10 қаңтар, сайлау күні Ақтөбеде көшеде ұсталған оннан аса белсендінің үшеуі бірнеше күнге қамалды. Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот “полицияның заңды талабына бағынбады” (Әкімшілік кодекстің 667-бабы) деп Қуантай Дабышевты үш, Жеңіс Жамановты бес тәулікке қамаған.
Сот Дабышев “тағылған айыпты мойындағандықтан” үш тәулік бергенін, ал Жаманов “айыбын мойындамағандықтан” бес тәулікке қамауға алынғанын мәлімдеді.
Соттың баспасөз қызметі полиция судьяға екі азаматтың тәртіп бұзғанын дәлелдейтін хаттама мен видео ұсынғанын айтады. Бірақ Жамановтың адвокаты Расиля Өтегенова полиция азаматтарды ұстағанда бірде-бір хаттама толтырмағанын жеткізді.
- Полиция Жеңіс Жамановты көшеде кетіп бара жатқан жерінен ұстаған. Сот залында кездескенімізде оның күртешесі жыртылған, үсті-басы лас болды. Айтуынша, бес инспектор автозакқа күштеп салған. Судьядан өз бетімен кетіп бара жатқан адамды ұстауға не себеп болғанын сұрадым. Сот залында жауап берген полиция қызметкері «қап-қара болып киініп алыпты, бетінде қара маскасы болды» деді. Жеңіс Жамановтың айтуынша, полиция ұстаған кезде оның бетінде қара маска болмаған, - дейді адвокат Өтегенова.
Сайлау күні Ақтөбедегі Орталық стадионға жақын маңнан ұсталған 56 жастағы Асқар Қаласов та әкімшілік сот қаулысымен 15 тәулікке қамалды. Ол “бейбіт митинг өткізу заңын бұзды” (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деп айыпталған.
Сот Қаласов 24 желтоқсанда Facebook желісінде жазба жариялап жұртты 10 қаңтарға митингіге шақырып, заң бұзды деп жазалаған. Адвокат Расиля Өтегенованың сөзінше, полиция Асқар Қаласовты сайлаудан бұрын үш күн бойы іздей бастаған. 10 қаңтар күні көшеде кетіп бара жатқан жерінен ұстап әкеткен. Адвокат полиция Қаласовты негізсіз ұстағандықтан сотта нақты дәлел ұсына алмады деп санайды.
- Сот залында полиция инспекторы смартфонын ашып, Асқар Қаласовтың Facebook парақшасынан жасалған скриншотты көрсетті. Қаласовтың айтуынша, оның әлеуметтік желіге тіркелгені рас. Бірақ аса белсенді қолданушы емес. Яғни, ол жұртты митингіге шақырып, жеке парақшасына жазба жарияламағанын айтады. Бірақ сот Қаласовтың сөзіне құлақ аспады. Меніңше, полицейдің смартфонындағы скриншот 60 жасқа келіп қалған адамға айып тағып, қамауға ешқандай негіз бола алмайды, - дейді адвокат Өтегенова.
Облыстық сот Қаласов “мұндай құқық бұзушылықты бір жылдың ішінде екінші рет қайталғандықтан” 15 күнге қамалғанын алға тартады. Бұған дейін Қаласов былтыр тамызда он тәулікке қамалып шыққан.
Qaharman құқық қорғау қорының мәліметінше, 10 қаңтар күні Ақтөбедегі орталық стадионға жақын маңнан полиция кем дегенде 14 адамды ұстап әкеткен. Үшеуі қамалса, 11 адамды полиция төрт сағат ұстап босатқан.
Qaharman ұйымы Ақтөбе полициясы 10 қаңтарда азаматтарды негізсіз әрі заңсыз ұстап, адвокаттардың қатысуынсыз жауап алған деп санайды.
10 қаңтарда, Қазақстанда мәжіліс пен мәслихат сайлауы өткен күні, Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Шымкент, Оралда жұрт дауыс беруге, билікке қарсы наразылыққа шықты. Оларды полиция күштеп ұстады. Құқық қорғаушылар мен Азаттық тілшілерінің есебінше, сайлау күні жүзден аса адам ұсталған.
Жұртты 10 қаңтарға митингіге "Демпартия" құрғысы келетін бастамашыл топ пен шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязовтың ҚДТ қозғалысы (Қазақстан бұл ұйымды "экстремистік" деп таныған, ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) шақырған.
Сайлаудың алдын ала нәтижесі бойынша, елдің-экс басшысы, президенттіктен кетсе де билікке ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұр Отан” партиясы мен билікшіл “Ақ жол” және Қазақстан халық партиясы мәжіліске өткен.
Қазақстандағы парламент мәжілісі және мәслихат сайлауын қадағалаған ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясы елдегі саяси науқанда "шынайы бәсеке болмады, сайлау демократиялық талаптарға сай болмады" деп бағалады. Халықаралық ұйым "Конституцияда көрсетілген еркіндіктерді жүйелі түрде шектеу сайлаушыларды шынайы таңдаудан айырды" деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР