Accessibility links

Нұр-Сұлтанда Жанболат Ағаділдің өліміне қатысты сот басталды. Істе 6 айыпталушы бар


Жанболат Ағаділ.
Жанболат Ағаділ.

4 ақпанда Нұр-Сұлтанның қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жанболат Ағаділдің өліміне байланысты қозғалған іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Бұл туралы аталған соттың баспасөз қызметі хабарлады.

- Істе алты айыпталушы бар. Олар - Назарбеков, Әбілдаев, Сыдық, Жұмахан, Асболат, Рахмет. Оларға "Бұзақылық", "Адам өлтіру", "Қылмысты жасыру", "Қылмысты хабарламау" баптары бойынша айып тағылған. Жәбірленуші де алтау, - деді соттың баспасөз қызметінің өкілі.

Істі судья Әлғожаев жүргізіп жатыр. Процесс ашық деп хабарланғанымен, алдын ала сот тыңдауына Азаттық тілшісін кіргізбеді. Сот өкілдері тілшіден коронавирус тестін талап етті.

Былтыр 11 қарашаға қараған түні Нұр-Сұлтанда азаматтық белсенді, марқұм Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділ төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, мерт болған. Полиция оқиғаға байланысты "Адам өлтіру" және "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған еді.

Ақпарат бойынша, 10 қарашада түнде жергілікті жастар Көктал мен Талапкер ауылы болып бөлініп, төбелескен. Оған нақты не түрткі болғаны белгісіз.

12 қарашада ІІМ "төбелеске қатысқандардың барлығы, негізгі үш күдікті де" ұсталды деп мәлімдеді. Ішкі істер министрлігінің тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов "іс бойынша жиналған дәлелдердің көмегімен күдіктілердің кінәсі дәлелденді" деп айтқан.

Бұған дейін іс бойынша күдікті деп танылған екі жігіттің туыстары мен адвокаттары "тергеудегі заңсыздықтарға" шағымданған.

Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және өзге қалаларда белсенділер Жанболат Ағаділ мен әкесі азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің өлімін ашық тергеуді талап еткен.

Жанболат Ағаділ - 2020 жылы ақпан айында Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлы. Дулат Ағаділ өлімінен кейін де Қазақстан қалаларында наразылық тұтанып, оған қатысқандар белсендінің өліміне билікті айыптаған. ІІМ "Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болды" деп мәлімдеген. Марқұмның туыстары биліктің нұсқасына күдік келтіріп, ашық тергеуді талап еткен. Ал прокуратура белсенді өлімінен кейін ашылған қылмыстық істі жапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG