газеті, 1990 жыл қыркүйек, тамыз).
1990 жылы 4 қазанда "Правда" газеті "Нан, темекі және егемендік" дейтін мақала жариялап, "аймақтардың егеменді оқшаулануы неғұрлым күшті болған сайын, тапшылық та соғұрлым үдеп барады" деген орталық ұстанымын білдірді.
"ОДАҚТЫҚ ШАРТҚА ҚАРАЙЛАУ"
1990 жылы 24 қазанда Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы кеңесте "Қазақ ССР-індегі өкімет құрылымы туралы" баяндама бастады. Бірақ депутаттар баяндаманы талқылауды кейінге қалдырып, "Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы" декларацияны талқылауға кірісіп кетті ("Социалистік Қазақстан" газеті, 26 қазан 1990 жыл).
Декларация жобасын талқылауға қатысқан депутаттардың сөзінше, Жоғарғы кеңестегі 360 депутаттың тоқсан пайызға жуығы құжатты қолдап, он пайыздайы қарсы болған.
"Лениншіл жас" газеті сол кездегі Жоғарғы кеңес депутаты Мұхтар Тінікеевтің "пәлен республика дербестігін алыпты, түген республика егемендігін еншілепті. Қазақстан не бағып отыр, біз қайда қарап отырмыз дейтін желікпе, үстірт, аңғал сөздерді соңғы кездері құлағымыз жиі шалатын болды. Асығыстыққа жол болсын, байыбына барайық та" дейтін пікірін берді.
Сол талқылауға қатысқан депутаттардың бірі Қуаныш Айтахановтың Азаттық тілшісіне айтуынша, Қазақстанның егемендік декларациясын өзгелерден кеш жариялауына жаңа одақтық шарттың талқылануы әсер еткен.
Біз кімнен бөлінеміз, бір одақта өмір сүре береміз деушілер көп болды. Декларация қабылданғанда орнымыздан тұрып, құшақтастық.
– Одақ шарты құқығымызды көбейтсе, одаққа бағынатын кәсіпорындарды республиканың өзіне берсе, бір одақта, бірақ егемен мемлекет болайық дедік. Біз кімнен бөлінеміз, бір одақта өмір сүре береміз деушілер көп болды. Декларация қабылданғанда орнымыздан тұрып, құшақтастық, – дейді ол.
Айтаханов Қазақстанның егемендікті жариялауды кешеуілдетуін республиканың ұлттық құрамымен де байланыстырады. Егемендігін жариялаған Өзбекстанда "өзбектер 90 пайыз", Тәжікстанда "тәжіктер 90 пайыз", ал Қазақстанда "қазақтар 37 пайыз ғана болатын және солтүстігі мен батысы, шығысында сепаратистік әрекеттер қаупі болды" дейді ол.
Сол кезде Жоғарғы кеңесте баяндама жасаған заңгер Салық Зиманов егемендік туралы декларацияның екі нұсқасы болғанын, екеуі де ескерілгенін айтты. Айтахановтың сөзінше, Жоғарғы кеңесте Марат Оспанов бастаған бір топ депутат "Демократиялық Қазақстан" тобын құрып, "Егемендік туралы декларацияның" тағы бір балама нұсқасын ұсынған.
– Ол топтың ойы дұрыс болғанымен, ұсыныстары дәл сол кездегі қоғамдық-саяси жағдайға лайық емес еді. Олар көп нәрсені күрт өзгертуді талап етті, – дейді Айтаханов.
1990 жылдардың бас кезінде биліктегі компартияның ұстанымына балама ой-пікір айтып жүрген бейресми қозғалыстар Қазақстанның даму болашағы үшін егемендік декларациясын тезірек жариялау қажет деп білді. 1990 жылы шілденің басында Алматыда "Азат" республикалық азаматтық қозғалысының құрылтайы өтті. Қозғалыс Қазақстанның жаңа шарт негізінде біріккен республикалар одағы аясында мемлекеттік егемендікке қол жеткізуін көздеді.
Назарбаев "Балтық республикалары СССР-ден бөлініп, өз бетімен күнін көре алмайды" дегенді ашық айтты.
Кейін осы қозғалысты басқарған саясаткер Жасарал Қуанышәлин егемендік туралы декларацияның кеш қабылдануына Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың СССР президенті Михаил Горбачевпен бірге одақты сақтап қалуға белсенді араласқаны басты себеп болды деп санайды.
– Одақ сақталса, Нұрсұлтан Назарбаев СССР премьер-министрі болуы мүмкін деген сөз тарады. Назарбаев "Балтық республикалары СССР-ден бөлініп, өз бетімен күнін көре алмайды" дегенді ашық айтты. Ал ірі кәсіпорындар Қазақстанда ғана емес, басқа республикаларда да тікелей одаққа бағынды. Бірақ олар оған қарамастан егемендігін жариялады, – дейді Жасарал Қуанышәлин.
1990 жылдары "Социал демократиялық партия" жетекшілерінің бірі болған Дос Көшімнің сөзінше, сол кездегі қоғамдық-саяси күштердің бір жағы егемендік, бір жағы тәуелсіздік жариялау бағытын қолдаған.
"ЕГЕМЕНДІККЕ ҚОҒАМ РЕАКЦИЯСЫ ҚАНДАЙ БОЛДЫ?"
"Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы" декларацияда "Қазақ ССР-інің өз азаматтығы бар екені және әр азаматқа СССР азаматтығын сақтап қалуға кепілдік берілетіні" көрсетілді. Биліктің барлық тармағы республиканың өзіне өтетіні, кей мәселелер одақ басшылығымен келісілетіні жазылған декларация Қазақстанның одақтан дербестігін мейлінше ұлғайтты.
Бірақ ресми баспасөзде декларацияның қабылданғаны аса үлкен оқиға емес, қатардағы жаңалықтың бірі іспетті жазылды. "Социалистік Қазақстан" мен "Лениншіл жас" газеттері парламент отырысынан "Егемендік ел үміті еді", "Егемендігіңмен!" дейтін репортаждар жариялаумен шектелді. Әдетте ірі саяси оқиғалар кезінде түрлі пікір жариялайтын газеттер бұл жолы белсенділік танытқан жоқ.
Сол кезде "Лениншіл жас" газетінің Жоғарғы кеңестегі тілшісі, "Егемендігіңмен!" репортажының авторы Ғалымжан Мелдешевтің сөзінше, "коммунистік партияның цензурасы егемендік жайлы қоғамдық пікірдің қатты күшейіп кетуінен сақтанғанға ұқсайды".
– Егемендік жайлы декларацияға қоғамның реакциясы айрықша болды деу қиын. Ол туралы хабардың өзі халыққа тез таралды деп ойламаймын. Өйткені жалғыз телеарна, бес-алты газет қана болатын, – дейді Дос Көшім.
Оның сөзінше, егемендік туралы декларацияны саяси-қоғамдық істермен айналысып жүрген белсенділер ғана Қазақстанның болашағы үшін маңызы зор, ірі оқиға ретінде бағалаған.
"ТІЗІМНЕН ШЫҒЫП ҚАЛҒАН МЕРЕКЕ"
Егемендік туралы декларация жарияланған 25 қазан 1992 жылдан бастап тойланып, 2001 жылы мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілді. Ал 2009 жылы "Республика күні" ол тізімнен шығып қалды. Қазақстан билігінің өкілдері бұған байланысты "егемендік туралы декларация бойынша Қазақстан дербес субъект ретінде танылған жоқ, 1991 жылғы тәуелсіздік декларациясынан кейін ғана Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналды" деген уәж айтады.
1990 жылдары Жоғарғы кеңесін басқарған Серікболсын Әбділдиннің бұған дейін Азаттыққа айтқан сөзіне қарағанда, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін "25 қазанды мемлекеттік мерекеге айналдыру жайлы бастаманы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген".
– Ол [Назарбаев] 1990 жылдың 25 қазаны оған Қазақстан Республикасының сайланған президенті болуға мүмкіндік береді деп түсіндірді. Шындығында Назарбаев Қазақ ССР-інің президенті болып 1991 жылы 1 желтоқсанда. Сол жылы желтоқсанның 10-ы біз бұл заңды күшіне енгіздік, ал ертеңіне ел атауындағы "Советтік Социалистік" деген сөздерді алып тастап, Қазақстан Республикасы деп атадық. Бұның барлығы заңды бұрмалау еді, – деген Серікболсын Әбділдин.
1991 жылдың қысында СССР-ді сақтап қалу туралы референдум өткізу жайлы шешім қабылданған соң Қазақстанның ресми баспасөзі "Иә" дегенді қалдырып, "жоқ" дегенді сызып тастайық, ағайын!" деген ұран тастады. Республикалық "Казахстанская правда", "Социалистік Қазақстан" газеттері бұл жағынан үндес шықты. "Социалистік Қазақстан" газеті наурыздың 16-сында "Одағымыздың тағдыры – ортақ тағдырымыз" деп жұртты референдумға үндеді.
Сөйтіп "Қазақ ССР-інің егемендігі жайлы" декларация қабылдағанына бес ай толмай жатып Қазақстан 1991 жылғы наурыз референдумында СССР-ді сақтап қалуды қолдады.
Бірақ 1991 жылғы "тамыз бүлігі" СССР-ді сақтап қалуға мүмкіндік бермеді. СССР президенті Михаил Горбачевті биліктен тайдырмақ болғандарды Ресей президенті Борис Ельцин жеңіп шыққан соң одақты сақтап қалу мүмкіндігі біржола жойылды.
ПІКІРЛЕР